Free

Ғарышқа саяхат

Text
Mark as finished
Ғарышқа саяхат
Font:Smaller АаLarger Aa

© Жансая Ғалымова, 2023

ISBN 978-5-0062-0580-2

Создано в интеллектуальной издательской системе Ridero

КІРІСПЕ

Адам баласын аспан әлемі ертеден бері қызықтырып келгені рас. Сенің де, құрметті оқырман, ғарыш әлеміне деген қызығушылығың осы кітапқа алып келсе керек. Бұл кітап арқылы сен ғарыш кеңістігіне бізбен бірге саяхаттап, аспан әлемінің сырларын ашып, әлем туралы біліміңді кеңейте аласың.

Кітапта ғарыш туралы ең негізгі мағлұматтар, атап өткенде:

– Күн жүйесі

– Құс жолы

– Ғарыштың зерттелу тарихы

– Зымырандар және ғарыш кемелері

– Ғарышкерлердің ғарыштағы өмірі

– Экзоғаламшарлар тақырыптары қамтылған.

Бұл кітап сенің үлкен армандарың мен мақсаттарыңның бастамасы болады деп сенеміз!

КҮН ЖҮЙЕСІ

Біздің Жер ғаламшарымыз Күнді айналатын 8 ғаламшар, кометалар мен мыңдаған шағын ғаламшарлардан тұратын Күн жүйесінде орналасқан. Меркурий, Шолпан, Жер, Марс, Юпитер, Сатурн, Уран және Нептун ғаламшарлары аталған ғарыш жүйесінің негізін құраушылар. Бұл ғаламшарлардағы орташа қалыпты температура, айналу периоды, күннің және жылдың ұзақтығы олардың Күннен ара қашықтығына байланысты өзгереді.

Күн

Күн – Жерге өте жақын орналасқан кәдімгі жұлдыз, керемет үлкен газды шар. Оның алапат тартылыс күшінің арқасында Күн жүйесі жұмыс істейді, яғни Күнді 8 үлкен ғаламшар эллипстік орбита бойымен айналып жүреді.

Күннен бөлінетін жылу мен энергия – Жер бетінде тіршіліктің негізі. Күн сәулесінің өсімдіктерге түсуінен фотосинтез процесі жүріп, тіршілік үшін маңызды оттегі бөлінеді.

Күннің жарығы Жерге 8 минутта жетеді, яғни біз әрдайым Күннің 8 минут бұрынғы бейнесін бақылаймыз.

Күннен шығатын жарық Жер бетіне кішкентай, салмақсыз бөлшек фотон арқылы 3*108м/с жарық жылдамдығымен жетеді.


Жарықтың салмақсыз бөлшегі-фотон


Жердің өз өсінен айналуынан күн мен түн ауысса, Күнді айналуының нәтижесінде жыл мезгілдері ауысып отырады.

Күннің диаметрі шамамен 109 Жер диаметріне, ал массасы 332 940 Жер массасына тең. Күннің температурасы жуықтап алғанда 5500 0С-ға тең.


Күн қалай энергия бөледі?


Жұлдыздың басты құрамдас бөліктері сутек және гелий элементтері. Күннің тартылыс күші жоғары болғандықтан, онда өте үлкен қысым пайда болады. Мұндай жағдайлар термоядролық синтездің орын алуына, яғни сутек атомдарының қосылып, гелий түзіп, жоғары мөлшердегі энергияның бөлінуіне алып келеді.



Күндегі термоядролық синтездің көрінісі

Меркурий

Меркурий Күн жүйесіндегі ең кішкентай және Күнге ең жақын орналасқан ғаламшар. Меркурийдің Күннің айналасында бір айналым жасау уақыты 87,97 жерлік тәулікке тең және бұл ғаламшарлар арасындағы ең қысқа жыл болып саналады.

Меркурий Күнге ең жақын ғаламшар болса да, оның температурасы Шолпаннан төмен. Меркурийдің бедері Айдікі сияқты кратерлерден тұрады.

Қызықты факт: Жердің Ай сияқты табиғи серігі болса, Меркурийдің ешқандай серігі жоқ.

Шолпан

Шолпан Күн жүйесіндегі Күннен ара қашықтығына байланысты екінші ғаламшар. Оның температурасы 8 ғаламшардың ішіндегі ең жоғарғысы, себебі Шолпанның атмосферасы көбіне көмірқышқыл газынан тұрады, бұл ғаламшардың бетінде парниктік эффект құрып, Күн сәулесінің атмосферадан шығып кетуіне жол бермейді.

Қызықты факт: Шолпанды түнгі аспанда жай көзбен әр 9 ай сайын көруге болады, себебі ол Айдан кейінгі ең жарық аспан денесі және Күн жүйесіндегі ең ыстық ғаламшар болып табылады.