Free

Жеңеше-ай

Text
Mark as finished
Font:Smaller АаLarger Aa
 
 
 
Қайран үміт, қайырылмас шекер үміт,
Қарт ана төсегінен көтеріліп.
Қайта бір қарап еді шымылдыққа,
Алаулап бара жатты от өріліп.
Көзін ол сүрте берді бұлдыраған,
Құлаққа күлкі естілді сыңғыраған…
Құлап түсті, дəрмен жоқ төсегіне,
Тыныштық қайта орнады тұнжыраған.
 
 
Қайтсін-ай!
Қайта тұрды қалбырақтап,
Қариясын, қайсарын алды жоқтап…
Қызуы өрлеп, кезерді жұқа ерні,
Есінен танып кетті сандырақтап.
 
 
Ақ жүзін ащы жаспен жауып алып,
Жеңешем де оралған суын алып.
Жан ұшыра қасына жеткені сол,
Өзгеріп кеткен бұлай түрі неғып.
 
 
Уақыт па, біреуге сын тағатындай,
Соқты жүрек, өмірдің сағатындай.
Шошынды ол, шынымен осынау үйде
Қаңырап, қара басы қалатындай.
 
 
Дауыстап, оятты ол балаларын,
Дабырлап, ойын бөлді даладағы үн.
«Бір менен бəрін де алып болмап па еді,
Тағы да қалып па еді қалағаның…» –
 
 
Деп, жеңешем, жылады дауыс салып,
Көрші де жеткен екен қауыптеніп,
Əп-сəтте үйдің ішін үрей билеп,
Ана жатыр төсекте арып-талып.
 
 
Жеңешем от тұтатып, жақты шырақ,
Жанына неше алуан батты сұрақ.
Сырқаттың есіне түсіп жалғыз ұлы –
Қайсарын – қайта-қайта жатты сұрап.
 
 
Ауру үнсіз, аспанға телміреді,
Сақылдап, сайды кезіп жел күледі.
Жұлдызы жымыңдайды, аспан ашық,
Неткен жалған!
Опасыз, көлгір еді.
 
 
Бар өмір көз алдына тына қалды,
Күлгенді, сезбейді енді жылағанды.
Бұл тағдыр сүймейді құлағанды,
Бермейді тұтасымен сұрағанды…
 
 
Кемсеңдеді ол сөзін ұқтыра алмай,
Қайсарын келеді деп, күтті қандай!
Кемерін толқын қанша кемірсе де,
Жан еді-ау, жылжымайтын
Мықты жардай.
 
 
Ажалдың шыныменен жеңгені ме,
Шарасы жоқ, енді оның көнбеуіне.
Соңынан ерген мынау қарғалары –
Оралып жүруші еді белбеуіне…
 
 
Жүруші еді оралып етегіне,
Мынау жалған шынымен өтеді ме.
Қимасын да ол қиып бара жатыр,
Басқа дүние, басқа өмір жетегіне.