Read the book: «Кедейшілікпен күрестің маңызы»
АЛҒЫ СӨЗ
Мен кедейлік мәселесімен ХХ ғасырдың 90-жылдары ортасында айналыса бастадым. Есімде қалғаны, 1993 жылы Германияның Штутгарт қаласында жүргенімде, досым мені Германиядағы бір үкіметтік емес ұйымға апарды. Ұйымның аты – «Әлемді асырау» (Feed the World). Сол жерде ұйымның жоба қызметкері Петер Ротчпен (Peter Rotch) таныстым. Ол дүниенің әртүрлі елдерінде жүргізіп жатқан кедейлікті жою жобаларымен таныстырды. Олармен еншілес ұйымдардың Қытайда да кедейшілікпен күрес жобаларын бастап кеткенін айтып, бірлесіп жұмыс істеуді ұсынды. Кейін оның қолдауымен Бейжің қаласының Янцин ауданында кедейлікті жою жобасын бастадым. Бұл менің ең алғашқы кедейлікпен күрес тәжірибем болатын. Ол кезде менің кедейлік мәселесі бойынша арнайы зерттеуім жоқ. Бірақ бұған дейін ауылдық жерлерде шағын несие ісімен аздап айналысқанмын. Сол кезде Қытайдың қазіргі Сауда министрлігінің Халықаралық экономикалық-техника алмасу орталығы мені Юньнань өлкесінің Цзиньпин және Малипо аудандарындағы ауылдық жерлерде шағын несие арқылы кедейлікті азайту жобаларын зерттеуге шақырды. Себебі сол уақытта мен Қытайдағы халықаралық көмек жобаларымен жұмыс істей бастағанмын.
Мен өзімді дамудың «делдалы» деп атаймын. Яғни шетелдік даму ұйымдарына Қытайда жобаларын жобалап, жүзеге асыруға көмектескенмін. Ол кезде шетел тілін білетін әрі халықаралық ұйымдармен жұмыс істейтін білікті мамандар өте аз еді. Мен сол азшылықтың орнын аз да болса толтырдым. Сондықтан ол кезеңдегі менің кедейлікпен күрес тәжірибем негізінен шетелдік практикаларды көзсіз көшіріп қайталау болды. Төменнен жоғары қарай шешім қабылдап, ұйымдастыру арқылы кедейлікпен күрес және әйелдер мұқтаждығы – осының типтік мысалы.
ХХ ғасырдың 90-жылдарында Бейжің қаласы маңындағы таулы ауылдар өте кедей еді. Әлі есімде, Петер екеуміз Янциндегі жобаны тексеріп жүргенімізде, ауылдан екі кішкентай қыз кездестірдік. Олардың көздері мөлдіреп, үлкені тіпті бізге ағылшынша амандасты, бұл мені таңғалдырды. Кейін ауыл тұрғындары олардың отбасы кедей екенін, балаларының оқудан шығып қалғанын айтып түсіндірді. Бұл менің сол кезеңдегі кедейшілікпен алғашқы тікелей бетпе-бет келуім еді.
Сол кездері мен Орталық ауыл шаруашылығы кадрларын басқару академиясы ұйымдастырған курсқа лекция оқыдым. Үзіліс кезінде еңгезердей шенеунік қасыма келіп әңгіме бастады. Ол: «Сяоюнь, мені танымай қалдың ба? Мен сені іздеп жүр едім», – деді. Сонда барып есіме түсті: бұл басшы – мен бала кезімде ауладан жиі көретін жас кадр. Үйіміз Нинся Иньнань аймағы атқару комитетінің кадрлар отбасы тұратын аулада болатын. Біздің үйдің алдында аймақтық комсомол комитеті кеңсесі орналасқан, бұл кісінің тегі Ян, сол кезде ол аудандық комсомол комитетінің хатшысы еді. Орталық ауыл шаруашылығы кадрлар басқару академиясының оқуына қатысып жүргенде, Нинся Иньнань аймақтық атқару комитеті ауыл шаруашылығына жауапты орынбасар әкім дәрежесіне көтерілген екен. Сол күні кешке ол үйге келіп әкеме сәлем бергісі келетінін айтты. Ол кезде әкем зейнетке шығып, балаларыма қарасу үшін менің үйімде тұратын. Ян мырза мені Нинсяға барып, туған өлкеге жұмыс істеп көмектесуге шақырды. Мен баруға келістім, кейін оның ресми шақыруымен бірнеше әріптесімді ертіп, туған жерге барып қайттым.
Нинсяның Яньчи ауданы – әкем ұзақ жылдар жұмыс істеген жер. Мен де ол жерде екі жылдай тұрғанмын. Яньчи ауданын аралап жүргенімде, Ян әкімнен: «Көрші Шэньси өлкесіне қарасты Динбянь ауданын барып көруге бола ма?» – деп сұрадым. Ол Шэньси өлкесінің Динбянь ауданы басшыларымен байланыс орнатып, мені сол жерге алып барды. Ян әкім білмейтін, бірақ мен үшін маңызды бір жайт бар: мен Динбянь ауданында дүние есігін ашқанмын, балалық шағым сонда өткен, әлі күнге дейін сол кезді сағынышпен еске аламын. Балалық шағымда ол жерде көктем айында басталған құмды дауыл мамыр айына дейін соғатын, көзіңді аша алмайсың. Тіпті аудан орталығында тұрсақ та, аласа балшық үйлердің есігін ашсаң, бірден балшыққа гүп ете түсесің. Мен нағашы әжеммен бірге тұрдым, үйде бір ғана үстел мен бірнеше орындық бар. Жаз айларында нағашы әжем мені ата-әжем және көкем тұратын шағын таулы сайға жіберетін. Атам мен әжем Ганьсудың тумалары. ХХ ғасырдың 60-жылдарында Ганьсуда аштық басталғанда, олар көкемді алып ауылдан кеткен екен. Ол кезде жұмыс істейтін адамдардың көпшілігінің отбасы жағдайы төмен туыстарынан алыс жүріп байланысы үзілген кісілер. Анам «Әкеңнің ата-анасы мен ініқарындастары бар екенін білмеппін» дейтін. Атам мен әжем көкемді жетектеп, жол бойы қайыр сұрап жүреді. Қолдарында әкемнің оларға жазған хаты бар. Сол хаттағы мекенжайды іздеп, қақаған қыстың бір айында нағашы әжемнің үйіне келген. Осылайша, әжем таныстары арқылы оларды Динбянь ауданы Хунлюгоу ауылдық округі аумағындағы «Иньлянцзы» деп аталатын шағын таулы кентке орналастырады. Бүгінгі тілмен айтқанда, бұл «көші-қон арқылы қоныстану» саясаты.
Мен жеті-сегіз жасымда сол кішкентай таулы сайға барып қайтқаннан кейін, арада жиырма жылдан астам уақыт онда қайтадан аяқ баспаппын. Жергілікті басшылар мені ауылға ертіп кіргенде, қатты боран соғып тұрды. Көзімді аша алмай қалған сол бір сезімді қайта бастан өткердім. Автокөлік бірнеше үйдің алдына тоқтағанда, түсіп, бірден таныс ауылды көрдім. Аласа, ескі, қираған балшық үйлер, жазықта тұрған бірнеше мұржа – сай ішінде үңгір үйлерде тұратын тұрғындардың түтіні шығатын мұржалары. Мен жалғыз өзім сайдың төменгі жағына қарай жүрдім. Төменде атам мен әжем тұрған үңгір үй. Жанында көкем орта мектепті бітіріп, таулы сайға қайтып келіп үйленіп, отбасын құру үшін өзі қазып жасаған үңгір үй тұр. Қазір ол жерде ешкім тұрмайды. Сайдан жоғары көтерілгенімде, айналамда ауыл адамдары жиналып қалғанын көрдім. Жергілікті басшылар мен ауыл тұрғындары Бейжіңнен келген бейтаныс профессор бұл ауылды неге соншалықты жақсы білетінін түсінбей аң-таң. Мен бала күнімде үш жазды осы ауылда өткізгенмін, ауыл адамдарының үйлерінде ас ішіп отырған, жел соққанда аузыма құм кірген сәттері жадымнан ешқашан өшпейді. Көп жыл өтсе де, бұл ауыл әлі де кедей екен. Ол кезде мен Қытай мен Еуропа арасында жиі қатынап жүретінмін. Ал, енді өзімнің тарихыммен тығыз байланысты, бірақ әлі де кедей әрі артта қалған осы ауылға қайта оралуым маған қатты әсер етіп, жан дүниемде аса күшті сілкініс туғызды. Өзім және әріптестерімнің қалтасынан ақша біріктіріп, бір ауыл басшысына тапсырдым. Бала кезімде бұл жерге келгенім ол кісінің есінде қалыпты. Мен оған: «Бұл менің аз да болса ықыласым, атам мен әжеме қамқор болғандарыңыз үшін алғысым. Олар кедей болғандықтан, сырттан қашып келді, бірақ сіздер оларды кемсітпей, осы жерде аман қалуына мүмкіндік бердіңіздер», – дедім.
Әрбір адамның айналысатын кәсібі оның өмірлік тәжірибесіне азды-көпті әсер етпей қоймайды. Өзім кедейліктің азабын басымнан кешірмесем де, Бейжіңнің Яньцин ауданында және Шэньсидің Динбянь ауданында көрген кедейшілік менің есімнен ешқашан шықпайды. Ұзақ уақыт бойы іштей біртүрлі, түсініксіз бір ауыр күйзелістен шыға алмадым. Шаң-тозаңы көкке көтерілген далада мені қоршап тұрған ауыл адамдары, олардың маған қараған көзқарастары, отбасымды сұраған сәттері, сондай-ақ олардың шарасыздықтан болған күрсіністері – мұның бәрі мені ойландырып келеді. Соңғы бірнеше жылда Хэбянь ауылында кедейлікті жою жұмыстарын жүргізгенімде, әріптестерім мен достарым, әсіресе журналист жолдастарым, неге бір ғана ауылда соншама уақыт бойы жұмыс істеп жүргенімді жиі сұрайды. Көптеген кісі мені моральдық үлгі, саяси санасы биік адам ретінде көреді. Шын мәнінде, менде ондай биік саяси сана, моральдық үлгі жоқ. Кедейшілікке деген назарым әрдайым отбасымның басынан өткерген және өз көзіммен көрген кедей адамдардың жағдайымен тікелей байланысты. «Кедейшілік неге соншалықты терең тамыр жайған?» деген сұрақ менің ойымнан бір сәт те кетпеді.
Кедейліктің түпкі себебі неде? Неліктен кейбір мемлекеттер бай, ал кейбір мемлекеттер ұзақ уақыт бойы кедейшіліктен шыға алмай келеді? Неліктен біреулер байып кетсе, кейбіреулер кедейліктің терең шыңырауына түсіп қалады? Осылардың барлығына мен бүгінге дейін нақты жауап таба алмай келемін. Бұл, әрине, ең алдымен менің практикалық жұмысты көп атқарып, шынайы зерттеулерді аз жасағанымнан. Руссо бізге табиғаты бірдей адам қалайша әлеуметтік айырмашылықтарға жіктелетінін және жекеменшіктің айырмашылықтары теңсіздік пен кедейлікке қалай жеткізгенін теориялық тұрғыдан ой елегінен өткізуге мүмкіндік берді. Оның еңбектерінен мен кедейліктің түпкі мәселесіне қатысты біраз ишараларды байқадым. Ал Маркс теңсіздік құбылысын капиталистік жүйенің аясында қарастырып, кедейліктің әлеуметтік тамырларын терең талдап, оны шешудің «басты жоспарын» ұсынды.
Кедейлік көптеген күрделі мәселелерді қамтиды. Біз кең ауқымды кедейшілікпен немесе Африкадағы кедейшілікпен бетпе-бет келгенде, көбінесе салыстырмалы көзқарастағы даму мәселесіне көбірек сенеміз. Мен мұндай кедейлікті «артта қалушылық» деп атаймын. «Артта қалушылық» ұғымы негізінен «дамыған» деп аталатын салыстырудан шығады. Бұл біздің қазіргі заманғы дамуды зерттегенімізде басты назарда тұрған мәселе. Мұнда кедейлік ұғымы төмен деңгей деген ұғым. Атап өтуіміз керек, «даму» мен «артта қалу» арасындағы салыстыру негізінен еуроцентристік құндылықтардан туындайды. Басқаша айтқанда, «артта қалу» жағдайында тұрған халықтар өз түсінігінде кедейлік жағдайда емес, бірақ «дамыған» топтардың ұғымында олар кедейлік жағдайында болып есептеледі. Осы көзқарас тұрғысынан қарағанда кедейлікті азайту, шын мәнінде, экономикалық өсімді және экономикалық-әлеуметтік трансформацияны ілгерілетуге бағытталған модернизация жолын ұстануды білдіреді. Соңғы жылдары елімізде кедейлікті азайту мәселесінде біз «тамыры тереңге кеткен кедей аудандар ең басты нысана» деп айттық. Бұл түсінік негізінен Қытайдың басқа аймақтарымен салыстырудан туындады. Сондықтан көптеген мәдениеттану ғалымдары «кедейлікті жою жұмыстары бұл аймақтардың мәдени құндылықтары мен тіршілік ету мәселелерін шамадан тыс сыртқы көзқарас тұрғысынан бағалау» деп сын айтады. Басқаша айтқанда, сыртқы «дамыған» топтар әрқашан өз құндылықтарымен осы «артта қалған» аймақтармен өлшейді. Сол себепті мен осы кітапта кедейліктің түпкі мәселесін қозғағанымда, заманауилықты атап өттім. Айтайын дегенім, біз бүгінгі күні айтып жүрген кедейшілік, шын мәнінде, әртүрлі топтар арасындағы заманауи алшақтық мәселесі. Бұл көзқарасымда мен ешқандай құндылықты бағаламадым. Сонымен қатар біз тағы бір көзқарасқа ауыстық. Бір облыстың, бір ауданның немесе тіпті бір ауылдың ішінде де бай-кедей деген айырмашылық бар екенін көреміз. Яғни бұл жағдайда біз сезінетін кедейлік, бір мемлекеттің «артта қалу» жағдайындағы кедейліктен мүлдем өзгеше. Бұл типтегі кедейлікті экономикалық даму және әлеуметтік трансформациямен жай ғана «даму» арқылы шешу мүмкін емес. Сондықтан мен кітаптың әртүрлі бөлімінде теңсіздікті кедейліктің түпкі мәселесі ретінде қарастыруға тырыстым. Қалай қарасақ та, кедейліктің мәнін толық түсіну оңай емес. Біз ауылдық абсолютті кедейшілікті қысқа уақыт ішінде жойдық. Бұл Си Цзиньпин жолдас басшылық ететін ҚКП Орталық Комитетінің Қытайдағы кедейлікті ғылыми тұрғыда танып, кедейлікті жою стратегиясын ұстануының арқасы. Қытай Коммунистік партиясының басшылығы мен социалистік жүйенің саяси артықшылықтарының нәтижесі.
Кедейлікті түсіну мен танудың өзі бір мәселе, ал оны жеңілдету мен жою басқа мәселе. Негізгі өмір сүрудің абсолюттік мағынасы тұрғысынан алғанда, кедейлікті жоюға болады. Мысалы, адамның ішер ас, киер киімі, тұратын үйі жоқ болса, мұндай кедейлік жағдайын біздің күш-жігеріміз арқылы шешуге болады. Сонымен қатар адамгершілік тұрғысынан алғанда, бұл мәселені шешуге міндеттіміз. Бұл міндет тек біздің елімізбен шектелмейді, ол жаһандық міндет, міне, бұл кедейлікті жоюдың заңдылығы.
Соңғы бірнеше жылда көп жерлерде баяндама жасадым. Сондай-ақ газеттер мен әртүрлі бұқаралық ақпарат құралдарында кедейлерді сүйемелдеу мен кедейлікті жою туралы мақалалар жаздым. Олардың едәуір бөлігі ресми БАҚ-тың тапсырысымен жазылған кедейлікті азайту саясатына қатысты түсіндірмелер. COVID-19 індеті кезінде мен әр жерде шашырап жүрген осы шағын мақалалар мен пікірлерді реттеп, «Кедейліктің соңы» деген атпен шағын кітап етіп жинақтадым. Айта кету керек, бұл ғылыми еңбек те, идеялық шығарма да емес. Өйткені кітаптағы мазмұнның көп бөлігі ой толғау мен эсседен құралған. Көптеген мазмұнның логикасы әлсіз әрі әр тарауда пікірлердің қайталануы кездеседі. Бірақ бұл – сол кезеңдегі менің ой-пікірлерім болғандықтан, айтарлықтай өзгерістер енгізбедім. Кез келген саяси немесе логикалық тұрғыдан орынсыз тұстарына өзім толығымен жауаптымын.
Алғашқы реттеуді жасап берген шәкірттерім Линь Сяоли, Цзи Ланьлань және Сюй Цзиньге алғысымды білдіремін.
Автор
І ТАРАУ. КЕДЕЙЛІКТІҢ ТҮП-ТАМЫРЫ
Кедейлік – бұрыннан бар тақырып. Орта ғасырдан бастап кедейлік мәселесі қоғамның әртүрлі топтарының назарындағы маңызды мәселе болып келеді. Кедейлік себептеріне қатысты теориялардың негізінен үш түрлі көзқарасы бар. Бірінші көзқарас, кедейлерге тән қасиеттер олардың кедей болуына әкеледі. Жалқаулық, моральдық ұстанымдардың әлсіздігі, білім деңгейінің төмендігі, дағдылардың жоқтығы сияқты жеке факторлар кедейлік себебі деп қаралады. Жалпы алғанда, бұл көзқарас кедейлікті жеке адамның сәтсіздігіне телиді. XIX ғасырдағы америкалық жазушы Горацио Алджер (Horatio Alger) романдарында кедейліктен байлыққа жеткен жүздеген оқиға суреттеледі. Кейіпкерлер қаншалықты кедей болса да, соңында олардың ішкі жігері мен тынымсыз еңбегі арқасында кедейліктен құтылғаны көрсетіледі. Бұл әңгімелердің түпкі мағынасы – адамның тағдыры, ең алдымен, өз қолында дегенді білдіреді. Бұл қоғам санасына әлі күнге дейін ықпал етіп отырған «табысты өзің жасайсың» деген ілгерілеушілік үлгісі. Экономистер, әдетте, демократиялық жүйе жағдайында еркін бәсекелестік ұқсас жеке адамдар мен топтардың экономикалық жағдайын біртіндеп теңестіреді деп есептейді. Алайда ұқсас жағдай астында кедейлік бүкіл әлемде, бір ел ішінде, тіпті бір қауымдастық ішінде кеңінен және ұзақ уақыт бойы жалғасады. Бұл шын мәнінде даму үлгісінің кедейлікті түсіндіру дағдысы. Екінші көзқарас, кедей орта кедейлік мәдениетін қалыптастырады. Кедейлік мәдениетіне шырмалған топтар кедейліктен құтыла алмайды. Оскар Льюистің (Oscar Lewis) «Кедейлік мәдениеті: Мексикадағы бес отбасының естелігі», Эдвард Бэнфилдтің (Edward C. Banfield) «Артта қалған қоғамның этикалық негіздері», Майкл Харрингтонның (Michael Harrington) «Басқа Америка» атты еңбектері Мексика, Италия және Америка сияқты әртүрлі қоғамнан алынған тәжірибелік деректер арқылы кедейлік мәдениетінің тұжырымдамалық негізін қалыптастырады. Льюис: «Кедейлік мәдениеті бір рет қалыптасқаннан кейін, ол міндетті түрде тұрақты сипат алады. Төменгі тап аудандарындағы балалар алты-жеті жасқа келгенде, әдетте, кедейлік субмәдениетінің негізгі көзқарастары мен құндылықтарын сіңіріп үлгереді. Сондықтан олар психологиялық тұрғыдан өз өмірін өзгертуге мүмкіндік беретін жағдайлар мен мүмкіндіктерді қабылдауға дайын болмайды», – деп жазады. Үшінші көзқарас, кедейлікті әлеуметтік, саяси, экономикалық жүйе деңгейіндегі құрылымдық мәселе деп есептейді. Мұндағы құрылым дегеніміз – меншік жүйесі және оның негізінде қалыптасатын бірқатар әлеуметтік-экономикалық саясат. Жан-Жак Руссо жекеменшік адамзат қоғамындағы теңсіздіктің қайнар көзі деп есептесе, Карл Маркс капитализм жағдайындағы кедейліктің түпкі себептерін жүйелі түрде талдап, капиталистік жекеменшік өндіріс құралдарының иелері жұмысшылар жасаған қосымша құнды иемдену, оларды кедейлендіреді деп түсіндірді. Марк Рэнк (Mark Rank) – қазіргі Америкадағы кедейлік мәселесі жөніндегі беделді маман. Ол АҚШ-тағы кедейлік негізінен жеке жалқаулық пен ілгері баспаушылықтан туады деген пікірден өзгеше көзқарас ұстанады. Оның жүйелі эмпирикалық зерттеулері АҚШтағы экономикалық жүйе мен әлеуметтік саясат кедейліктің маңызды құрылымдық факторлары екенін дәлелдеді. Оның айтуынша, АҚШ-тың экономикалық құрылымы барлығына жеткілікті мүмкіндік бере алмайды, елдегі кедейліктің басты себебі осы. Ал Альберто Алезина (Alberto Alesina) және басқалардың зерттеулері АҚШ-тағы кедейліктің саяси жүйемен байланысын терең ашып көрсетті. «Кейбір адамдар неге кедей?» деген сұрақ өте күрделі. Әртүрлі тарихи кезеңдердегі кедейліктің пайда болу механизмі де әртүрлі. Егер жекеменшік → теңсіздік → кедейлік логикасын ұстансақ, онда кедейлік тек коммунизмде ғана жойылады деуге болады.
Кедейліктің түпкі мәселесі
Кедейлік мәселелері өте көп, сіздер кедейлікпен байланысты 100 түрлі сұрақ қоя аласыздар, бірақ кедейліктің түпкі мәселесі деген не? Бұл сұрақ кедейлік мәселесін зерттеудегі теориялық өзек. Сондай-ақ адамдар арасындағы алшақтықты азайту жолдарын табуға дұрыс бағыт көрсететін маяк. Кедейлікпен күресті зерттейтін адамдар көптеген күмәнге, қиындықтар мен тығырықтарға тап болады. Мысалы, Ляншаньдағы И ұлтына қатысты бір пікірде: «Ляншаньдағы И ұлты өте артта қалған» делінсе, енді бір пікірде: «Ляншаньдағы И ұлты кедейлерді сүйемелдеу саясатына сүйеніп алып үйренген масыл» деп айтылады. Осы тұрғыда біздің зерттеушілеріміз бен практиктеріміз жиі өз бағыттарын жоғалтып алатынын байқаймын.1
«Кедейліктің түпкі мәселесі не?» деген сұраққа жауап беру үшін біз оны бірнеше қырынан саралай аламыз.
Саясаттан тыс көзқараспен қарасақ, адамзат қоғамында біздің күнделікті әрекеттерімізді алға жетелейтін екі түрлі күш бар. Біріншісі, биология негіздегі, яғни тіршілікке қатысты жеке мүддені барынша арттыру ұмтылысы.
Адамзат бастапқы табиғи жағдайдан біртіндеп әлеуметтеніп, қазіргі заманғы қоғамға аяқ басты. Осы жолда әрдайым бір қозғаушы күш қатар жүреді. Бұл қозғаушы күш құрылымданған жүйе қалыптастырды. Құрылым дегеніміз не? Ер мен әйел, жақсы мен жаман, міне, осындай қарамақарсы екі түрлі нәрсе қатар тұрғанда ғана оны «құрылым» деп атауға болады.
Аңшылық қоғамда қимылы шапшаң, күші басым адамдар көп олжа алады. Олар біртіндеп құпияланып, бұл күш туа біткен, ешкім қарсы келе алмайтын, сұрапыл күш ретінде қабылданып, оған табыну пайда болды. Осы үдеріс барысында айырмашылық пен билік қалыптасты. Әркім сондай болуды қалайды, өйткені сол арқылы көбірек материалдық игілікке қол жеткізеді. Мысал ретінде Жан-Жак Руссоның «Адамдар арасындағы теңсіздіктің шығу тегі мен негіздері туралы теориясын» оқуға болады. Ол онда тіршілікке негізделген этикадан бәсекелестіктің қалай пайда болатынын, сол айырмашылықтың қалайша әрі қарай әлеуметтеніп, саясиланып кететінін түсіндіреді. Бұл мемлекет қалыптасуының бастауы.
Саяси билік қалыптасқаннан кейін, материалдық тапшылық жағдайында тұрған топтар мен жекелеген адамдар барынша материалдық байлыққа ұмтылады. Бүгінгі күні біз көріп жүрген Африкадағы тайпалар жағдайы соған мысал. Олардың материалдық қамтамасыз етілу деңгейі төмен болғанымен, тайпа көсемінің жиған малы немесе терісі көп. Сондықтан ол өзіндегі материалдық молшылық арқылы өзін өзгелерден ерекше етіп көрсетеді. Тайпа басының артықшылығы кемсітуге емес, адамның «қабілетке» деген құрметінен және соған табынудан туындайды.
Бүгінде біз де байлыққа табынып, байлығы бар адамдарды қабілетті деп санаймыз, ал өзімізде ондай қабілет жетіспейді. Сондықтан теңсіздік туындайды. Сонымен қатар бізде жоғарыда айтылған күшке қарсы тұратын тағы бір құбылыс бар. Мысалы, сен көп нәрсеге ие болсаң, оны бауырларыңа, туысқандарыңа, достарыңа бөліп беруге табиғи түрде бейім боласың. Салыстырмалы түрде алғашқы қауымдық қоғамда адамдардың «бауырлары мен әпке-қарындастары» көп болған. Африкалық достарымызбен сөйлескенде, олар үнемі «менің ағам», «менің әпкем» деп айтады... сөйтіп, олар ондаған аға-әпкелерін атайды. Бірақ олардың бәрі де қандас туыс емес. Бұл әлеуметтік желі өз отбасынан, қандастық байланыстардан асып түсіп, бүкіл қауымды қамтыған қоғам. Олар табиғи түрде: «Менде барды бөлісуім керек» дейді. Бүгінгі көптеген әлеуметтік құрылымдарда да осы жағдай сақталып отыр. Яғни материалдық затты бөлісу міндетті болып қала берген. Кейбір ғалымдар мұны діни тыйымдар мен талаптардан туындайды деп түсіндіреді. Мен онымен келіспеймін, себебі олар мұны өздігінен, ерікті түрде жасайды.
Алдыңғы бөлімде бейресми құбылыстар туралы айттық, енді одан да жүйеленген құбылыстарға көшеміз. Адамзат қоғамы жануарлар дүниесінен өзгеше, бірақ жануарлар да бір-біріне көмектеседі. Мен Африкада гнулардың өзеннен өтуін бақылағанымда байқағаным: кейбір мықтылары алдымен өзеннен өтіп, артына бұрылып, өзенде қалып қойған гнуларға көмектеседі екен, көмектесуге шамасы келмесе, сосын барып кетеді екен. Дін пайда болғаннан кейін біз қоғамдану, ұйымдасу кезеңіне өттік. Аристотельдің еңбектерінде де: «Сауда жасап, ақша табатын адам да ұятты білу керек» деген сөздер бар. Осындай күштер, біз жоғарыда айтқан өзімшіл күшті шектейді, бірін-бірі тежеп, тепетеңдікті ұстап тұрады және үнемі бірде өсіп, бірде төмендеп, құрылымдық қатынасты қалыптастырады.
Дін бір кездері адамның шығармашылық қабілетін мейлінше басты. Бұл жағдайды Мартин Лютердің дін реформасы арқылы Ағартушылық дәуірі өзгерте бастады. Реформа алдымен «құзырет беруді» ұсынды, себебі бұрын тек ақсүйектер ғана «Інжілді» латынша оқитын. Ал реформа «Інжілді» неміс, ағылшын тілдеріне аударып, қарапайым халықтың да оқуына мүмкіндік берді. Олар «Біз бәріміз Құдайдың құлымыз, тек ақсүйектер ғана Құдайдың құлы емес» деп есептей бастады. Осылайша, Құдай билігіне құрылған үстемдік бұзылды.
Дін реформасынан кейін ағартушылық дәуірі, протестантизмнің қалыптасуы, капитализмнің пайда болуы қатар келді. Адамзаттың көбірек материалдық игілікке ұмтылатын бастапқы күші бұрын-соңды болмаған деңгейде айқын көрініс тапты. Бұл рационализм еді. Сондықтан Макс Вебер адамзаттың болашағына пессимистік көзқараспен қарады, ол «адамзаттың рационалды дамуы өз деңгейіне жетті, әрі қарай ешқандай пост-рационалдылық болмайды» деп есептеді.
Одан кейін «зұлым капитализм» тамыры мен идеологиясы – протестанттық этика пайда болды. Ол адамдарды еңбекқор болуға, байлық жасауға үндеді. Бірақ, сонымен бірге протестанттар әркімге ақшаң бар ма, жоқ па – бәрібір үнемшіл болуды дәріптеді. «Сен Құдай жіберген байлық сақтаушысың, иесі емессің» деп үйретті. Қазіргі Батыс қоғамы дін арқылы байлық бөлудің жаңа идеологиясын қалыптастырды. Ол бастапқы ұжымдық өмір сүру этикасынан асып түсті. Дін бұқаралық сипат алғандықтан, бұл идеология да «жалпылық» мінез-құлық ережесіне айналды.
Кейбір адамдар үнемі: «неге АҚШ қоғамында соншама көп адам қайырымдылық жасайды?» деп түсінбейді. Бұл, ең алдымен, олардың идеологиясында тиімді идея болмағандықтан. Олар: «Менде ақша болғаннан кейін рахатын көремін, әлемді аралаймын, басқа нәрселердің бәрі қызықсыз болған кезде ғана қайырымдылықпен айналысамын» деп ойлайды.
Америка Құрама Штаттарының негізін қалаған идеология – протестантизм. Индустрияланудың бастапқы кезеңінде ашкөз капитализмнің шектен тыс өршуінен қашқан кейбір кальвинистер Англияда тұрғысы келмеді. Олар қоғамды өте нашар деп есептеп, Голландияға қашып барды. Алайда Голландия да саудагерлік қоғам болғандықтан, Амстердамда да тұрақтай алмай, қайтадан Англияға оралды. Содан кейін бүгінгі Плимут порт қаласына келіп, «Мэйфлауэр» кемесіне мініп, Солтүстік Америкаға аттанды. Жолда көп адам қаза тапты. Кемеде жазу танымайтын, бір-бірін ойланбай өлтіріп тастайтын бұзақылар мен қаңғыбастар да болды. Ал идеалды мемлекет құруды армандаған таңдаулы дарынды адамдар олардың әрекеттерін айыптап, «Мэйфлауэр келісімін» әзірледі. «Мэйфлауэр келісімі» протестанттық этикаға негізделген құжат. Ол қазіргі АҚШ Конституциясының іргетасына айналды. Бүгінде көптеген америкалық элита өздерінің тегін сол кемеде болған бірнеше ондаған тұлғаға дейін апара алады.
Қайта оралып айтар болсақ, осы екі түрлі шиеленістің бірі міндетті түрде кедейлікті, айырмашылықты тудырады. Екіншісі сол айырмашылықты тежеуге бағытталады. Осы екеуі мен айтып отырған кедейлік пен оны жоюдың басты мәселесін құрайды. Осы мағынада алып қарағанда, байлар тумысынан ұлы ма? Әлде кедейлер тумысынан кедей болуға тиіс пе? Бұл өте терең саяси-философиялық мәселеге тіреледі. Баршаңызға «Адамдар арасындағы теңсіздіктің шығу тегі мен негіздері туралы теория» деген еңбекті оқуға кеңес беремін.
Енді шындыққа қайта оралсақ, кедейлікті жою неге соншалықты қиын? Шын мәнінде, кедейлікті жою өте ауыр үдеріс. Кедейлер мен байлардың арасындағы дискурс тең емес. Байлардың кедейлерге қарата айтатын сөзі – «надан, жалқау, енжар», т.б. Алайда байлар өздерінің байыған шынайы тарихын жасырады. Егер кедейлердің бірі байдан «Қалай байыдың?» деп сұраса, бай шындықты айта ала ма? Айта алмайды. Айта алмаудың себебі – байдың байыған шынайы тарихы дәл сол байлар мен кедейлер арасындағы белгілі бір айырмашылықты пайдалануға негізделген. Кедейлікті жоюдың басты мәселесі – байлар мен кедейлердің арасындағы айырмашылықты жою. Сонда олардың әлауқатында соншалықты үлкен айырмашылық бар ма?
Алғашқы күнә, адамның жүрегінің түбінде терең жасырынады. Сыртқа шыққанда жалғандық, құпиялылық және моральдық сипатта көрінеді. «Мен шөгелмін, еңбекқормын» – байлардың кедейлерге айтатыны осы. Ал кедейлер байлар туралы: «Олар пысық, ақылды, білімді, танысы көп, техникасы бар…» дейді. Ұғым мүлдем екі түрлі. Ұғым айырмашылығының моральдық өлшемі мынада: қазіргі қоғамдағы байлар қалай байыған шындығын ешқашан ашпайды. Ал кедейлер әрқашан сол сөздің ықпалында қалады. Кейбір адамдар: «Мен өмір бойы адал еңбек еттім, бірақ бір тиын да таппадым» дейді. Кедейлер: «баланы университетке оқытсаң, ақша табады» деп ойлайды. Шын мәнінде, кедейлік мәселесі біз ойлағандай қарапайым емес.
Енді «кедейге жәрдем етушілердің» сөзіне назар аударайық. «Біз бай да емеспіз, кедей де емеспіз, тек кедейге жәрдем берушіміз» дейді. Біз үнемі байлардың көзімен кедейлерді сипаттап: олардың кедей болуының себебі «көмек күту, сүйену, талап ету» деп жазғырамыз да, «көмек күтуге, сүйенуге, талап етуге болмайды» дейміз. Біз кедейлерге «кедейліктен құтылу үшін әуелі мақсат қою керек» деп байлыққа жетудің мифін бердік. «Кәсібі бар, бірақ бай емес» әрі «кедей еместер» ретінде кедейге жәрдем етушілер, біздің іс-әрекетіміз бен сөзімізді логикалық тұрғыдан үйлесімсіз етеді. Мұнда бізге өзін-өзі сынау қажет: біз кедейлердің көзқарасын өзіміздің күткен нәтижелерімізбен байланыстырып, кедейлікті жою ісінің нәтижесін сол тұрғыдан бағалаймыз.
Сөзімізге қайта оралсақ, кедейліктің басты мәселесі дегеніміз не? Ол, мүмкін, тіршілікке қажетті бәсекелестіктен туындайтын материалдық игілікті иемденудегі айырмашылыққа негізделген әлеуметтену үдерісі; материалға табынудан және материалдық тапшылықтан туындайтын жағымсыз сезім арқылы қалыптасқан әлеуметтік мораль; әлеуметтік таптардың айырмашылықты бекітуі және қазіргі қоғамдағы рационалдықтың кеңеюі нәтижесінде әртүрлі этностар мен мемлекеттер арасында материалдық қамтамасыз ету айырмашылықтарының пайда болуы болар. Вебер де өзінің «Протестанттық этика және капитализм рухы» атты еңбегінде қазіргі заман этикасының мәселесін атап өткен. Жеке адамдар арасындағы әл-ауқат айырмашылықтары «қабілетке» көбірек байланысты болуы мүмкін, ал әртүрлі мәдениет жағдайларда заманауи этикадағы айырмашылықтарға байланысты.
Ендеше, кедейлікті жоюдың басты жоспары дегеніміз не? Жоғарыда атап өткенімдей, кедейлікті жою тәжірибемізде сөз бен істің логикалық шатасуы орын алды. Біз кедейліктің басты мәселесіне сүйене отырып, үлкен жоспар ұсындық. Бұл бір баламаны құрайды, яғни қазіргі мемлекеттің құндылығы ұжымдық өмір сүру этикасын сақтау және қазіргі заманның шектен тыс кеңеюін бақылау. Сондай-ақ модернизациядан артта қалған топтарға қазіргі заман этикасына жақындауға, оны игеруге көмектесу.
Кедейлікті жоюдың басты жоспары, қазіргі заман этикасын әлі игермеген топтарға модернизацияны жеткізу. Аз ұлттар қоныстанған аймақтар мен аса кедей өңірлерде, күнде ішімдік ішіп, анда-санда жалдамалы жұмыс істеп нәпақа тауып жүргенді өзінше жақсы деп санайтын топ бар. Біз оларға: «Сендердің тұрмыстарың нашар, балаларың мектепке бармайды, ауырсаңдар медициналық сақтандыруларың жоқ. Тұрғын үйлерің мал қорадан сәл ғана артық, мұны міндетті түрде өзгерту керек» дейміз. Оларда көтерілейін деген ой жоқ, төменгі материалдық тепе-теңдік сатысында өмір сүреді. Өздеріне тән өмірлік логикасы бар. Бірақ біз оны өзгертуіміз керек, дәл Джек Ма айтқандай, кедейдің ойлау жүйесін бұзуымыз қажет.
«Қазіргі заманның кедейлері» дегеніміз қазіргі заман этикасы ықпалына мүлде ұшырамаған немесе аз ұшыраған, қазіргі заманауи этикалық ойлау жүйесіне ие емес топтар. Оларды қазіргі заман этикасының шектеулеріне жақындату немесе оны игерту шынында да өте қиын. Әсіресе кедейлік жайлаған өңірлерде кооператив құру тым қиын. Мен кедейлікті жоюға барған ауылға Уэньчжоудан бір жігіт келіп: «Егер бұл жер Уэньчжоуда болса, баяғыда-ақ жақсы болып кетер еді», – деді. Кейбіреулер маған кооператив құруды ұсынды, мен оны бұрын істеп көрмегенмін, бірақ кедей өңірде меншік иесімен акционерлік жүйе құру, шынымен аңғалдық. Өйткені ол жерде тек теңгермешілік бар. Дәстүрлі өңірлерде адамдарға қазіргі заман дүниесін тез арада игерту оңай емес. Біз Африкада зерттеу жасадық, сонда байқағанымыз, Африкада отаршылдықтан қалған сана қазіргі уақытқа дейін жалғасқанын білдім.
Макс Вебер Қытайды қазіргі заманға қол жеткізуі мүмкін емес деп санаған, бірақ біз оған қол жеткіздік. Бұл үлкен бір жұмбақ, теориялық тұрғыдан әлі шешілген жоқ. Бірақ біз әлі де Еуропадан шыққан сол рационалдық жүйеге ие емеспіз, бүкіл қоғамда әлі де нормадан ауытқушылық бар. Мысалы, Бейжіңде жолдағы кейбір жүргізушілер қалай болса солай сигнал береді. Дәстүрлі қайырымдылықтан жоғары тұратын қоғамдық әдептілік жоқ. Сол себепті қоғамда осындай айырмашылық бар.
Сондықтан кедейлікті жоюдың басты жоспары мынаған тіреледі: өте дәстүрлі топты өзгерту мүмкін бе? Жеке адамның өзгеруі оңай, бірақ өз мәдениетіне батып кеткен бір тұтас топты өзгерту қиын. Төраға Си айтқандай, «кедейлік тамыры терең» аймақтарда кедейлікті жою – қиынның қиыны. «Кедейлік тамыры терең» болу – негізінен қазіргі заманның артта қалуы, яғни «даму» дейтін мәселеде. Теориялық тұрғыдан алғанда, көптеген алдыңғы аға буын топтар үшін қиындық – оларды қазіргі заман мәдениетіне жақындату және соны игерту. Сәтті мысалдар – міндетті түрде нарықпен ұштасқандар, ал сәтсіздері – нарыққа бейімделе алмағандар. Мен сіздермен қарапайым бір мысалды бөліскім келеді. Мен – даму идеясын жақтаушы әрі дамыту практикасының қызметкерімін. Менің жұмысым адамдарды қазіргі заман мәдениетіне жақындатып, оны игерту арқылы олардың әл-ауқатын жақсарту. Бірақ мен тәжірибемнің сәтсіз болуын, істеген ісімнің ешбір негізсіз қалуын қаламаймын. Мен бұл даму жолының өзін-өзі дәлелдеуі мен негіздеуі мүмкін болғанын қалаймын. Мен Юньнаньда бір ауылда кедейлікті жою ісін жүргіздім. Бұл ауыл қазіргі заманнан мүлде оқшауланған жоқ еді, бірақ олардың тіршілікке қатысты көзқарасы мен қазіргі заман мәдениеті арасында үлкен алшақтық болды. Мен қазіргі заманмен байланыстыратын бір түйісу нүктесін табуым керек еді. Жарты жыл бойы ойландым да, ақыры ауыл тұрғындарының өз үйлерінен таптым.
Жергілікті Яо ұлтының дәстүрлі ағаш үйлерінде терезе болмайды, күн сәулесі түспейді, тек ағаш материалдарының саңылауынан аздаған жарық енеді. Өйткені таулы жерде тек ағаш қана бар, әйнек те, кірпіш те жоқ. Тұрғындар тек сыртқа шығып күн астында жүргенде ғана жарықты сезінеді. Бұл олардың қазіргі заманмен түйісу нүктесі. Менің тәжірибедегі түйісу нүктем күн сәулесі мол түсетін үй салу болды. Содан соң оларда жоқ жаңа ұғым енгізу: Яо ұлты ерекшелігі бар қонақүй бөлмесін салып, ақша табу. Қарапайым тілмен айтқанда, осы тәжірибе арқылы құрылымды бұзып, қоғамды өзгерте алатынымызды көрсеткім келді.
Ал оның табысты болған-болмағанына қазірше жауап беру мүмкін емес.
Жан-Жак Руссоның теңсіздік теориясы
Кедейлік абсолютты әрі салыстырмалы ұғым. Адамдар баспанасыз, тұрғылықты жерсіз, ішер ас, киер киімсіз қалса, біз мұндай жағдайды кедейлік деп атай аламыз, яғни абсолюттік кедейлік. Осы мағынадан алғанда, кедейлік объективті құбылыс. Егер бір топ, бір мемлекет немесе одан да кең ауқымдағы халық азық-түлік тапшылығында болса, онда кедейлік ұғымының саяси-экономикалық мәні айқын болмайды. Яғни кедейлік объективті шындық болғанымен, бұл объективті кедейлік салыстырмалы сипат алады. 2012 жылы Қытай үкіметі қытай ауылдарындағы жаңа абсолюттік кедейлік шегін белгіледі: жан басына шаққандағы жылдық таза табыс 2300 юань (2011 жылдың тұрақты бағасы бойынша). «Ішер ас, киер киімге уайымдамау, білім, денсаулық сақтау, тұрғын үймен қамту кепілдігі» мақсатына қол жеткізуді көздеді. Бұдан бұрын 1986 жылы Қытай үкіметі ауылдағы абсолюттік кедейлік шегін жан басына шаққандағы жылдық таза табыс 200 юань (1985 жылдың тұрақты бағасы бойынша) деп белгілеген болатын. Сатып алу қабілетінің паритеті бойынша есептегенде, 1986 жылғы 200 юань шамамен қазіргі стандарттың 40%-ына тең. Екеуі де абсолюттік кедейлік болғанымен, олардың қамтитын әлеуметтік әл-ауқаты мүлде бөлек. Сондықтан қатаңдатып айтсақ, кедейлік салыстырмалы ұғым. Егер оны материалдық өндірістің молдығына қарай өлшесек, онда тарихи кезеңдердегі алғашқы қоғам немесе одан кейінгі әртүрлі дәуірлер қазіргі қоғаммен салыстырғанда кедей қоғам болып есептеледі. Ол кезеңдерде адамдардың бәрі «кедейлік» жағдайында өмір сүрді, бірақ адамзат қоғамындағы материалдық өндірістің молшылығы қатты айырмашылықта болса да, сол уақыттың өз өлшемімен кімнің кедей, кімнің бай екенін анықтау оңай болмаған. Біз ол кезеңді кедей қоғам дейтініміз қазіргі қоғаммен салыстыру нәтижесінде шыққан ұғым. Бұл кедейліктің басты мәселесі ұғымына әкеледі.
Кедейлік салыстырмалы ұғым десек, бұл адамзат қоғамы көп кезеңде теңсіз болғанын білдіреді. Теңсіздіктен айырмашылық туындайды. Адамзат қоғамы, мейлі топтар арасында болсын, мейлі жеке адамдар арасында болсын әртүрлі кезеңде әртүрлі өлшемдермен бағаланып, әл-ауқаттағы айырмашылықты көрсетеді. Бұл айырмашылық мен айтып отырған басты мәселе ұғымына жақындайды. Француз ойшылы Руссо өзінің «Адамдар арасындағы теңсіздіктің шығу тегі мен негіздері туралы теория» атты еңбегінде адамзаттағы теңсіздіктің бастауын терең зерттеген. Руссоның айтуынша, кейбір адамдар ұзақ уақыт өздерінің алғашқы жағдайын сақтап қалса, басқаларының өмірі жақсарады. Мұндай жақсару олардың табиғи болмысынан туындайды, бұл болмыс жақсы да, жаман да болуы мүмкін. Бірақ ол олардың туа біткен қасиеті емес. Міне, бұл адамзат теңсіздігінің бастауы. Руссо осы жерде адамның табиғи болмысы адамдар арасындағы айырмашылыққа әсер етпейді деп ерекше атап өтеді. Руссо өз еңбегінде жүйелі түрде «алғашқы адамдар тең болған» деген көзқарасты баяндап, «қазіргі адамдар қалайша теңсіздікке түсті» деген философиялық пайымды түсіндіреді. Оның пікірінше, адамзатта теңсіздіктің екі түрі бар: біріншісі, табиғи немесе физиологиялық теңсіздік. Бұл теңсіздікке жас айырмашылығы, денсаулық, күш-қуат, ақыл-ой және рухани қабілеттердегі айырмашылық жатады. Екіншісі, рухани немесе саяси теңсіздік, өйткені ол әдет-ғұрыптан, өзгеге зиян келтіруден туындайды. Мысалы, өзгеден дәулетті болу, атақ алу, билікке ие болу, тіпті өзгелерді бағындыру сияқты жағдайлар. Руссо табиғи теңсіздіктің бастауын зерттеудің қажеті жоқ деп санайды, себебі оның жауабы айқын. Бір адамның екіншісінен күшті болуы немесе бойының биік болуы сияқтыларды зерттеудің мәні жоқ. Адамзат теңсіздігінің нағыз мәселесі екінші типте. Бізге зерттеуге тиісті екінші тип «Теңсіздік қалай пайда болды?» деген сұрақ. Шын мәнінде, Руссоның адамзат қоғамындағы табиғи теңсіздікті саяси, экономикалық және әлеуметтік теңсіздіктен бөліп қарау көзқарасында кемшіліктер бар. Адамзаттың экономикалық және әлеуметтік теңсіздігі іс жүзінде Руссо айтқан табиғи теңсіздікпен өзара байланысты. Руссо Хоббстың «адам табиғаты жауыз» деген философиялық көзқарасына түбегейлі қарсы. Ол әрқашан адамның табиғи жаратылысында түбегейлі айырмашылық жоқ деп баса айтады. Адамзат қоғамындағы саяси, экономикалық және әлеуметтік өлшемдердегі теңсіздік, шын мәнінде, адамның табиғи қасиеттерінің үздіксіз эволюциясына негізделіп қалыптасқан.
Руссо адамзаттың табиғи қасиеттеріндегі айырмашылықты саяси, экономикалық және әлеуметтік теңсіздіктен бөліп қарастырғанымен, оның еңбектерінен бұл екеуінің арасындағы байланысты аз да болса байқауға болады. Руссо: «Кімде-кім ең алғаш жердің бір бөлігін қоршап қойып: Бұл – менікі деп айтса және сол кезде осы сөзге сенген аңғал адамдар болса, сол адам өркениетті қоғамның негізін қалаушы болар еді», – дейді. Руссо тағы да: «Әрбір адамның теңсіздікке қадам басуы – зұлымдыққа қадам басуы. Бұл бір жағынан менмендік пен менсінбеуді, екінші жағынан ұят пен қызғанышты тудырды. Осы жаратылыстан шыққан нәрселер өмірге бақыт пен орны толмас қасірет әкелді», – дейді. Мұнда Руссо теңсіздік мәселесін биліктің айла-шарғысымен байланыстырады. Ол теңсіздіктің түпкі себебі қайда жатқанын зерттегісі келді. Егер адамзаттағы теңсіздік айла-шарғыға қатысты болса, онда билікте айла-шарғысының қалай пайда болғанын зерттеу қажет. Руссо былай дейді: «Күшті адам көбірек жұмыс істей алады; епті адам жұмыстан көбірек өнім алады; ал шығармашылық қабілеті бар адам еңбек үнемдеудің жолын табады. Әртүрлі іспен айналысқан адамдардың табыстары бірдей болмайды… Табиғи теңсіздік байқамай әлеуметтік таптық теңсіздікке қосылып кетті. Осылайша, әртүрлі ортада дамып келе жатқан адамдар арасындағы айырмашылықтар күшейе түсті, ұзаққа созылды және жеке адамдардың тағдырына әсер ете бастайды», – дейді.
Анық айтқанда, адамның жекеменшігі – кедейліктің төркіні. Жекеменшік ең мықты, өмір сүру ресурстары көбірек, белгілі бір дәрежеде бәсекеге қабілетті адамдардың өмір сүруіне пайдалы. Дегенмен бұл биологиялық бәсекелестік мәдениет адамзат қоғамының эволюциясымен бірге алшақтап барады. Адамзат қоғамы бірте-бірте ұйымдасқан қоғамға қадам басқан сайын ру-тайпалық жүйе, тіпті мемлекеттік жүйе сияқты әлеуметтік ұйымдық формалар жекеменшікті күшейте бастады. Осы мәжбүрлі саяси және әлеуметтік жүйе жағдайында теңсіздік біртіндеп жеке адамдар арасындағы айырмашылықтардан системалық теңсіздікке айналды.
Теңсіздікті кедейліктің басты мәселесі ретінде қарастырудың маңызы орасан зор. Себебі кедейлікті қалай түсінеміз, қоғамның негізгі ұғымдары мен құндылықтарын қалай құрамыз, осы мәселені жүзеге асыру үшін қандай іс-әрекеттер жасаймыз – соған байланысты. Адам мен жануардың ең үлкен айырмашылығы – өркениетінде, ал өркениет тек қана материалдық өндіріс деңгейінен ғана емес, рухани өлшемнен де көрінеді. Адамзат қоғамы, мейлі тұтас бір қоғам болсын, мейлі бір қауым ішіндегі әртүрлі жеке адамдар болсын, «тіршілікте кім күшті өмір сүреді» деген қағиданы толық ұстана алмайды. Керісінше, өркениеттің моральдық жүйесін ұстанады. Руссоның ойынша, адамзаттың негізгі мәні – жанашырлық. Оның айтуынша, тіпті жануарлардың арасында да жанашырлық болады. Жанашырлық – адамзат қауымы өмір сүруінің негізгі логикасы. Дәл осы жанашырлықтың арқасында адамзат тұтас бір организм ретінде жер бетіндегі ең қуатты фигураға айналды. Мейірім болған жерде әділет ұғымы қалыптасады, ал әділет пен теңсіздік бір-біріне мүлде үйлеспейді. Адамзаттың мейірімге тән табиғаты міндетті түрде әлсіздерге көмектесу әрекетін дамытады. Жоғары сатыдағы жануарлардың өзінде де әлсіздерге көмектесудің әртүрлі деңгейде көрінісі бар. Бірақ адамзаттың мейірімі тек қарапайым өзара көмекпен шектелмейді. Ең маңыздысы, осы мейірімнен үздіксіз дамып, адамзат теңсіздікке қарсы тұратын негізгі саяси-әлеуметтік институттарды қалыптастырды.
Руссо өз еңбегінде адамзаттың табиғи қасиетінен әлеуметтік қасиетке өту ерекшеліктерін айқын көрсетті. Кедейлік пен жекеменшік, мемлекеттер арасындағы байланысты ашып берді. Анығы, теңсіздік пен жекеменшікті тудыратын күш – адамзат қоғамы эволюциясының бір қыры. Алайда осы қыр қоғамның сауатты дамуына кері әсер ететін күшке де айналды. Сондықтан теңсіздік пен жекеменшікті жою – адамзат эволюциясының моральдық күші. Кедейліктің мәнін тану онша қиын емес, бірақ оның мәнін танудың өзі оны жоюды мақсат тұтқандықтан, кедейліктің мәнін кедейлікті жою тұрғысынан түсіну өте күрделі. Қазіргі қоғамда саясиланудан және моральданудан ажыратылған бір ұғым бар. Ол – біз жиі айтатын нәтиже. Егер нәтиженің саяси және моральдық сипатын қайта қалпына келтірсек, шын мәнінде нәтиженің өзі теңсіздік. Қазіргі қоғамда қабілетті адамның жақсы өмір сүруі заңдылық ретінде қабылданады. Дәл сол сияқты біз алғашқы қауымдық қоғамда күшті адамның көп олжаға ие болуын заңдылық деп қабылдағанбыз, мұның түпкі айырмашылығы жоқ. Сондықтан теңсіздікті кедейліктің түпкі себебі, ал жекеменшікті теңсіздік тудыратын жанама себеп, ал қоғамның саяси жүйесін жекеменшікті сақтап тұратын негізгі себеп деп қарастыру – кедейлікті түсінуді күрделендіріп қана қоймай, сонымен қатар оны жоғары деңгейде саясиланған мәселеге айналдырады. Маркстың адамзат қоғамын танудағы даналығы – оның алдындағы ойшылдардан әлдеқайда асып түскендігі, ол мәселенің түбін дөп басып, теңсіздікті шешудің жолы ретінде жекеменшікті түбегейлі жоюды ұсынды.
Қазіргі қоғамда кедейлік мәселесі жеке мәселе емес, ол күрделі мәселелер тобы. Оның мәні кедейдің табыс деңгейіне қатысты техникалық мәселе емес, адамзат қоғамының жүйесіне қатысты түбірлі мәселе. Адамзаттың үздіксіз материалдық баюға ұмтылуының ұтымды үдерісінде адам табиғатынан алшақтаған теңсіздіктерді қалай қалыптастыруға жол бермеу қазіргі қоғам жауап беруі қажет негізгі мәселе болып қала береді.
Пейннің бәсекелестік және теңсіздік теориясы
Қалай десек те, кедей адамдардағы кіріптарлық пен жоқшылық теңсіздікпен біте қайнасып жатыр. Осындай логикаға сүйене отырып, біз теңсіздік қалай пайда болғанын түсінуіміз қажет. Руссо адамзаттағы теңсіздіктің пайда болу процесін жүйелі түрде талдап көрсеткен ғалым. Сондықтан саяси философия тұрғысынан басқа теориялық түсініктеме ұсыну оңай емес сияқты. Кент Флэннери мен Джойс Маркус өздерінің «Адамзат теңсіздігінің бастауы» атты еңбегінде былай дейді: «Руссоның барлық ұсақ қателерін тауып шығу қиын емес, бірақ бұл ДНҚ туралы білмегені үшін Грегор Мендельді сынаумен бірдей мағынасыз шаруа». Психологтардың теңсіздіктің түпкі себептері жөніндегі зерттеулері өте қызық. Кейт Пейн өзінің «Сынған баспалдақ – теңсіздік сенің өміріңе қалай әсер етеді» атты кітабында салыстырудың теңсіздікке қалай ықпал ететінін баяндайды. Ол еңбегінде бір апат себебінің зерттеу нәтижесін келтіреді. Жол апатынан зардап шеккендердің барлығы дерлік өз жүргізушілерінің шеберлігі көптеген жүргізушілерге қарағанда жақсырақ деп санайды, бірақ іс жүзінде олардың жүргізу дағдылары мен басқа жүргізушілер арасында айтарлықтай айырмашылық жоқ. Тағы бір волонтер өз еңбегін бағалау тәжірибесінде дерлік барлық еріктілер өздерін өзгелерге қарағанда неғұрлым моральды, мейірімді әрі сенімді санаған. Кейт Пейннің тұжырымы бойынша, қоғам белгілі бір қасиетті қаншалықты жоғары бағаласа, адамдар соған қатысты өз қабілетін соншалықты асыра дәріптеуге бейім дейді. Аристотельден бастап, қоғамдағы мәртебесі көтеріле бастаған тұлғаларды драмалық шығармаларда батыр етіп көрсеткен. Өйткені тек жоғары әлеуметтік мәртебеге ие адамдар ғана мейірімді әрі асыл болуы мүмкін. Ал мейірім мен тұлға қоғам кеңінен құрмет тұтатын қасиеттері. Кейт Пейннің пайымдауынша, мәртебеге деген құштарлық тек адамға ғана тән емес, көптеген адамдық апатқа жатпайтын приматтарды зерттеу барысында да осындай құбылыстар табылған. Мысалы, маймылдарға жасалған тәжірибеде оларға әртүрлі жеміс берілгенде, маймылдардың реакциясы нақты қай жемістің берілгеніне емес, басқа маймылдармен салыстырғандағы өз орнын қай деңгейде сезінгеніне көбірек байланысты болған. Басқаша айтқанда, маймылдарда да айқын бәсекелестік, салыстыруға бейімділік бар екені байқалған.
Шын мәнінде, адамзаттың белгілі бір қасиеттерді жаппай дәріптеуінің басты себебі олардың символдық мағынасы емес, қайта сол қасиеттердің бірқатар материалданған мазмұндармен байланысты екенінде. Джон Ролз ХХ ғасырдың белгілі саяси философы, өмірбаянында екі інісі мен өзінің айырмашылығы өмірлерінің ұзын-қысқалығында екенін жазған. Әркім өзін ақылды және дарынды адам деп санайды, бірақ адамның ақыл-парасаты көп ізденудің нәтижесі, кездейсоқ табысқа жетуі, адамның жолы болу деп болжайды. Ең қуатты, ақылды, бәсекеге қабілеттілер, әдетте, теңсіздікті күшейтетін нәтижелерді қолдауға бейім болады, өйткені олар туа біткен артықшылықтары бар адамдар. Мұндай артықшылықтан мақұрым адамдар, керісінше, әділ бөлініске көбірек ұмтылады. Сондықтан біз жиі байлардың тиімділікті көбірек дәріптейтінін, ал кедейлердің әділдікті жиі назарға алатынын көреміз. Джон Ролз өзінің әйгілі «Әділет теориясы» еңбегінде: «Адам өз мүддесін ысырып тастаған жағдайда, барлық адамдар теңдікке бейім болады» деп атап көрсеткен. Қуатты, қабілетті, шығармашылыққа бейім, бәсекеге қабілетті адамдардың әлеуметтік қасиеттерінің артында олардың жеке байлығы, материалдық мүддесі және соған байланысты қоғам тарапынан көрсетілетін құрмет пен табыну идеясы тұрады. Бұл оларға психологиялық қанағат әкеледі. Бұл қасиеттердің барлығы нақты материалданған өнімдер. Мұндай қабілетті адамдар, әдетте, қоғамда жоғары мәртебеге ие. Ал адамның өмір сүру барысындағы қажеттіліктері материалдық байлықпен тікелей байланысты. Мұндай материалдық байлық адамзат дамуының әртүрлі кезеңінде әрқалай көрінеді де, адамдардың әлеуметтік мәртебесін салыстыру құбылысын қалыптастырады. Менің мұндай пайымымда биологиялық детерминизмнің түсі бар екені анық, бірақ біз әлеуметтік-экономикалық құбылыстарды зерттегенде көбіне адамды биологиялық тіршілік иесі ретінде қарастырудың негізгі мәселесін елемей кетеміз.
Адамзат қоғамы сырттай қарағанда мейірімге, үйлесімге, бірлікке толы қоғам болып көрінеді. Шын мәнінде адамзат қоғамында жеке тұлғалар ешқашан материалдық байлықты қуу мен бәсекелестіктен арылған емес. Мұндай бәсекелестік қоғамда жекелеген адамдардың байлыққа ие болу мақсатын туғызады. Бұл теңсіздіктің басты мәселесіне жақын себеп ретінде қарастырылуы мүмкін. Руссо атап өткен тауар, тап, мемлекет сияқты адамзат теңсіздігін тудыратын көптеген фактор белгілі бір дәрежеде тек адамзат теңсіздігін күшейтетін элементтер. Менің ойымша, оларды теңсіздіктің шынайы түпкі көзі деп айтуға болмайды. Адамзат қоғамындағы теңсіздікті адамзаттың биологиялық табиғи қасиеттері тұрғысынан түсіну идеясы мүлде ақылға сыйымсыз. Өйткені біздің өміріміз саяси, экономикалық және әлеуметтік сатыға көтерілген. Сондықтан теңсіздікті азайтуға бағытталған қандай шара қолданылса да, теңсіздік бәрібір сақталып қалады.
Кедейлік жалқаулықтан туындай ма?
Бірде мен кедейлікті жою жұмысымен айналысқан Хэбянь ауылына барғанда, Бейжіңнен келген бір досым ауылдағы көптеген қоғамдық орындардың кір-қожалақ, бейберекет екенін көріп, жай ғана: «Олардың кедей болуы, осы жалқаулығынан ғой», – деді. Мен күлімсіреп: «Бейжіңде талай орта тап өкілдері шоғырланып тұратын тұрғын үйлерді көрдім, олардың да баспалдағы мен айналасы кір-қожалақ, сонда оларды да жалқау дейсің бе?» – дедім.2.
Ауылдағы жұмыс туралы әңгіме болғанда, көпшілік: «Шаруаларды жұмылдыру керек, бұл олардың өз шаруасы», – дейді. Мен де алғаш ауылға келгенімде солай ойлайтынмын.
Бастапқыда мен «Хэбянь даму жұмыс тобын» құрдым, оның мүшелері ауылға тірек болып, игілікті іс жасайды деп үміттендім. Бірақ уақыт өте келе, жұмыс көбейген сайын, көп адам келмей қоятынды шығарды. Кейін «Хэбянь жастар кәсіпкерлік тобын» ұйымдастырдым, тағы да бір топ адам ауыл құрылысына үлес қосады деп ойладым.
Хэбянь ауылын дамыту барысында ауыл тұрғындары расында да көптеген қоғамдық жұмыстарды тегін атқарды. Бірақ ұжымдық еңбекті ұйымдастырудағы қиындық, біреу келмей қалса болды, көпшілік: «Олар келмеді, келесі жолы мен де келмеймін», – деп шыға келеді. Ақыр соңында әлгі «жұмыс тобы» да, «жастар тобы» да жайына қалды.
Керісінше ойлап көрейікші: біз қалада тұрамыз, егер коммуналдық қызмет болмаса, күнде әрбір ғимаратты аралап, тазалық жасайтын адамдарды табу мүмкін бе? Бір-екі рет тазалық жасауға болады, ал үнемі тазалауға кім келеді? Сонда қаланың таза болуы қала тұрғындарының еңбекқорлығынан ба? Ал ауылдың кір, лас болуы ауыл тұрғындары жалқау болғандықтан ба? Әрине, олай емес. Қаланың таза болуы – коммуналдық қызметтің болуынан. Ендеше, ауылда неге «ауылдық коммуналдық қызмет» болмасқа? Біз қалада барынша жақсы қызмет түрін алатын адамдармыз, неге ауылға келгенде ауыл тұрғындарын жалқау деп жоғарыдан менсінбей қараймыз?
Соңғы жылдары кедейлікті жою жұмыстары қызу жүрді. Ауылдардан түрлі ұрандарды көруге болады. Мысалы, үкіметтің кедейлікті жоюға деген шешімін айқындайтын: «Кедейлікті бірде-бір адам қалдырмай түп-тамырымен жою»; мейірімділікті білдіретін: «Кедейлерге қол ұшын беру, біз сізбен біргеміз»; сондай-ақ кедейлерді кедейліктен шығуға ынталандыратын көптеген ұран: «Кедей болсаң да жігерің жасымасын, саясат жалқауларды асырамайды», «Кедейлікті жою күтіп отырумен, сүйемелдеумен, талап етумен келмейді» деген сияқты.
Ойланып қарасақ, бұл да қызық. Егер мен өзім қатты кедей болсам, біреу келіп маған көмектессе, мен кедейліктен шыққым келмей ме? Көпшілік ауыздан түспейтін «Сенің кедейліктен шығуыңды біз қалаймыз, бірақ сенің де кедейліктен шығуға ұмтылысың болу керек» деген сөздің логикасы қандай?
Бірде, негізгі саты кадры маған: «Ли мұғалім, қазір кедейлікті жою оңай емес, халықпен жұмыс істеу өте қиын, шошқа бақ деп берсең, бақпайды, кедейліктен шығарайық десек, өздері біліп сәйкеспейді», – деді. Мен: «Шошқа бағып кедейліктен шығуға бола ма? Еңбегі көп қой, оның үстіне африкалық шошқа обасы келсе, сата да алмайсың», – дедім. Жұмыс істеу кедейлерді кедейліктен шығарады деп ойлай салуға болмайды.
Алғаш ауылға келгенде бір тұрғын маған: «Ли мұғалім, жаңа кәсіп аша алмасақ, көк асқабақпен қоректенетін шошқа бағып көрсек қайтеді», – деді. Содан мен шаруалармен ақылдастым, олар аса ынталы болмады, «кедейліктен шыққысы келмейтіндей» көрінді. Кейін байқадым: шын мәнінде, көк асқабақпен қоректенетін шошқа әр үйде бір-екі бас бар екен, тауға еркін жайылатын, өте баяу өсетін, денесі де шағын шошқа. Егер масштабты кеңейтсек, әртүрлі жем керек, шошқаға тиетін аурулар да бар дегендей.
Сыртқы әлем көбінесе «кедейшіліктен құтылу жоспарына» қатысты бұл екіұштылықты «шешім таба алмау» деп қабылдап, кедейліктен құтылғысы келмейді деп есептейді. Егер біреу акцияларға инвестиция салуға кеңес берсе, көптеген адам тартынуы мүмкін. Сонда олар бай болғысы келмейді дейсіз бе? Біз, қалада жүргендер, «тұрақты жұмыс істеп» күн көріп отырмыз, егер сол тұрақты жұмыстан айырылсақ, жағдайымыз шаруалардан да бетер болатын шығар. Сонда біз шаруаларға кедейліктен шығудың жолын қалай үйретеміз?
Әрине, біз «шаруа өлшемі» дегенді ұстанбауымыз керек, яғни сыртқы қолдауды қажет емес деп айтуға келмейді, оларға қолдау қажет. Мен кедейлікті жою ісімен жиырма жылдан астам айналысып келемін. Соңғы жылдар көптеген жерді араладым, соның ішінде өзім кедейлікті жоюға атсалысқан ауылымда да үлкен өзгерістер болды, кедейлікті нақты жою айтарлықтай нәтижелер берді. 2012–2018 жылдары 80 миллионнан астам кедей халық кедейліктен шықты. Сонда осы 80 миллионнан астам адам бірнеше жылдың ішінде жалқаулықтан еңбекқорға айналды дейміз бе? Егер шынымен солай болса, бұл дүниежүзіндегі әлеуметтанушылар үшін ең қызықты зерттеу нысаны болар еді.
XIX ғасырда өмір сүрген америкалық жазушы Горацио Алджер өз романдарында жүздеген «кедейліктен байлыққа жету» оқиғаларын суреттейді. Басты кейіпкерлері қаншалықты кедейлік батпағына батса да, соңында бәрі өздерінің ішкі жігері мен тынымсыз еңбегінің арқасында кедейліктен шығып бай болады. Бұл әңгімелердің өзегі адамның тағдыры негізінен өзінің қолында дегенді білдіреді. Міне, бұл бүгінгі күнге дейін қоғамның жалпы түсінігіне ықпал етіп отырған «жеке күш-жігер арқылы кедейліктен шығу моделі». Осындай көзқарастың ықпалындағы біз кедейлікке тап болғанда, кедейленудің себебі жалқаулық пен ішкі жігердің жетіспеушілігі деп ойлаймыз.
Алайда біз кейде американдық үлгінің бірегейлігін елемейміз. Америка Құрама Штаттары құрылғанға дейін Солтүстік Америкаға Англиядан, Ирландиядан және басқа жерлерден көптеген кедей келді. Мемлекет те, қоғам да болған жоқ, ең бастысы, байлық пен мүліктік айырмашылықтары болмады. Қанау күшіне енбеген кез, білім мен денсаулық сақтауда ешқандай айырмашылық болмаған шақ. Барлығы бірдей бастапқы сызықтан бастады. Осындай жағдайда, әрине, байлыққа жету жеке күш-жігерге байланысты болды. АҚШ құрылғаннан кейінгі жүздеген жылдар бойы Солтүстік Америкаға көшіп барған ақтардың негізінен барлығы ауқатты адамдарға айналды, бұл «Америка арманы» деп аталды.
Бастапқы негіз бен мүмкіндіктер тең болған жағдайда жеке күш-жігер шынында да байлыққа жетудің функциясы болатыны рас. Бірақ неге АҚШ-тағы қаралардың тұрмысы ақтарға қарағанда әлдеқайда төмен деңгейде болды? Гарвард университетінің белгілі экономисі Альберто Алесина өзінің «Америка мен Еуропадағы кедейлікке қарсы саясат» атты еңбегінде мұны анық түсіндірген. АҚШ Конституциясы ақтар мен ауқаттылардың меншігін және мүддесін нақты қорғайды.
«Кедейлік жеке адамның сәтсіздігі» деген аргумент ақ нәсілді американдықтардың өздерінің тәжірибесіне негізделген түсінік. Бұл түсінік Америка Құрама Штаттарындағы басқа этникалық топтарға сәйкес келмейді. Өйткені бұл этникалық топ – ақ нәсілді адамдар билік, байлық және активтерді жинақтағаннан кейін біртіндеп қалыптасты. Салыстырмалы түрде алғанда, Латын Америкасы АҚШ сияқты жалпыға ортақ байлық деңгейіне жете алған жоқ. Сонда Латын Америкасындағы ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан миллиондаған кедейлердің бәрі жалқау болғаны ма? Көптеген зерттеулер Латын Америка дамуының бастапқы кезеңінде мүліктік иеленудің тең болмағанын, дәл осы Латын Америкадағы кедейлікті туындатқанын көрсетеді.
Қытайдың реформа мен ашық есік саясатының алғашқы кезеңінде даму шарттары салыстырмалы түрде тең болды. Соның нәтижесінде нарықтық реформалар аясында миллиондаған шаруалардың тұрмысы жақсарды. Реформаға дейін шаруалар жалқау еді, реформадан кейін кенет еңбекқор болып кетті деу шындыққа жанаспайды, кедейліктің себебі олардың жалқаулығында емес.
Хэбянь ауылы – тау шатқалында орналасқан Яо халқының қонысы. 2015 жылы мен алғаш рет бұл ауылға барғанда, алғашқы әсерім: ауылда бірде-бір кірпіштен салынған үй болған жоқ. Үйлердің бәрі терезесіз ескі ағаштан тұрғызылған. Ауылға кіретін 8 шақырымдық жол ирелеңдеген бұрқылдаған топырақ, көлікпен 40 минут жүргеміз. Жауынды маусымда бұл жол мүлде жүруге жарамайды. Сол жылы ауыл халқының жан басына шаққандағы қолжетімді табысы 4303 юань болды, оның 45%-ы ауыл шаруашылығынан, соның ішінде 27%-ы қант құрағынан түскен табыс. Ауыл Азия пілі мекендейтін аймақта орналасқандықтан, пілдер қант құрағы егілген атызды таптап халықты шығынға ұшырататын. Бірақ қорықтан берілетін өтемақы әр му (≈0,067 га) жер үшін бар болғаны 700 юань, ал қалыпты жағдайда қант құрағының әр муынан 2000 юаньнан астам табыс түседі.
Хэбянь ауылы азшылық ұлт қонысы болғандықтан, көптеген тұрғын мандарин тілінде сөйлей алмайды. Тілдік және басқа да шектеулерге байланысты ауыл адамдары алысқа барып жұмыс та істемейді, тек таудың етегіндегі жерлерде анда-санда жалдамалы жұмыс істейді. 2015 жылы олардың күндік жалдамалы еңбектен табатын табысы 80-100 юань шамасында болды, бірақ жұмыс күнде бола бермейтін. Сол жылы ауыл халқының күнделікті тұтыну шығыны жалпы шығынның 41%-ына жетті. Ал балалардың білім алу шығыны 25%-ға дейін көтерілді. Төмен табыс жағдайында заманауи тұтыну мәдениеті шаруалардың нақты шығынын үнемі арттырып отырды. Нәтижесінде көптеген шаруа қарызға сүйеніп күнелтті. Заманауи әл-ауқат элементтері – білім беру, медицина сияқты шығындар міндетті шығын болып қала берді. Оған дәстүрлі шығындар қосылып, Хэбянь ауылының шаруалары «үш жақты қақпанға» (төмен табыс, жоғары шығын, жоғары пайызды қарыз) түсіп қалды. Егер мен сол ауылда тұрсам, мүмкін ең кедей шаруаның өзі болар едім.
Мен таудың етегіндегі ауылға зерттеу жасауға барғанда, сол жердегілер: «Сіз сол жерде кедейлікті жоюмен айналысып жүрсіз бе? Хэбяньдағы Яо халқы жалқау ғой», – дейді. Бірақ біз бұл ауылдардың нақты жағдайын шын мәнінде түсінгенде, олардың кедейлігін жалқаулық, надандық, жігерсіздік немесе ақылсыздық деп түсіндіруге қаншалықты негіз бар деп ойладық.
Мен ауылдағы адамдардың күн сайын тынымсыз еңбек етіп жүргенін көрем. Олар таңғы алтыда тұрып, шошқаға жем теріп, қант құрағын орады, тіпті, кейде түн ортасында барып каучук кесіп қайтады. Әйелдер басқа ауылдарға барып қарбыз жинауға көмектеседі. Сол үшін олар ауа өтпейтін ыстық пленка астында жылыжайда жұмыс істейді, қожайын оларға бір жұтым су да бермейді, жол шығынын да төлемейді. Олар таңғы бестен аса велосипедпен таудан төмен түсіп, жылыжайда қараңғы түскенше жұмыс істейді, бір күні 100 юань.
Ауыл тұрғындары жиі: «Ақша табу өте қиын, ақша табудың жолын білмейміз», – дейді. Олар тапқан ақшасын «әрең тапқан ақша», «бейнетпен тапқан ақша» деп атауға дағдыланған. Бұл үйреншікті сөз шын мәнінде олардың жағдайын дәл сипаттайды. Олар үшін ақша табу оңай іс емес, олар көп күш жұмсап, басқалар кірпиязданып істемей кеткен жұмысты істеп, көп бейнеттеніп бір күндік нәпақаны зорға табады.
Хэбянь ауылындағы 28 отбасының 2015 жылы орта есеппен білім алуға жұмсаған шығыны әр жанұяның жалпы шығынының 20%-ын құрады. Білім алуға жіберілген шығынды 10 отбасының тек екеуі ғана таза табыс арқылы жапқан. Көп отбасының 2015 жылғы шығыны шамадан тыс көп болғандықтан, олар таза табыс алуға қол жеткізе алмады. 2015 жылы медицинаға жұмсаған шаруалардың орташа шығыны 4233 юаньды құрап, жан басына шаққанда орта есеппен 1141 юань болды. Сөйтіп, медициналық шығындар ауыл тұрғындарының жалпы шығынының 17%-ын құрады. Оның ішінде шаруалардың 29%-ын құрайтын 16 шаруа ауру немесе жазатайым оқиғалар салдарынан ауруханада жатқан болмаса ота жасатқан және бұл шығындар жалпы медициналық шығындардың 37%-ын құрады.
Ауылда бірде-бір ауқатты отбасы жоқ, бірде-бір дұрыс үй де жоқ. Олардың осындай жағдайға түсуі жалқаулықтан ба? Шындығында, олардың кедейлігі қалыптасқан жүйеге терең бойлаған кедейлік. Хэбянь ауылы тұрғындары сияқты «кедейлер» еңбек нарығына кіргенде, табыс табуға әрекет еткенде басқалармен бәсекелесе алмайды. Өрши түскен теңсіздік қоғамында Ма Юн сияқты жеке еңбегімен зор табысқа жеткен үлгілер болса да, жалпы алғанда кедейлер мен байлар бірдей бастапқы сызықтан шықпайды. Кедейлердің жеке күш-жігермен байып кетуі барған сайын қиындап барады. Нарық кедейлерге пайда әкелуі мүмкін, бірақ нарық ешқашан кедейлерге қолайлы жүйе болған емес. Белгілі бір тұрғыдан алғанда, «Кедейлік жалқаулықтан» деген тұжырым жалған.
Льюистің «Кедейлік мәдениеті: Мексикадағы бес отбасының естелігі», Бэнфилдтің «Артта қалған қоғамның мәдениет негіздері», Харрингтонның «Басқаша Америка» еңбектері Мексика, Италия және АҚШ сияқты әртүрлі қоғамдардан жиналған тәжірибелік деректер арқылы «кедейлік мәдениеті» ұғымының теориялық құрылымын қалыптастырды. Льюис өзінің «Кедейлік мәдениеті» атты мақаласында: «Кедейлік мәдениеті бір рет қалыптасқан соң, ол міндетті түрде мәңгілікке ұмтылады. Лашықтардағы балалар алты-жеті жасқа келгенде-ақ кедейліктің субмәдениетіне тән негізгі көзқарастар мен құндылықтарды бойына сіңіріп үлгереді. Сондықтан олар психологиялық тұрғыдан өз өмірін өзгертуі немесе жақсартуы мүмкін жағдайлар мен мүмкіндіктерді қабылдауға дайын болмайды», – деп атап өтеді.
Көптеген адам осы зерттеуді кедейлікті жою жұмысына көшіріп қолданды. Кедейлік, әдетте, мәдениеттің жауапкершілігі ретінде және кедейлердің жалқаулығы мен надандығынан туындайды деп қарастырылады. «Көмек күту, сүйену, талап ету» кедейлерді сынайтын негізгі дискурсқа айналды.
Кез келген қоғамда жеке адамдардың сәтсіздігі болады, жеке күш-жігер байлыққа жетудің қажетті шарты екені сөзсіз, бірақ ол жеткілікті шарт емес. Кедейліктің жеке жауапкершілігі мен кедейлік мәдениеті теориясы – байлық, актив, білім және мүмкіндіктердегі үлкен айырмашылықтар. Бұл теория бізге тең қоғам құру жолындағы міндетімізді әлсіретеді және институционалдық өзгерістерді ілгерілетуге деген назарымызды басқа жаққа аударады.
Ауқымды кедейлікті жою науқанының жетістіктері институционалдық факторларды жоюдың кедейлікті азайтудағы рөлін дәлелдейді. Кедей отбасыларға бағытталған білім беру, медицина және тұрғын үй бойынша «үш кепілдік», кедейлікті жүйелі тұрғыдан жоюдың нақты мысалы. Ал кедейлікті жою науқанының қиындығы институционалдық өзгерістерді әрі қарай қалай жалғастырып, әділ экономикалық-әлеуметтік жүйені орнатуда жатыр.
Хэбянь тұрғындары неге кедей?
Хэбянь ауылында барлығы 58 шаруа отбасы бар, олардың ішінде «бес кепілдікпен қамтамасыз етілген» 1 отбасыдан 1 адам, «ең төменгі жәрдемақыға» тәуелді 18 отбасыдан 55 адам, ал нақтылы кедейлік бойынша тіркелген 20 отбасы бар. Нақты жағдай: екі ауыл бір-біріне құда болып «келін» болып барған, бірақ әлі де ауылдан шықпаған; тағы бір үйдің отағасы жыл бойы сыртта жұмыс істейтіндіктен, байланысқа шықпаған, т.б. Сондықтан бұл зерттеу қалған 55 отбасын, яғни 204 адамды қамтыды. Хэбянь ауылында 112 еркек, 92 әйел бар. Ауыл тұрғындарының орташа жасы 28.4 жас, бұл ауылды «жастар» ауылына жатқызуға болады. Ауылда 60 жастан асқан қарттар небәрі 10 адам, ал 51 жастан асқандар 21 адам ғана. Ауылда 5 партия мүшесі бар, олар ер адамдар. Әйелдердің ауыл құрылысына және ауылды басқаруға тең құқықпен қатысуы көрінбейді. Ауыл мәселелерін талқылау мен демократиялық кеңес жиналыстарында әйелдер өте сирек сөйлейді, шешім қабылдауға қатысса, тіпті болмайды.
Хэбянь ауылының жалпы жер көлемі 782,3 му, оның ішінде суармалы егістік 145,7 му, шөлді алқап 636,6 му, ауыл тұрғындары өздері иелік еткен каучук егетін жер 1382 му. Жан басына шаққанда суармалы егістік 0,7 му, құрғақ сусыз жер 3,1 му. Хэбянь ауылы таулы жерде орналасқандықтан, суармалы жер аз. Ауыл ішінде қыс маусымына сақталатын дақылдар егуге жарамды егістік жер көп емес, сусыз жерлердің басым бөлігі қант құрағы мен жүгері егуге пайдаланылады.
2015 жылы Хэбянь ауылы шаруаларының негізгі табыс көзі қант құрағы болды. Деректерді нақты талдау барысында нәтижеге қателік енгізуі мүмкін тым үлкен және тым кіші құндар алынып тасталды. Ең кіші құн ауылдағы бес кепілдікпен қамтамасыз етілген үй, оның азық-түлік пен медицинаға ақшалай шығыны 1200 юань. Ең үлкен құн ауылдағы ең бай кісі Сяо Хы, ол 2015 жылы Яо ұлты адамдарынан 416 му жер жалға алып, қант құрағын өндірген, жерге 20 мың юаньнан астам ақша қарыз салған, сондықтан оның шығыны ауылдағы басқа тұрғындардың орташа деңгейінен әлдеқайда жоғары. Бұл екі шаруаның жағдайы ерекше болғандықтан, бүкіл ауылдың статистикалық талдауына енгізілмеді. Хэбянь ауылында 2015–2016 жылдардағы әрбір отбасының орташа жылдық табысы 22118 юань, ең жоғары табыс 46627 юань, ең төменгі табыс 3800 юань. 2015–2016 жылдары жан басына шаққандағы қолжетімді табыс 5832 юань болды. Бұл көрсеткіш сол жылғы Қытайдағы ауыл тұрғындарының жан басына шаққандағы қолжетімді табысынан (11422 юань) әлдеқайда төмен. Сондай-ақ сол жылғы Юньнань өлкесіндегі ауыл тұрғындарының жан басына шаққандағы қолжетімді табысы 8242 юаньнан төмен.
2015–2016 жылдары Хэбянь ауылы тұрғындарының табысы негізінен ауыл шаруашылығы мен трансферттік табыстардан құралды: ауыл шаруашылығынан түскен табыс – 38%, еңбекақы – 25%, трансферттік табыс – 23%, мүліктен түсетін табыс – 6%.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінен түсетін табыс. 2016 жылы егіс дақылдарынан түскен кіріс 98%-ға жетіп, Хэбянь ауылы тұрғындарының ауыл шаруашылығы өнімінен кірген табыстың негізгі бөлігін құрады. Мал шаруашылығынан түскен табыс небәрі 2% болды. Хэбянь ауылының егіншілік табысына қант құрағы, кардамон, глютенсіз бұршақ, каучук және тағы басқалар кірді. Оның ішінде қант құрағы – ауыл тұрғындарының негізгі табыс көзі. Қант құрағының әр үйге шаққандағы орташа табысы шамамен 5800 юань. Одан кейінгі орында кардамон әр үйге шаққандағы орташа табыс шамамен 3200 юань. Хэбянь ауылында кардамоннан түскен табыс 2015 жылмен салыстырғанда айтарлықтай өсті. 2015 жылы кардамон өнімінен кірген әр үйдің орташа табысы шамамен 720 юань болса, 2016 жылы бұл көрсеткіш 2015 жылмен салыстырғанда 4 еседен жоғары болды. Ал глютенсіз бұршақтан түскен табыс 2015 жылмен салыстырғанда 40%-ға жуық азайды. 2014–2015 жылдары Хэбянь ауылының қант құрағынан түскен әр үйдің орташа табысы шамамен 5600 юань болды, бұл көрсеткіш 2015 жылмен негізінен тең. Кардамон мен глютенсіз бұршақтан түскен табыстардың мұншалықты құбылуы ауылшаруашылық өнімдері нарығы климатқа тікелей байланысты екенін көрсетті.
Глютенсіз бұршақтың нарықтық бағасы қатты құбылды. Автор сұхбат берген бір аптаның ішінде 1 кг-ның бағасы 1 юань 50 тиыннан 6 юаньға дейін өсті. Алайда бұршақ теру уақыты бағаның өзгеру жылдамдығына ілесе алмайтындықтан, көптеген ауыл тұрғындары баға ең жоғары болған күндері бұршақты сатып үлгермеді. Олардың басым көпшілігі 1 кг-ды 1 юань 50 тиыннан сатты. Біздің есебіміз бойынша, глютенсіз бұршақтың өзіндік құны (жұмыс күшінің құнын қоспағанда) шамамен муына 1000 юань. Егер жұмыс күшінің құнын есептесек (жергілікті жерде бір жұмысшы күніне 80 юань табады деп есептеледі), онда бір му глютенсіз бұршақтың еңбек шығыны кем дегенде 3240 юань болады. Демек, бір му глютенсіз бұршақтың жалпы шығыны кем дегенде 4240 юань болуы тиіс, сонда ғана шығынсыз табыс шығады. Әр му-дың орташа өнімділігі 1 тонна деп есептегенде, глютенсіз бұршақтың нарықтық бағасы кемінде 1 кг-мы 4 юань 30 тиын болуы керек, сонда ғана өзін-өзі ақтайды.
Құрғақ кардамон бағасы 2015 жылы 1 кг-мы 300 юань болса, 2016 жылы 1 кг-мы 280 юань болды, яғни нарықтағы бағасы тұрақты. Бірақ 2015 жылы Хэбянь ауылындағы кардамон қолайсыз ауа райына байланысты дерлік өнім бермей, түсімі өте аз болды. 2016 жылы ауа райы жақсарып, кардамонның өнімі айтарлықтай артты. Статистикаға сәйкес, Хэбянь ауылында кардамон екпеген отбасы қалмаған, 7 отбасы ғана еккен жоқ, қалған 48 отбасы орта есеппен әрбіреуі 11 му шамасындағы жерге кардамон еккен. Кардамонға дәрі шашып, арамшөп отаудың қажеті жоқ, еккеннен кейін 3 жылдан соң түгелдей қолайлы климат жағдайында табиғи түрде өсіп, жеміс береді. Тұрғындардың айтуынша, кардамон жиналған кезде әр му-ға бар болғаны 5-6 жұмыс күші ғана жұмыс істейді. Сондықтан кардамонның күтіп-баптау шығыны салыстырмалы түрде төмен. Бірақ кардамон өнімі ауа райына қатты тәуелді, өте тұрақсыз. Ауыл тұрғындарының айтуынша, бір му-дан, әдетте, 30 кг-дай жас кардамон алуға болады, ал ауа райы қолайсыз болғанда бір түйір де бермей қояды. Сондықтан шаруалар бұл табысқа тұрақты сенім арта алмайды.
Қант құрағын сатып алу бағасы салыстырмалы түрде тұрақты әрі көп еңбек күшін қажет етпейді, сондықтан бұл өңірдің тұрақты табыс көзі. Бірақ Хэбянь ауылы тропикалық орманда орналасқандықтан, пілдер жиі топтасып келіп, қант құрағын жеп, таптап кетеді, сол кездегі шығын орасан зор. Соңғы екі жылда көптеген шаруа түгелдей шығынға батып, келесі жылы қант құрағын екпейміз деп мәлімдеді. 2015 жылы Хэбянь ауылында қант құрағын еккен 37 отбасының 22-сінің егісін пілдер бүлдіріп, қант құрағының зақымдану деңгейі 57%-ға жеткен, яғни бүкіл ауылдағы қант құрағының 60%-ға жуығын пілдер жеп қойған. Қант құрағына берілетін өтемақы әр му үшін небәрі 700 юань ғана, ал әр му-дың орташа шығыны 1500 юань. Бұл дегеніміз – әрбір му-дағы зақымдалған қант құрағы шаруаларға кем дегенде 800 юань шығын әкеледі, бұл ауыл тұрғындарының күнкөрісіне өте ауыр соққы.
Каучук өткен жылғыдай ауыр жағдайда қалды, бағаның төмен болуына байланысты ағаш кесіп латекс алу аз болды, каучук өнімінен табыс алған небәрі 5 үй ғана болды. Оның ішінде ең жоғарғы табыс – 540 юань, ең төменгісі – 60 юань, бұл ауыл тұрғындарының отбасы табысына негізінен ешқандай үлес қосқан жоқ. Ауылда 6 үй банан еккен, олардың ішінде 4 үй 2015 жылы жаңадан еккендіктен, әлі өнім алған жоқ, тек 2 үй ғана бананнан табыс тапты, олардың бірі – 400 юань, екіншісі – 4000 юань.
Жалдамалы жұмыс табысы. Хэбянь ауылындағы кіріс көзі ұзақ мерзім басқа жерлерге барып жалданып жұмыс істеген табыс пен ұсақ-түйек жұмыстан түскен табысқа бөлінеді. Ауыл ішінде тұрақты жалақы алатын 6 адам ғана бар. Олар: пошта бөлімшесінде жұмыс істейтін жалғызбасты әйел, оның жылдық жалақысы 19800 юань. Қалған 5 адам ауылдық әкімдікте қызмет атқарады. Олардың айлық табысы 200 юань. Ауылда табысы жоғары қызметтердің ішінде тағы да бір несиеге жауапты адам бар, оның айлығы 500 юань. Бір орманшы бар, оның айлығы 400 юань. Несие жауаптысы мен есепшінің жылдық жалақысы 7200 юань. Сонда ауылдағы пошта бөлімшесінде жұмыс істейтін әйелдің жалақысы – ең жоғары. Ұзақ мерзім сыртта жұмыс істеп табыс табатындар 11 адам, олардың ішінде бұршақ терушінің айлығы 3000 юань, автокөлік жөндеушінің айлығы 1650 юань. Сыртта тұрақты жұмыс істеп табыс табатындардың ең табыстысы Лаоста ағаш кесумен айналысатын жұмысшы, оның жылдық табысы 15000 юань. Ауылда 23 отбасы жалдамалы уақытша жұмыс арқылы табыс табады. Бұл табыс негізінен ауыл тұрғындарының егіншіліктен бос уақытында ауыл маңында істейтін жалдамалы жұмыстар. Мысалы, банан тасу, шұңқыр қазу, бұрыш теру сияқты. Бір сағаттық жұмыс ақысы 10-20 юань аралығында. Ауыл тұрғындарының уақытша жұмыс арқылы тапқан орташа табысы отбасы басына 3600 юань, ол отбасының жалпы табысының 13%-ын құрады. Біз Хэбянь ауылындағы еңбекақы табысы отбасының табыс құрылымында салыстырмалы түрде төмен үлесті құрайтынын байқадық. Бар болғаны 5 отбасының еңбекақыдан түскен табысы жалдамалы жұмыс табысынан көп болды, қалғандарының табысы негізінен егіншіліктен түскен табыс.
Трансферттік табыс. Трансферттік табыс Хэбянь ауылындағы отбасыларда үлкен үлеске ие, орта есеппен 23%-ын құрайды. Оның ішінде ең үлкен үлес қытай раушан ағашына берілетін субсидия. Ол бүкіл ауылдың трансферттік табысының жартысын құрайды. Бұдан кейін егістікті орманға айналдыру субсидиясы, жалпы субсидия және ең төменгі жәрдемақы субсидиясы бар. Қытай раушан ағашына берілетін субсидия ауылда жаңадан пайда болған кіріс түрі. Бұл 2015 жылы Менгла ауданы үкіметінің «Экологияға тиімді каучук бақтарын салу» жобасын басқару шығынын өтеуге арналған қаржылай көмек. Хэбянь ауылында өсірілетіні – Хайнань раушан ағашы. Үкіметтің ережесіне сәйкес, әр му үшін 43 юань 70 тиын, ал әр ағаш үшін орта есеппен 8 юань субсидия беріледі. Хэбянь ауылында барлығы 42 отбасы субсидия алған, әр отбасының орта есеппен 3064 юань, ең көп алған бір отбасы 11 362 юань алған. Егістікті орманға айналдыру субсидиясын алғандар 39 отбасы, жалпы көлемі 1060 му. 2004–2012 жылдар арасында бұл субсидия әр му-ына 240 юань болса, 2013 жылдан бері әр му-ына 120 юань болып өзгертілген. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, 1999 жылы әр үйге электр қуатын жеткізу үшін ауыл тұрғындары 1200 му егістікті орманға айналдырып, Сяогань компаниясына жалға беріп, майлы ағаш еккен және ауыл тұрғындары мемлекет берген субсидияны компаниямен тең бөліскен. Хэбянь ауылында ең төменгі жәрдемақыға тәуелді 18 үй, бес кепілдікте 1 үй бар. Ең төменгі жәрдемақыға тәуелді отбасылар тоқсан сайын әр адамға 429 юань, бес кепілдіктегі бар отбасылар әр тоқсан сайын әр адамға 440 юань субсидия алады. Ауылда 60 жастан асқан 10 қарт бар, олардың ішінде тек 4 адам ғана зейнетақы сақтандыруын алады. Ауылдың есепшісінің айтуынша, зейнетақы сақтандыруына әр адам жылына 100 юань төлейді, жалпы 1500 юань жиналады. 60 жасқа толған соң, әр адам айына 60 юань зейнетақы алуға құқылы.
Жерді жалға беруден түсетін табыс. Қазіргі кезде ауылда небәрі 16 отбасында ғана жер жалдау табысы бар. Жерлерін банан егу үшін жалға берген, олар көбінесе таулы жерлер, жалдау ақысы әр му-ына 500 юань. Жер жалдау табысы Хэбянь ауылында отбасы табыс құрылымында үлкен үлеске ие емес. Ең көп табыс алған отбасының бір жылдық жер жалдау табысы 10000 юань, бұл отбасының жалпы табысының 60%-ын құрайды. Ал 16 отбасының орташа жер жалдау табысы, жалпы табыстың 14%-ын құрайды. Зерттеулерде Хэбянь ауылындағы отбасылардың жалпы шығыны негізінен 5 бөлімнен тұрады: отбасылық шаруашылық шығындары, күнделікті шығыстар, медициналық шығыстар, білім алу шығыстары және қаржылық шығыстар. Нақты есеп бойынша, 2015 жылы 55 шаруа қожалығының жалпы шығыны 1 667 044 юань болды, бір үйдің орташа шығыны 30310 юань, жан басына шаққанда 8172 юань. Мұндай жан басына шаққандағы жоғары шығынның пайда болуы негізінен Хэбянь ауылындағы бір ауқатты отбасының шаруашылық шығындарының өте көп болуынан, бұл жалпы ауыл тұрғындарының шығынынан жоғары көрсеткіш көрсеткен. Жекелеген шаруалардың кіріс-шығыс айырмашылығы өте үлкен болғандықтан, шектен тыс үлкен және өте кіші құналынып тасталған соң, 2015 жылы Хэбянь ауылындағы 53 шаруа отбасының ақшалай жалпы шығыны 1385 944 юань болды. Бір отбасының орташа ақшалай шығыны 26002 юань, жан басына шаққандағы ақшалай шығын 6755 юань. Оның ішінде медициналық жалпы шығын 250062 юань, отбасылық шаруашылық шығын 344789 юань, күнделікті тұтыну шығыны 561 091 юань, білім алу шығынының жалпы сомасы 153702 юань, қаржылық шығын 76300 юань, басқа шығындар 7860 юань. Оның ішінде күнделікті тұтыну шығыны ең үлкен үлесті алып, 41%-ды құрайды. Одан кейін отбасылық шаруашылық шығыны 25%, медициналық шығын 18%, білім алу шығыны 11% болды.
Отбасылық медициналық шығыстар. 2015 жылы Хэбянь ауылының жалпы медициналық шығыны 250062 юань болған. Бір отбасының орташа шығыны 4233 юань, жан басына шаққандағы шығын 1141 юань. Медициналық шығындар шаруалардың отбасылық жалпы шығынының 17%-ын құрады. Оның ішінде 16 отбасы ауруға немесе жазатайым жағдайға байланысты ауруханада жатып емделу немесе ота жасату шығындарын өздері көтерген, бұл жалпы отбасылардың 29%-ын құрайды, ал олардың жұмсаған шығыны жалпы медициналық шығынның 37%-ына жеткен. Ауруханада жатып емделу мен ота жасату шығындары жалпы медициналық шығынның көп бөлігін алмаса да, мұндай шығындар отбасылар үшін алғанда бір адамның сырқатқа шалдығуы отбасына өте ауыр салмақ түсірді. 2015 жылы Хэбянь ауылында «Жаңа ауылдық кооперативтік медициналық сақтандыруға» қатысқан адамдар саны 120 адам болды, қамту деңгейі небәрі 56%. Бұл Сишуанбаньна аймақ үкіметі алға қойған 95% қамту деңгейінен әлдеқайда төмен. Шаруалар, әдетте, отбасында жыл сайын сырқаттанып жүретін мүшелеріне ғана «Жаңа ауылдық кооперативтік медициналық сақтандыруға» жарна төлеген. Ал дені сау немесе дәрі сатып алуды қажет етпейтін жеңіл ауруы барлары сол жылы сақтандыру жарнасын төлемеген.
1-мысал: отбасылық медициналық шығыны ең жоғарысы – 24000 юань, осының барлығы дәрі-дәрмек пен күнделікті емдеуге кеткен. Сұхбат барысында белгілі болғандай, бұл отбасының отағасы азамат С – 24 жаста, ауыр асқазан дертіне шалдыққан, жыл бойы Сишуанбаньадағы Цзиньхун қаласынан дәрі сатып алып емделеді. Асқазан дәрілерінің бағасы қымбат әрі ол медициналық сақтандырудың өтеміне кірмейді. 2015 жылы бұл отбасы ай сайын 2000 юань көлемінде асқазан дәрісін сатып алуға мәжбүр болған, жыл соңында 24000 юаньға жеткен. Ата-анасынан бөлініп бір шаңырақ болғанымен, шаруашылықтары бөлінбеген. 2015 жылы екі отбасының егін және мал шаруашылығынан кірген жалпы табысы шамамен 38000 юань, ал отбасының жалпы шығыны 61690 юаньға жетті. Азамат C-ның анасы ауыр гинекологиялық дертке шалдыққан, 2015 жылы ауруханаға жату мен дәрі-дәрмегіне 10000 юань жұмсапты. Сонымен қатар азамат C-ның інісі тері ауруына шалдыққан, жыл сайын дәрі-дәрмекке 4000 юань қажет етеді. Үш адамның ауруын емдеуге кеткен жалпы шығын 38000 юань болып, отбасының жалпы шығысының 61,6%-ын құрады. Бұл отбасының кірісі шығынын жаппағандықтан, олар өткен жылдардағы жиған жинақтарын жұмсап, сырттан қарыз алып күн көруге мәжбүр болды.
Дәрі-дәрмек пен күнделікті ауруларды емдеуге кеткен шығын жалпы медициналық шығынның 58%-ын құрайды. Бұның басты себебі ауыл шаруаларының басым бөлігі асқазан ауруы, қан қысымының жоғары болуы, буын аурулары, әйелдер аурулары сияқты созылмалы дерттерге шалдығады. 2015 жылы жиыны 78 адам түрлі деңгейдегі әртүрлі ауруға шалдыққан. Бұл ауылдың жалпы халқының үштен бірінен артық деген сөз. 15 шаруаның медициналық шығыны әрқайсысына 5000 юаньнан жоғары болған. Біздің Хэбянь ауылында жүргізген зерттеу көрсеткендей, асқазан ауруы мен әйелдер аурулары өте кең таралған. Дәрі-дәрмекке тәуелді асқазан ауруының ауыр түріне шалдыққан 20 адам, ал әйелдер ішінде ауыр гинекологиялық ауруға шалдыққан 14 адам бар. Бұдан бөлек, буын ауруы, өкпе ауруы және ішек аурулары да көп адамнан анықталған.
Сұхбат барысында біз көп шаруалардың отбасылық экономикалық жағдайының шектеулі болуына байланысты тек шыдауға болмайтындай жағдайға жеткенде ғана дәрігерге қаралатынын, көбіне дәрі ішумен шектелетінін білдік. Шындығында, шаруалардың көбінде дәрі сатып алуға ақшасы болмайды, сондықтан көп жағдайда жергілікті ауыл дәрігеріне барып, шөп дәрілерін алып ауруын жеңілдетеді. Бұл көбіне ең тиімді емдеу уақытын өткізіп алуға әкеледі. Ауру дер кезінде бақылауға алынбағандықтан, қайтақайта асқынады да, шаруаларға ұзақ уақыттық қиындық туғызады. Ауруға байланысты басқа шығындар негізінен отбасы мүшесі ауруханада жатқанда қасында болған күтуші мен жол шығындарын қамтиды. 2015 жылы Хэбянь ауылында ауруға байланысты басқа шығындар жалпы медициналық шығынның небәрі 5%-ын ғана құрады. Бұл ауруханаға бару кезінде жол және күтім шығындарының жалпы медициналық шығынға ықпалы аз екенін көрсетеді. Бірақ ауруханада жату шаруалардың отбасылық экономикасына ауыр салмақ түсіреді және еңбек күшін шектейтіндіктен шаруалар ауруханада емделуге құлықсыз.
Ауру салдарынан кедейлікке тап болу – Хэбянь ауылының көпқырлы кедейлігінің маңызды факторларының бірі. Аурудың салдарынан туындайтын отбасылық еңбек күшінің жетіспеушілігі және медициналық шығынның тікелей ауыртпалығы шаруалардың отбасылық табысына қос тараптан қысым түсіріп, әлсіретеді.
2-мысал: азамат F биыл 33 жаста, отбасында 5 жан, 3 баласы бар. Ең кішісі – ұл, 2012 жылы туған. Үшінші баласы туған соң, көп ұзамай азамат F өзін жайсыз сезініп, жедел гепатит диагнозы қойылды. Әуелде, қаржылық жағдайының қиындығына байланысты, азамат F ауруханаға барғысы келмей, ауыл дәрілерімен емделуге тырысқан. Алайда ауруы жазылмай, тіпті барған сайын асқынған соң ғана амалсыздан ауруханаға жатып емделуге мәжбүр болды. Ауруды емдеу үшін үйдегі барлық жинаған жинағы таусылып, отбасы тақырға отырды, әрі қарайғы ем тек қарызға сүйеніп жалғасты. Бұрын несие серіктестігінен 50000 юань несие алғандықтан, азамат F-ға несие бермеді. 2013 жылы туыстуғандар мен достары және әр жерден қарыз жинап, алғашқы емге 85000 юань тапты. Қарызды қайтару үшін отбасы жаңа сатып алған жүк көлігін қайта сатып жіберді. Түскен ақшаны берешегін төлеуге жұмсады, бірақ соған қарамастан туыстардан алынған 50000 юань қарыз әлі жабылған жоқ. Емдеу үдерісі осы күнге дейін жалғасып келеді. 2015 жылы емге тағы қажет болғандықтан, азамат F тағы да туыстуғандарынан 15000 юань қарыз алды. Ұзақ уақыт үздіксіз ем қабылдаудың арқасында азамат F-тің жағдайы біраз жақсарды. Қазір тауға шығып, ауыр жұмыс істей алмайды, бірақ басқа үй мен шаруашылық жұмыстарын атқара алады. Дегенмен толық қалпына келуге әлі де уақыт бар. Азамат F өзінің денсаулығына және отбасының болашақ күнкөрісіне қатты алаңдайды. Үлкен баласы қазір орта мектепте оқиды, ал қалған екі баласы әлі кішкентай. Соңғы жылдары отбасы толығымен әйеліне сүйеніп отыр. Отбасында 2 му суармалы жер, 9 му құрғақ жер бар, 700 түп каучук ағашы қараусыз қалғандықтан, дұрыс өспей тұр. Отбасында еңбек күші жетіспейтіндіктен, ешкім барып баптап қарай алмаған. 2015 жылы азамат F отбасының ақшалай жалпы табысы небәрі 8300 юань болды, оның ішінде 3800 юань үкіметтен түскен трансферттік табыс, бұл жалпы табыстың 46%-ын құрады. Жан басына шаққандағы табыс 1660 юань. 2016 жылдың қаңтарына дейін азамат F отбасының сыртқы қарызы 135000 юаньға жеткен, оның ішінде банк несиесі мен пайыздары 70000 юань. Қазіргі табыс деңгейі мен азамат F-тің денсаулық жағдайын ескерсек, қарызды толық өтеу іс жүзінде мүмкін емес. Азамат F отбасы негізгі өндірістік активтердің басым бөлігін сатып жіберген, сондықтан олардың өндірістік активтері бүкіл ауыл ішіндегі ең аз деңгейде тұр, егіншілікке қажет құралдарды туыстарынан қарызға алып пайдаланады. Кішкентай балаларға қарау қажет болғандықтан азамат F-тің әйелі үйдегі жердің көп бөлігін жолдасының ағасына беріп, соның басқаруына тапсырған. Еңбек күшінің жетіспеушілігі, емдеу шығындарының қымбат болуы азамат F отбасының кедейліктен шығу үмітін әлсіретті. Жыл сайынғы табыс күнделікті шығын мен емдеу шығынын өтегеннен кейін, аздаған артық ақша болса да қарыз қайтаруға жұмсалады. Өндірісті кеңейтуге қаржы қалмайды. Азамат F-тің отбасы қазірдің өзінде кедейлік қақпанынан шыға алмайтын жағдайға терең батып отыр.
Еңбек күшті сыртқа шығарып, жалданып жұмыс істеу – шаруалардың отбасы табысын арттырудың және кедейліктен шығудың тиімді тәсілдерінің бірі. Алайда Хэбянь ауылында басқа жаққа барып жұмыс істейтіндер өте аз. 2015 жылы сыртта 6 айдан артық жұмыс істеген жастар небәрі 8 адам ғана. Оның үстіне олардың табысы көбінесе өздерінің күнделікті тұтынуына жұмсалып, үйге сирек ақша жібереді. Бірақ азамат D -ның жағдайы ерекше.
3-мысал: азамат D отбасындағы тұңғыш ұл, соңғы үш жыл бойы сыртта жалданып жұмыс істеп, үйіне қаржылай көмектесіп келген. 2015 жылы ол Гуандунда 10 ай жұмыс істеп, ай сайынғы жалақысы 3500 юань болды. Өзіне ай сайын 800 юань шығынданып, әр ай сайын үйіне 2000 юань жіберіп отырды. 2015 жылдың қараша айында үйде баспана жөндеу қажет болып, еңбек күші жетіспегендіктен, азамат D жиған 7000 юань ақшасын алып ауылына қайтып келді. Азамат D-ның анасы асқазан-ішек ауруына шалдыққандықтан, үйде тек жеңіл үй шаруасымен ғана айналыса алады. 2015 жылы ол ауруханада бір апта жатып емделіп 17000 юань шығынданды, оның ішінде «Жаңа ауылдық медициналық сақтандырудан» шамамен 8000 юань өтеді. Ауруханадан шыққаннан кейін де ол дәрі ішіп, тамырдан дәрі салдыру қажет болды, ай сайынғы дәрі-дәрмек шығыны орта есеппен 300-400 юаньға жетті. Азамат D-ның әкесі жоғары қан қысымымен ауырып, аяқ-қолы дірілдеп қалды да, денсаулығына байланысты ауыр шаруашылық жұмыстарын істей алмады. Отбасында тағы екі қарындасы бар, екеуі де оқып жүр. Үлкен қарындасы аудандағы орта мектепте оқиды, оның ай сайынғы шығыны шамамен 600 юань. Кіші қарындасы ауылдағы орта мектепте оқиды, оның ай сайынғы шығыны – 100 юань. Екі қарындасының бір жылдық оқу шығыны – 10200 юань (10 200 = 800×2 + 600×10 + 800×2 + 100×10), яғни айына орта есеппен 1020 юань. Осылай есептегенде, азамат D отбасының білім алу мен медицинаға жұмсаған орташа тұрақты айлық шығыны шамамен 1350 юань. Азамат D-ның 15 жасар інісі мектептен шығып, үйде жүр. 2015 жылдың соңында ол абайсызда ауылшаруашылық дәрісін ішіп қойып, дер кезінде ауруханаға жеткізіліп, асқазаны жуылған, оның емдеу шығыны 3000 юаньнан асты. Бұған қоса, үй салуға дайындық үшін отбасында ағаш кесетін құрал, моторлы ара сатып алуға 3600 юань жұмсалды. Сөйтіп, 2015 жылы азамат D отбасының жалпы шығыны шамамен 42000 юань болып, ешқандай артық қаражат қалмады. Сыртта еңбекқорлықпен жұмыс істеуі және үнемшіл өмір салты азамат D отбасының табысын айтарлықтай арттырғанымен, отбасы мүшелерінің ауруы мен күтпеген жағдайлар бұл табысты түгелдей жойып жіберді. Отбасын асырау жауапкершілігі мен ауыр еңбек азамат D-ның денсаулығына да зиянын тигізді, ал отбасы мүшелерінің денсаулығы – Сяо D-ны қатты алаңдататын мәселе болып отыр.
Біз бүкіл ауылды қамтыған үй шаруашылықтарын зерттеуді аяқтаған соң, ойымыздан бір сұрақ кетпей қойды. Осындай табиғаты әсем тропикалық орман арасындағы ауылда не себепті соншама көп тұрғын әртүрлі ауруларға шалдығады? Қазіргі зерттеу нәтижелеріне қарағанда, ауылдағы қолайсыз санитарлық жағдай мен тұрғындардың дұрыс тамақтанбау әдеттері негізгі екі фактор болуы мүмкін. Хэбянь ауылында кедейлікті кешенді азайту шаралары жүргізілмей тұрғанға дейін, ауылда тек хатшының үйінде ғана дәретхана болған. Басқа шаруалардың ешбірінде дәретхана болмаған. Шаруалар үшін бұта арасы мен орман шеті «табиғи әжетхана» қызметін атқарған. Сонымен қатар ауылда тауық пен шошқа қолда ұсталып, еркін жайылып жүргендіктен, олардың ауыл аралап жүргенін кез келген жерде көруге болады. Адам мен малдың нәжісі мүлде бақылаусыз қалған. Ауылда ауызсу таудың тереңінен тартылған, су көзі қауіпсіз болғанымен, ешқандай тазарту процесінен өтпеген. Ауа райы ыстық болған кезде тұрғындардың қайнамаған шикі суды ішуі кең таралған жағдай. Егін науқаны кезінде ауыл тұрғындарының тамақтануы тәртіпсіз болып, жабайы көкөністерді көп тұтынуы асқазан ауруларына шалдығуына себеп болды. Ауыл тұрғындарының өте аз бөлігі ғана ауруханаға барып, мерзімді тексеруден өтеді. Қалғандары денсаулығында аздаған жайсыздық байқалса, шөп дәрілерін қолданып ауруын жеңілдетіп жүре береді. Алайда ауру асқынып кеткен жағдайда емдеу шығыны, керісінше, әлдеқайда қымбатқа түседі.
Нашар санитарлық жағдай мен дұрыс емес гигиеналық әдеттер Хэбянь ауылы тұрғындарын әртүрлі ауруларға шалдығуға бейім етті. Ауру бір жағынан отбасындағы еңбекке жарамды жастағы адамдардың еңбек күшінен айырылуына әкелсе, екінші жағынан қымбат медициналық шығындар отбасылардың өндірісті кеңейту мүмкіндігінен айырады. Мұндай әсер Хэбянь ауылында ондаған жылдар бойы кедейліктен шығуды барған сайын қиындата түсті. Қазіргі уақытта Хэбянь ауылындағы қарттардың үлесі небәрі 5%, 60 жастан асқан адамдар бар болғаны 10 адам. Олардың басым бөлігі әртүрлі ауруларға шалдыққан. Осындай санитарлық нашар жағдай балаларды да ауру қаупіне душар етеді. Хэбянь ауылында 3 бала түрлі деңгейдегі өкпе ауруымен ауырады, балалардың жалпы иммунитеті әлсіз, жиі тұмау мен қызуы көтеріледі. Кедейлік салдарынан ауру түрінде ұрпақтан ұрпаққа жалғасып отыр. Хэбянь ауылының санитарлық ортасын жақсарту, аурулардың ұрпаққа берілу тізбегін үзу, Хэбянь ауылының кедейлікті кешенді жою шараларының негізгі бағыттарының бірі болуы тиіс.
Шаруалар отбасының күнделікті тұтыну шығыстары. 2015 жылы Хэбянь шаруаларының отбасылық күнделікті шығыны жалпы 561091 юань болды. Бір үйдің орташа шығыны 10587 юань, жан басына шаққандағы шығын 2791 юань деген сөз. Күнделікті шығын жалпы шығынның ішіндегі ең үлкен үлесті құрайды. Ол шаруалардың азықтүлікке, киім-кешекке, тұрғын үйге, тұрмыстық жабдықтар мен қызметтерге, күнделікті көлік пен байланысқа, сондайақ сыйлықтарға және басқа да тұрмыстық шығындарға жұмсаған қаржысын қамтиды. Нақты есептеу барысында біз ұзақ мерзім пайдаланылатын заттар (мотоцикл, теледидар, күн энергиясымен жұмыс істейтін су жылытқыш және т.б.) сатып алуды, сондай-ақ ұзақ уақыт сыртта жұмыс істейтін адамдардың күнделікті тұтынуын шаруалардың тұрмыстық жабдықтар мен қызмет шығындарының қатарына енгіздік. Бұл осы бөліктің күнделікті шығындағы үлесінің неге жоғары болғанының негізгі себебі.
Күнделікті шығындар 8 бөлікке бөлінеді, оның ішінде ең үлкен үлесті темекі мен ішімдік алады – 25%. Хэбянь ауылындағы Яо ұлты ішімдік ішкенді ұнатады, бірақ ішімдікке жұмсайтын шығыны аса көп емес, ең көп шығын темекіге кетеді. Дерлік әрбір үйдегі ер адамдар, әсіресе еңбекке жарамды жастағылар темекі шегеді, көпшілігі күн сайын бір қорап темекі бітіреді. Бір қораптың бағасы 8-11 юань маңайында. Темекі тартатын бір ер адамның жылдық темекіге жұмсайтын шығыны орта есеппен 3000 юаньнан асады. Байланыс шығындары күнделікті шығыстың 18%-ын құрап, үшінші орында тұр. Хэбянь ауылында әлі стационарлық телефон желісі тартылмаған, қазір тек мобильді байланыс сигналын қабылдауға болады, бірақ сигналдың сапасы нашар. Ауыл ішінде ұялы байланыс пен интернет қолдану деңгейі жоғары, 15-30 жас аралығындағы жастар QQ, WeChat сияқты жылдам хабарласу бағдарламаларын және түрлі мобильді желілерді кеңінен пайдаланады, сондықтан олардың ай сайынғы интернет пен байланыс шығыны жоғары. Бұдан бөлек, телефон қоңыраулары қымбат болғандықтан, ауыл ішінде байланыс пен хабарласудың негізгі құралы – WeChat. Хэбянь ауылында арнайы ауылдағылар тобы бар, ауыл басшылары да WeChat арқылы ауыл ішіндегі ірі-ұсақ істерді хабарлайды. Хэбянь ауылының тұрғындары апта сайын кемінде бір рет Мэнбань қалашығына барады. Ауылдан қатынайтын жолдың бұралаң әрі қиын болуына байланысты жанармай шығыны да көп. Мэнбань қалашығына бір барып-қайтуға шамамен 5 юань көлемінде жанармай жұмсалады. Әрбір отбасы апта сайын кемінде бір рет Мэнбань қалашығына барып керек-жарағын алып қайтады.
Отбасылық шаруашылық шығындары. 2015 жылы Хэбянь ауылының отбасылық шаруашылық шығындарының жалпы сомасы 584589 юань болды, бір үйдің орташа шығыны 10629 юань, жан басына шаққанда 2866 юань. Отбасылық шаруашылық шығындарының жоғары болуына басты себеп, мысалы, азамат H-ның отбасы ауылдан тыс жерден 400 му жерді жалға алып, қант құрағын егумен айналысқан. 2015 жылы олардың өндірістік-шаруашылық шығыны 200 000 юаньнан асып, ауылдағы басқа тұрғындардың орташа деңгейінен әлдеқайда жоғары болған. Ауылдағы бес кепілдікпен қамтамасыз етілген отбасы еңбекке жарамсыз болғандықтан, олардың жыл бойы ешқандай шаруашылық шығыны болған жоқ. Сондықтан Хэбянь ауылының отбасылық шаруашылық шығындарының жағдайын нақты көрсету үшін, талдау барысында ең жоғары көрсеткіш – азамат H отбасының және ең төменгі көрсеткіш – бес кепілдікпен қамтамасыз етілген отбасының деректері алынып тасталды. Осы шектен тыс үлкен және кіші құнды алып тастағаннан кейін, ауыл тұрғындарының отбасылық шаруашылық шығындарының жалпы сомасы 344789 юань болды, сонда бір үйдің орташа шығыны – 6505 юань, жан басына шаққандағы шығын – 1715 юань.
Шаруалардың отбасылық шаруашылық шығындарының құрамында егін мен мал шаруашылығы шығындары 70%-ды құрайды. Өндірістік құралдарға жұмсалған шығындар 17%-ды, жанармай мен ауылшаруашылық құралдарын жөндеуге кеткен шығындар 13%-ды құрайды. Бұдан Хэбянь ауылы тұрғындарының негізгі күнкөріс тәсілі егіншілік екені көреміз. Сыртта жалданып жұмыс істеу мен еңбекақы табысының үлесі өте аз. Хэбянь ауылының шаруашылық шығындары негізінен қант құрағы, күріш, жүгері егуге және каучук алқаптарын күтіп-бағуға жұмсалады. Оның ішінде қант құрағы, ең негізгі табыс көзі болғандықтан, оған жұмсалған шығын да ең көп болады. Кейбір шаруалардың 2015 жылғы шаруашылық шығындарының жоғары болуы, бір бөлімі шығыны жоғары дақылдар салған, мысалы, глютенсіз бұршақ, банан сияқты экономикалық құндылығы бар дақылдарды егуге байланысты.
Өндірістік негізгі құралдарды сатып алу дегеніміз – кейбір шаруалардың жаңа үй салуға дайындалуына байланысты моторлы ара, ағаш кесетін құрал сатып алуы, сондайақ үш дөңгелекті көлік пен басқа да өндірісте қолданылатын ауылшаруашылық техникасын алуы. Өндірістік шығындарды есептегенде жанармай шығынын өндірісте қолданылған және күнделікті өмірде қолданылған заттарға қосып, бөлек есептедік. Шындығында, Хэбянь ауылы тұрғындары егістік жерлерінің тұрғын үйлерден алыс орналасуына байланысты, күнделікті егіс басына мотоциклмен баруға мәжбүр. Егін науқаны кезінде күн сайын бірнеше рет үйден егістікке барып қайтады. Экономикалық дақылдарды өсіру кезінде де мотоцикл қажет, өйткені өнімді жолдың бойындағы Нака ауылына жеткізу үшін пайдаланылады. Осындай жағдайларда, ауылшаруашылық өнімдерінің бағасы төмен болған кезде, тасымалдау шығыны шаруалардың табысын азайтып, Хэбянь ауылы тұрғындарының кірісін одан әрі төмендетеді.
Білім беру шығындары. 2015 жылы Хэбянь ауылында 28 шаруа отбасына білім беру шығындарын төлеу қажет болды. Бұл ауылдағы жалпы отбасылардың шамамен жартысын құрады. Барлық отбасылардың білімге жұмсаған жалпы шығыны – 153702 юань, бір отбасының орташа шығыны – 5489 юань, бір оқушыға орташа шығын – 4270 юань. Осының ішінде оқу, жатақхана және тамаққа жұмсалған шығындар 37%-ды құрады. Яғни оқушылардың оқуына байланысты төленетін оқу ақысы, жатақхана ақысы және мектеп асханасындағы тамақтану шығындары. Ұсақ-түйекке жұмсайтын ақша, үлкен үлес 52%-ды құрады. Бұның басты себебі – жергілікті оқушылардың көбі таңғы асты мектептің асханасынан алмай, басқа жақтан сатып жейді. Мектепке баратын көлік шығындары жеріңізге байланысты өзгереді, бірақ ол жалпы білім беру шығындарының аз ғана бөлігін құрайды, яғни 11%.
Мектеп жасындағы балалардың жалпы саны 36, бұдан бөлек оқу жасындағы бір бала мектептен шығып кеткен. Оқу кезеңінің ұзақтығы тұрғысынан қарағанда, Хэбянь ауылының оқушылары негізінен бастауыш, орталау және жоғарғы орта оқушыларынан тұрады. Бастауышта 19 бала, орталауда 13 бала, жоғарғы класта 4 бала оқиды. Жоғары ортаның білім шығыны ең жоғары. Ауылдағы білім беру шығыны 10000 юаньнан асқан 4 отбасының балалары жоғарғы сыныпта оқиды. 4 жоғарғы сынып оқушысының біреуі Менлга ауданында оқиды, қалған үшеуі қалашық орталығы Цзиньхундағы ұлттық орта мектепте білім алады. Олардың жатақхананы қосқанда күнделікті шығындары көп. Алыс болуына байланысты ауылдағы жоғарғы сынып оқушылары үйге сирек қайтады, сондықтан жолақы шығындары көп емес. Бастауыш мектептің жатақхана, ас және жол шығындары жылына, әдетте, 1200-1400 юань көлемінде, орта мектепте шамамен 1600 юань. Бұдан басқа, оқу орнының тұрақтылығына байланысты, біз бір оқу орнына қатынайтындардың жол шығынын бірдей деп есептедік. Апта сайын оқушылар бір рет үйіне қайтады. Бір оқу жылын 10 ай деп есептегенде, бұл зерттеуде оқушылардың жол шығынын есептеу формуласы мынадай: мотоциклдің бір жолғы жанармай шығыны × 2 × 4 × 10. Қазіргі кезде ауылдағы бастауыш сынып оқушылары түгелдей Наке ауылындағы «Үміт бастауыш мектебінде» оқиды. Орталау мектеп оқушылары түгелдей Мэнбань орта мектебінде оқиды. Тұрғындардың есебі бойынша, Накеге барып-қайтуға жанармай шығыны – 7 юань. Мэнбаньға барып-қайту шамамен 10 юань. Осылайша, бастауыш және орта мектеп оқушыларының бір жылдық жол шығыны, сәйкесінше 560 юань мен 800 юань арасында деп есептелді. Отбасының экономикалық жағдайы оқушылардың ұсақтүйекке жұмсайтын ақшасын анықтайды.
Бала оқытып отырған 28 отбасының орташа білімге жұмсаған шығыны отбасы жалпы шығынының 19,4%-ын құрады. Білімге кететін шығынның ең жоғары үлесін алған бір отбасында бұл көрсеткіш 64%-ға жетті. Басты себебі – толық емес отбасы, жалғызбасты ана ауылшаруашылық өндірісімен аз айналысатыны. Жыл сайын қысқа мерзімді жалдамалы жұмыстан түскен табыс пен үкіметтің кешенді трансферттік субсидиясына сүйеніп күнелтеді. Отбасында ірі медициналық шығындар болмаған жағдайда, табыс балалардың білім алуына және күнделікті шығыстарға жұмсалады. Жалпы 8 отбасының білім шығыны отбасының жалпы шығынының 20%-ынан асып кеткен. Мұның өзі мектеп жасындағы балалары бар отбасылардың білімге жұмсайтын шығыны көп екенін көрсетеді. Баланың білім деңгейі артқан сайын және оқушы саны көбейген сайын бұл шығындар да біртіндеп арта береді. Нақты сауалнамада көптеген ата-ана мен ауыл тұрғындары бала неғұрлым көп кітап алса, соғұрлым оқу ақысы қымбаттайтынын айтты. Ата-аналарды оқу шығындары үлкен қысымға түсірді, оның салдары оқушының оқуға деген қызығушылығын жоғалтты.
Білім алуға жұмсаған шығыны ең көп болған 10 отбасының ішінен біз екі отбасының ғана таза табысы (өндірістік шығындарын шегергеннен кейінгі табыс) білім алуға жұмсаған шығынын алып тастағанда артылып қалғанын анықтадық. Отбасы табысынан білім алуға жұмсаған ақшасын алып тастағанда, минусы ең жоғарысы Азамат H отбасы болды, өйткені 2015 жылы шығындар тым көп болғандықтан, таза табыс минусқа кеткен. Қалған 7 отбасында білімге кеткен шығыны табысқа үлкен салмақ түсірген. Осылардың ішінде 4 отбасы сол жылы бұрын жинаған жинақтарына немесе қарызға сүйеніп өмір сүрген. Тағы 3 отбасы білім шығынын шегергеннен кейін аздаған табыс қалған, бірақ ол да мардымсыз.
Қаржылық шығындар. Бұл зерттеуде отбасылардың қаржылық шығындары негізінен 2015 жылы Хэбянь ауылында тұрғын үй салуға кеткен шығындар бойынша есептелді. Хэбянь ауылы «Сяоюнь кедейлерге көмек орталығы» бірге атсалысқан ауылдық жерлердегі кедейлікті жеңілдету жобасының пилоттық ауылы ретінде таңдалған. Жоба жоспарына сәйкес, алдағы бірнеше жылда әрбір отбасының үй салу кестесі егжей-тегжейлі көрсетілген. Жоспардағы тұрғын үйлердің жобасы негізінен ағаш материалдарын пайдалана отырып, қажет жеріне аралас кірпіш қолдану. Шаруалардың өздері дайындайтын ағаш материалдары ескі үйден шешіліп қайта пайдаланылатын ағаштардан бөлек, ұжымдық орманнан кесілген немесе сатып алынған ағаштардан тұрады. Сондықтан, әдетте, «құрылыс материалдарын дайындау шығындары» деп аталатын шығынға ағаш сатып алу құны, моторлы ара пайдаланып ағашты кесу мен өңдеуге кеткен жанармай шығыны, сондай-ақ ағашты қолмен тасымалдауға жұмсалған шығындар (оның ішінде жалданған жұмысшыларды аспен қамту шығыны) жатады.
Сауалнамада шаруалардың жақын арада үй салу жоспары бар-жоғы да қарастырылды. Зерттеу нәтижелеріне қарағанда, 2015 жылы 17 отбасы үй салуға қажетті ағаш материалдарын дайындай бастаған. Құрылыс материалдарын дайындау шығындары отбасындағы ағаш қоры мен салынатын үйдің көлеміне тікелей байланысты. Ең аз шығын жасаған отбасының шығыны – 300 юань, бұның себебі – ол отбасы материал дайындауды кеш бастаған, зерттеуге қарағанда, енді ғана кіріскен. Ал ең көп шығын жасаған отбасы – 12 000 юань, өйткені олардың ағаш қоры аз болғанымен, материалдарын дайындап біткен.
Қарыз жағдайы. 2015 жылы Хэбянь ауылында барлығы 30 отбасы туыс-туғандарынан, достарынан немесе банк несиелік серіктестігінен қарыз алған және 2016 жылдың қаңтарына дейін ол қарыздарын толық өтемеген. 2015 жылы қарыз алған шаруалардың ішінде ең аз қарыз 300 юань болса, ең көбі 270000 юань болған. Жалпы қарыз сомасы – 518900 юань. Бір үйдің орташа қарызы – 9435 юань, жан басына шаққандағы қарыз – 2544 юань. Алынған қарыздардың негізгі бөлігі үй салуға, ауру емдеуге, білім алу шығындарына және күнделікті тұрмыстық шығыстарға жұмсалған. Ең көп қарыз алған шаруашылықтың табысы басқа шаруаларға қарағанда әлдеқайда жоғары. Сұрау салу барысында белгілі болғандай, бұл отағасы 2015 жылы қант құрағын өсіру үшін 270000 юань қарыз алған, бірақ қант құрағын жабайы пілдер бүлдіріп кеткендіктен, үлкен шығынға ұшыраған. Қант құрағы жиналған уақытқа дейінгі табыс 2014 жылғы қарызды өтеуге де жетпеген. сондықтан 2015 жылғы қарыз да түгел өтелмей қалған.
Ол отбасының қарыз көлемі басқа отбасыларға қарағанда шамадан тыс үлкен болғандықтан, Хэбянь ауылының орташа қарыз деңгейін көрсету мақсатында деректерді талдау барысында біз 2015 жылғы қарыз кестесін қайта жасап, шектен тыс үлкен құнды алып тастадық. Үлкен құнды алып тастағаннан кейін, 2015 жылы Хэбянь ауылының жалпы қарыз сомасы 248900 юаньды құрады, 29 отбасының орташа қарызы 8583 юань, жан басына шаққандағы қарыз 1220 юань болды.
Хэбянь ауылы шаруаларының қарыз алу тарихы ұзаққа созылған әрі олардың басым бөлігі әлі күнге дейін қарызын өтеп бітпеген. Зерттеу нәтижесінде, ауқатты азамат H отбасынан басқа, қазіргі уақытта Хэбянь ауылында 41 отбасының қарызы бар екені анықталды. Ең аз қарыз 300 юань, ал ең көбі 135000 юань, бұл да басқа отбасыларға қарағанда әлдеқайда жоғары. Бұл отбасындағы жағдай да ерекше, өйткені отағасы ұзақ жылдар бойы сырқаттанып, жыл сайын емделуге орасан қаржы жұмсауға мәжбүр болды. Соңғы он шақты жыл ішінде бірнеше рет банктен, несиелік серіктестіктен және туыстарынан қарыз алғандықтан, қарыз сомасы жылдан жылға өсіп, табысы банк пайызының өзін жабуға жетпей қалған. Ең жоғары қарыз 470000 юаньды қосқанда, Хэбянь ауылының қазіргі жалпы қарыз көлемі 1217800 юаньға жетті. Сонда бір отбасының орташа қарызы 22142 юань, жан басына шаққанда 5970 юань. Егер ең жоғары 470000 юаньдық қарызды алып тастасақ та, Хэбянь ауылының жалпы қарызы 747800 юаньға жетіп, бір отбасының орташа қарызы 13596 юань, жан басына шаққандағы қарыз 3666 юань болып қала береді. Екінші қарызы бар отбасы азамат Ф-ны (135000 юань) іріктелген тізімнен алып тастасақ, Хэбянь ауылының жалпы қарызы 612800 юань болып, әр үйге орта есеппен 11785 юань, әр адамға 3049 юаньнан келеді.
Жалпы алғанда, Хэбянь ауылы тұрғындарының қарыз жағдайы өте ауыр. Үш түрлі есептеу әдісінің нәтижесі де Хэбянь ауылы тұрғындарының жан басына шаққандағы қарызы 3000 юаньнан жоғары, ал әр отбасының орташа қарызы 10000 юаньнан асатынын көрсетті. Яғни 2016 жылы Хэбянь ауылы тұрғындарының жан басына шаққандағы таза табысы мемлекеттік кедейлік шегінен (2760 юань) жоғары болғанымен, қарыздарды өтеуге әлі де жеткіліксіз. Тек аздаған табысты арттыруды мақсат еткен кедейлерді сүйемелдеу саясаты қазіргі Хэбянь ауылындағы тамыры тереңге кеткен кедейлік мәселесін түбегейлі шеше алмайды. Бұған қоса, қомақты қарыз шаруаларды несие алуға ұрындырды. Қарызы аз немесе мүлде қарызы жоқ бірнеше отбасын қоспағанда, қарызы ең көп әрі ең қатты несиеге мұқтаж кедей отбасылар банктен немесе несиелік серіктестіктен қайтадан несие алуы өте қиын. Бұл шаруалар үшін жағдайды одан әрі ауырлата түседі. Бір жағынан, шаруалар үйін жөндеуге және қайта өндіріс инвестицияларына несие алуға қиналады. Екінші жағынан, олардың бұрынғы несие қайтару тарихы да банктер мен несиелік серіктестіктердің несие беруге құлқы болмауына себеп болады. Хэбянь ауылының кешенді даму шаралары шаруалардың үй салу үшін несие алуын қажет етеді. Мұндай жағдайда үкімет тарапынан беретін несие кепілдігі ерекше маңызды рөл атқарады.
Кедейліктің мәні туралы елес
«Дәлме-дәл кедейлікті жою» стратегиясы жүзеге асырылғаннан бері, кедейлікпен күрес бүкіл қоғамның назарындағы басты тақырыпқа айналды. Көп адам менен: «Неге кедейлікті жоюға сонша жылдар жұмсалды, кедейлердің саны неге әлі де көп?» деп сұрайды. Бұл сұраққа жауап беру әрі оңай, әрі қиын. Кейбіреулер үкіметтің кедейлікті азайтуға бөлген қаржысы діттеген мақсатқа жетпеді деп ойлауы мүмкін. Ал, енді біреулер байлар барған сайын байып, кедейлердің нәпақасын тартып алып жатыр деп есептейді. Кедейлік тағдыр мен кедейлікті жоюға әркім әртүрлі көзқараспен қарайды, ойлары да сан алуан.3 Сондықтан «Неге кедейлер саны барған сайын көбейіп жатыр?» деген сұраққа жауап беру өте қиын. Шынымен де, кедейлікті жоюға сонша жылдар жұмсалғанымен, кедейлер саны, керісінше, көбейіп кетті ме?
Шын мәнінде, кедейлік әрі объективті шындық, әрі саяси, экономикалық және әлеуметтік жағдай астында қайта туатын құбылыс. Реформа мен ашық есік саясатына дейін материалдық тұрғыдан қоғамда жалпыға ортақ кедейлік болды. ХХ ғасырдың 80-жылдарының орта шенінде үкімет кедейлікті жою стратегиясын жүзеге асыра бастады. Бірақ кедейлердің саны тым көп болғандықтан, мұндай ауқымды топтың бәріне бірдей қаржы бөлу мүмкін болмады. Сондықтан тек ең кедей топтарды ғана қамтуға тура келді. Ендеше, қайсысы ең кедей халық екенін қалай анықтауға болады? Осы мақсатта орталық үкімет кедейлік шегін белгіледі. Яғни табысы белгілі деңгейден төмен болған адам кедей саналды.
1978 жылғы кедейлік шегі шаруалардың жан басына шаққандағы жылдық таза табысы 100 юаньнан төмен болу еді. Ол замандағы 100 юань қазіргі уақытта қаншаға тең келетінін білмеймін. Бірақ сол кезді бастан өткергендер біледі: айына 10 юань тұрмыстағы қажеттілікті өтеуге жеткілікті болған. Жылына жан басына шаққанда 100 юаньдық табыс стандарты бойынша, 1978 жылы Қытайдағы кедейлер саны 250 миллион адам болған. 1985 жылы кедейлер саны 125 миллионға дейін азайды. Ал 1990 жылға қарай 85 миллион адамға дейін қысқарды. Сондықтан халықтың жадында 90-жылдар кедейлер саны 100 миллионнан азайғаны туралы түсінік қалыптасқан.
1993 жылы мемлекет «Кедейшілікпен күрестің жеті жылдық жоспарын» жүзеге асырды, оның мақсаты 1993 жыл мен 2000 жыл арасында 80 миллион кедей халықтың жартылай немесе тоқтық кедейлік мәселесін шешу. «Кедейшілікпен күрестің жеті жылдық жоспары» аяқталған соң, мемлекет кедейлердің мәселесі негізінен шешілгенін жариялады. Бұл қоғамға бізде кедей халық жоқ деген әсер қалдырды. Бұл әсердің объективтілігі де бар, өйткені реформаларға дейінгі жалпыға ортақ кедейлік айтарлықтай жеңілдеді. Бірақ кедейлік мәселесі негізінен шешілді деген тұжырым, бұл сандар ойынының нәтижесі.
ХХ ғасырдың 90-жылдары кедейлік шегі бірнеше рет түзетіліп қайта белгіленді. 2000 жылы кедейлік шегі 625 юаньға жетті, бірақ бұл көбіне бағаның өсуіне байланысты түзетудің нәтижесі еді. Нақты стандарт көп көтерілген жоқ, яғни біз әрқашан тым төмен кедейлік стандарты бойынша кедейлер санын есептеп келдік. Стандарт төмен болса, кедейлердің саны да аз болып шығады, осылайша кедейлер санының азаюы салыстырмалы түрде жеңілдейді. Мысалы, 1993 жылы кедейшілік шегін есептегенде, кедейшілікте өмір сүретін адамдардың саны 80 млн болған. 2000 жылы осы дерекке сүйене отырып, орталық үкімет кедейлердің «қарнын тойдыру» мәселесі негізінен шешілгенін жариялады. Егер қазіргі 2300 юаньдық сатып алу қабілетінің паритеті стандартымен есептесек, онда кедейлер саны 500 миллионнан асар еді. Мұндай жағдайда орталық үкімет 2000 жылы кедейлік мәселесі шешілді деп жариялай алмас еді. Кедейлік шегін белгілеудің бір жағынан объективті қажеттілігі бар, мысалы: шын мәнінде қанша қаржы күнкөріс үшін жеткілікті деген сұраққа жауап беру керек. Ал екінші жағынан, үкіметтің де қаржылық мүмкіндігін, сондай-ақ межеленген нәтижелерге қол жеткізе алуын ескеру сияқты әртүрлі факторларды қарастыруға тура келеді.
Ең маңыздысы бұл сандарды кәсіптік мекемелер мен мамандар есептейді. Күрделі деректер жинау, әртүрлі математикалық формулаларды қолдану қарапайым халықты ақпаратқа қол жеткізудің биік дуалының ар жағында қалдырады. Кәсіби білімнің көмегімен кедейлер бірте-бірте объективті шындықтан күрделі саяси, экономикалық және әлеуметтік ұдайы өндірістің өніміне айналды. Қоғамға әртүрлі деректер әсер етеді, ал ауыл тұрғындары үкімет белгілеген табыс ауқымы шегі ішінде өз орындарын пассив түрде іздеуге мәжбүр.
Ұзақ уақыт бойы ең төменгі кедейлік шегін сақтау қоғамның шынайы түсінігі мен мемлекеттің ресми насихаты арасында алшақтық туғызды. Ең төмен кедейлік шегін белгілеудің салдарынан көптеген адам кедейлік шегінен жоғары өмір сүреді делінгенімен, олар да өте кедей жағдайда болды. 2008 жылы үкімет әртүрлі факторларды ескеріп, кедейлік шегін 1196 юаньға көтерді, нәтижесінде кедейлер саны 40 миллионға болды.
2012 жылдан бастап жаңа үкімет 2020 жылға дейін «шағын ауқатты қоғам құру» тұжырымдамасын ұстанып, кедейлік мәселесіне жан-жақты назар аудара бастады және «нақты кедейлікті жою» стратегиясын жүзеге асырды. Егер бұрынғы кедейлік шегі бойынша есептесек, кедейлер саны бар болғаны 40 миллионнан сәл асар еді. Бірақ БАҚ-тарда кедейліктің нақты жағдайы үнемі жарияланып, халық көптеген ауылдың әлі де өте кедей екенін көрді. Бұның себебі – кедейлік шегінің төмендігі, яғни кедейлер саны аз деген әсер қалдырды. Іс жүзінде кедейлік шегінен жоғары тұрғандардың өзі де кедей болатын. Сондықтан кедейлік шегін көтермесек, бір жағынан, үкіметтің сеніміне нұқсан келеді. Екінші жағынан, 2020 жылға қарай, барлық жағынан қалыпты гүлденген қоғам құру мақсаты жарияланған кезде, кедейлердің көп болуы үкіметке үлкен сенім дағдарысын әкелер еді. Сол себепті үкімет кедейлік шегін едәуір көтеріп, 2011 жылғы баға деңгейін 2300 юаньға жеткізді. Бұл түзету Қытайдағы кедейліктің объективті шындығына анағұрлым сәйкес келді.
Кедейлік шегінің айтарлықтай көтерілуіне байланысты кедейлер саны күрт өсіп, 124 миллион адамға жетті. Бұл «ХХ ғасырда кедейлік жойылды деп едік, неліктен қайтадан 124 миллион кедей пайда болды?..» деген таңырқаудың басты себебі. Көріп отырғанымыздай, халықтың түсінбеушілігі кедейлік шегінің әртүрлі кезеңдегі өзгерістерімен байланысты. Кедейлердің тағдыры негізінен кедейлік шегін белгілеуге жататын саяси және экономикалық факторларды ескеруге тәуелді болды. Егер сен кедейлік шегінен төмен топта болсаң, қолдау алуың мүмкін, ал кедейлік шегінен жоғары болсаң, бұл қолдаудан шет қаласың. Сонда кімнің жан басына шаққанда жылдық табысы 2300 юаньнан төмен болса, сол – кедей. Ал 2800 юань болса, ол кедей емес деп айта аламыз ба? Немесе қатаң есеп жүргізу мен кәсіби зерттеу болмаған жағдайда ауылда әр отбасының нақты табысын қалай анықтауға болады? Сандар елесі белгілі бір дәрежеде шеттету туғызады, сонымен бірге «кім кедей?» деген мәселе әлеуметтік тартысты да қалыптастырды.
Мұнда айтылған сандар тізбегі біздің кедейлікті жою барысындағы жетістіктерімізді жоққа шығару үшін емес. Дүниежүзілік банк (қысқартылғаны – «ДБ») есептеп шығарған халықтарда кедейлік шегі – жан басына тәулігіне 1,99 АҚШ доллары бойынша қарастырсақ, 1981 жылы Қытайдағы кедейлік деңгейі 88,3% болған. Ал 2011 жылғы еліміздің 2300 юаньдық кедейлік шегі стандарты бойынша есептегенде, 1981 жылғы кедейлік деңгейі 90% болып шығады, жалпы екеуінің арасында үлкен айырмашылық жоқ. 2010 жылға қарай, 1,99 АҚШ доллары стандарты бойынша кедейлік деңгейі 11,2%-ға дейін төмендеді. Қытайдың жаңа 2300 юаньдық кедейлік шегі бойынша 17,2%-ға дейін түсті. Басқаша айтқанда, егер біз жаһандық салыстыру стандарты мен Қытайдың жаңа кедейлік шегін қолдансақ, онда қытай халқының 80%-90%-ы кедей болған жағдайдан қазіргі кезде небәрі 11%-17% халқы ғана кедей санатына кіретін жағдайға жеткен. Бұл өте жақсы жетістік.
Жаһандық тұрғыдан алғанда, Қытайдың кедейлікті азайтуға қосқан үлесі өте үлкен. Бұрынғы халықаралық кедейлік шегі – жан басына тәулігіне 1,25 АҚШ доллары бойынша есептеген, 1981–2005 жылдар аралығында бүкіл әлемде 519 миллион адам кедейліктен шыққан, яғни 25 жылда бүкіл әлемде 519 миллион адамның табысы тәулігіне 1,25 АҚШ долларынан жоғарылаған. Бірақ Қытайдың кедейлікті азайту деректерін алып тастасақ, керісінше, әлемдегі кедейлердің саны 109 миллионға артқан болар еді. Халықаралық қауымдастық үнемі жаһандық кедейлікті азайту жетістіктерін өздерінің еңбегіне телиді. Бірақ көптеген адам бұл қорытындыға осы деректер арқылы күмән келтіреді. Жалпы алғанда, Қытайдың кедейлікті азайтудағы жетістіктері – қытай халқының өз еңбегінің нәтижесі, халықаралық қауымдастықтың үлесі аз. Халықаралық қауымдастық көмегі кедейлікті азайтуға ешқандай үлес қосқан жоқ. Әрине, бұл да бір тұрғыдан сандар елесі.
Ал, онда Қытайда кедейлердің саны нақты қаншалықты азайды? Бұл деректі көптеген ғалымдардың өзі де нақты есептей алмайды деп ойлаймын. Тек табыс бойынша өлшенген деректерге қарасақ, Дүниежүзілік банктің халықаралық кедейлік шегі мен біздің ең соңғы кедейлік шегімізді біріктіріп есептегенде, 1978 жылдан бүгінге дейінгі отыз жылдан астам уақыт ішінде халықаралық кедейлік шегі 1,25 АҚШ доллары мен 1,99 АҚШ доллары стандарты бойынша біз 600-700 миллион адамды кедейліктен шығардық. Қазіргі кезде шамамен 50-100 миллион аралығында кедей бар деп болжануда. Бұл тек табысқа негізделген көрсеткіш. Бірақ кедейлік тек табыс мәселесі ғана емес. Кейбір адамдардың жылдық таза табысы 2300 юаньнан жоғары болса да, медицина, білім беру және басқа да шығындардың кесірінен қарызға батып, кедейлік қамытын киюі мүмкін. Алайда мұндай жағдайлар біздің кедейлер санын есептеу шеңберімізге кірмейді. Сондықтан, егер кедейлікті мүлік, білім, денсаулық және басқа да көп өлшемдер бойынша есептейтін болсақ, Қытайдағы кедейліктен шыққан адамдар саны қазіргі есебіміздей көп болмайды.
Мемлекет 2020 жылға дейін қазіргі кедейлікті азайту стандарты бойынша кедей халықты түгелдей кедейліктен шығару мақсатын қойды. Көп адам менен: «Сонда 2020 жылы кедей адам мүлде болмай ма?» деп сұрайды. Бұл кедейлікті қалай анықтайтынымызға байланысты. Егер мақсат 2020 жылға дейін жылдық табысы 2300 юаньнан төмен кедей халықтың табысын осы деңгейден асыру керек болса, онда меніңше, кедей атымен болмайды! Бірақ кедейлік салыстырмалы мәселе. Қоғам дамыған сайын, тұрмыс деңгейі үздіксіз жоғарылаған сайын, табысы қанша болса да, әлеуметтік баспалдақтың ең төменгі жағында тұрған топтар әрқашан қоғамның кедей тобы болып қала береді. Оның үстіне, Қытай сияқты үлкен мемлекет үшін әлеуметтік жіктеліс өзгеріп отырады. Кейбіреулер биыл кедей болса, бірнеше жылдан кейін кедейліктен құтылады. Ал кейбіреулер қазір бай, бірақ бірнеше жылдан соң қайтадан кедейленуі мүмкін. Сондықтан кедейлік салыстырмалы болғандықтан, жойылып кетпейді. Кедейлікті өлшейтін көрсеткіштер де үнемі өзгеріп отырады: бұрын тоя тамақ ішпеу кедейлік деп саналса, қазір дұрыс тамақтана алмау, дұрыс киіне алмау, дұрыс тұрар жайың болмаудың өзі кедейлікке жатады.
Адамзат қоғамындағы жіктелу жойылмайынша, кедейлік те жойылмайды. Өйткені әлеуметтік жіктелу мен бөліну оңайлықпен жойылмайды, сондықтан кедейлікті жою да қиын. Қанша кедей халық бар және қандай жағдайда кедей деп саналатыны шын мәніндегі кедейлердің санына міндетті түрде байланысты емес, ол көбіне мемлекет пен қоғамның саяси-экономикалық жағдай астында адамгершілік пен жауапкершілікті өз мойнына алғысы келетін-келмейтініне байланысты. Жалпы айтқанда, кезекті үкімет өзінің өкілеттік мерзімі аяқталғанда, өз жетістігін көрсету үшін шынайы жағдайды ескере отырып, кедейліктің жойылғанын жариялауы мүмкін. Ал жаңа үкімет кедейлікті жоюды өзінің жетістігінің бір бөлігі етіп көрсету мақсатында, кедейлік мәселесі әлі де ауыр деп жариялауы тағы мүмкін. Сондықтан белгілі бір мағынада кедейлік жойылуы да, азаюы да, қайта көбеюі де мүмкін. Кедейлердің саны шын мәнінде қанша кедей екенін көрсетпейді және кедейлердің кедей екенін міндетті түрде кедейлердің өздері анықтамайды.
Кедейлік қақпаны
Кең мағынадан алғанда, кедейлікпен күрес негізінен екі аспектіге жатады: абсолютті кедейлікті азайту және теңсіздік деңгейін төмендету. Соңғы отыз жылдан астам уақыт ішінде Қытайда абсолютті кедейлікті азайту айқын байқалды. Қазір көптеген кедей ауылда велосипед, мотоцикл, теледидар бар-жоғы кедейліктің өлшемі ретінде қарастырылмайды. Бірақ неге біз әлі де олардың кедей жағдайда екенін сезінеміз? Оның басты себебі қаладағы халықпен және дамыған аймақтардағы ауыл халымен салыстырғанда, артта қалған аймақтардағы ауыл тұрғындары бүкіл қоғамның ең төменгі сатысында тұр. Бұл тек табыс мәселесі емес, ең маңыздысы жалпы өмір сүру деңгейіндегі алшақтық төменгі топтардың салыстырмалы кедейлік деңгейін айқын көрсетіп отыр.4
Мен Юньнаньдағы бір кедей ауданды аралағанымда, көптеген ауылдың әртүрлі жобалардан, соның ішінде кедейлікпен күрес жобаларынан қолдау алатынын байқадым. Солар жасаған бір ауылға жалпы бақылау жасағанымда, тұрғындардың ішіп-жем мәселесі шешілгенімен, он жыл бұрынғы кедей топтар қазір де негізінен сол баяғы кедей екенін анықтадым. Тіпті бір ауданның өзінде бай мен кедей арасындағы алшақтық географиялық және әлеуметтік жіктеліс түрінде көрінеді. Жер жағдайы жақсы ауылдар таудағы ауылдарға қарағанда әлдеқайда жақсырақ күн кешеді екен. Бір ауылдың ішінде әлеуметтік байланыстары бар, жері көп, не болмаса ауылда басшылық қызмет атқаратындар негізінен ауқатты отбасылар болып отыр екен.
Соңғы он жылдан астам уақыт ішінде кедей мен байдың әл-ауқат айырмашылығы бәсеңдеген жоқ, керісінше, параллель түрде ұлғаю үрдісін көрсетті. Бұл нені білдіреді? Егер экономикалық даму баяуласа, орташа табыстан төмен тұрған топтар ұзақ уақыт кедей күйінде қалуы мүмкін. Егер кедейлерге қарата салыстырмалы қысым бар деп есептесек, тіпті экономика өскен жағдайда да, кедейлердің кедейліктен шығу қарқыны өте баяу жүреді.
Бірінші, әл-ауқат айырмашылығының параллель жылжуы немесе ұлғаюы кедей топтар шыға алмайтын кедейлік қақпанына түскенін меңзейді. Қазіргі кедей халық «құрылымдық кедейлік қақпанына» шырмалғандықтан, кедейліктен шығуды шектейтін факторлар оларды ұстап отырады. Яғни мүмкіндік, капитал, пайда саласында ресурстарға, капиталға, техникаға, байланысқа, ақпарат пен билікке ие топтар өз артықшылықтары арқылы пайда табады. Мүмкіндіктер, бастапқы шарттар барлығы тең емес. Әртүрлі топтар нарық ережесін пайдаланып, өзіне тиімді ресурстарымен бір-бірімен бәсекеге түседі. Сырт көзге әділ сияқты көрінгенімен, «күшті-әлсіз» деген құрылымдық қатынастарында күштілер мүмкіндіктер мен пайданы монополиялап алады.
Екінші, кедейлік қақпанынан шығуға қажетті экономикалық шек барған сайын жоғарылап барады. Бұрын жылдық табысы бірнеше мың юань болғандар ауқатты отбасы саналса, қазір олар кедей саналады. Кедейлік қақпанында отырғандар үшін өз күшіне сүйеніп кедейліктен шығуы өте қиын.
Қазіргі даму бағытындағы кедейлікпен күрес тәсілінде, біріншіден, қолдау көлемі тым аз, күші де төмен, сондықтан кедейлік қақпанынан шығаратын экономикалық тиімділік тудыруы қиын. Екіншіден, қолдау күші үлкен болған күннің өзінде, кедейлікпен күрес әсері басқа жаққа ауысып кетеді. Мысалы, шаруалардың бытыраңқы өндірісі кемшіліктері «компания + шаруалар» моделін туғызды. Бұл жерде көбірек пайда табатындар компания қожайындары, ал кедейлікті жою күресіндегі кірістің недәуір бөлігі жоғалып кетеді.
Үшінші, кедейлікті жоюға арналған қаржы мен ресурстардан түсетін пайданы тікелей немесе жанама түрде «алып қалу» кедей топтардың ауыр жағдайдан шығуын одан әрі қиындатады. Мысалы, көптеген жерде мемлекеттік қаржыға салынған кедейлікті жоюға бағытталған инфрақұрылымдық жобалар бар. Кейбір компаниялар егілетін көшеттер мен технологияны орталықтан басқару дегенді сылтау етіп, шаруалармен «компания + шаруалар» келісімшартын жасайды. Осылайша, кедейлікті азайту жобаларының пайдасын заңды түрде компания алып кетеді.
Жоғарыда айтылған талқылаулар жаңа ашылған кедейлікті жоюға арналған институттық жүйені реформалау қажеттігін білдіреді. Қазіргі кезеңде тікелей, ауқымды көлемдегі әлеуметтік жәрдемақы аударымдарын жүзеге асыру мүмкін де емес, тұрақты да емес. Өйткені тікелей әлеуметтік жәрдемақы аударымдарын, әдетте, кедей топтардың саны аз болғанда және қоғамдық қаржы мол болған жағдайда ғана салыстырмалы түрде жүзеге асыруға болады, соның өзінде тікелей әлеуметтік аударымдардың әлеуметтік және саяси құны өте жоғары болады.
Қазіргі кезеңдегі «құрылымдық кедейлік» жағдайында даму бағытындағы «қан құю механизмін» екі өлшем бойынша жүргізу қажет. Бірінші, кедей топтар саны әлі де көп болған жағдайда, дамуға бағытталған кедейшілікті жоюға сүйену кедейшілікпен күресу жұмысының негізгі бағыты есептеледі. Бірақ белгілі бір «қан құю» сипатындағы инвестициялар арқылы кедейлердің бастапқы даму деңгейін көтеріп, кедей топтар мен кедей емес топтардың деңгей айырмасын азайту қажет. Қоғамдық қамсыздандыру, білім беру және инфрақұрылымға құйылған қаржылар үлкен рөл атқарып отыр. Бірақ тиімді нәтиже беретін шекке әлі жеткен жоқ. Сондықтан табысқа қысым жасайтын медицина, білім беру және ауылдық инфрақұрылымға арналған қоғамдық инвестициялардың кедейлікті азайтудағы маңызын айрықша күшейту керек. Мұндай инвестициялар кедей топтардың қосымша қаржылық байлығын көбірек экономикалық табыс әкелетін қызметтерге салуын қамтамасыз етеді.
Екіншіден, шаруаларға тікелей экономикалық «қан құю» арқылы кедей халықтың мүлік қорын көбейту. Әр үйге бөлінетін кедейлікті азайту қаржысын «компания + шаруалар» үлестік қатысу үлгісімен енгізу – жақсы тәсіл. Компания тарапынан қаржы мен ақпаратты бақылау мүмкіндігі бар. Әйтпесе олар жалған есеп жүргізіп, пайда мөлшерін әдейі төмендетуі немесе шығынға айналдыруы мүмкін. Мұндай кедейлікті азайту үлгілерінде кедейлікті жою басқармасы тәуелсіз есепшілерді жалдап, кәсіпорындарға орналасуын қарастыруға болады.
Кедейлік неге үздіксіз жалғасады?
Мен үш тұрғыдан сөз қозғамақпын: бірінші, кедейлік қалайша қайта қайталанады; екінші, кедейлікпен күрестің бұрынғы тәжірибесі; үшінші, бүгін біз бетпе-бет келіп отырған кедейлік пен кедейлікті жоюға қатысты саясиэкономикалық мәселелер.5.
Алдымен тарихи тұрғыдан қарасақ, мейлі ол АҚШ, Еуропа сияқты дамыған елдер болсын немесе дамушы мемлекеттер болсын, қоғамның шамамен 10% тобы салыстырмалы түрде әлеуметтік төменгі сатыда тұр. Абсолютті мағынада алғанда, кедейлік әрқашан бар. Бүгінгі біз айтып жүрген кедейлік – қоғамдық өндіріс пен әлеуметтік құрылымдану мәселесі. 1993 жылы «Кедейлікпен күресудің жеті жылдық жоспары» ұсынылып, 7 жылда 80 миллион кедейді кедейліктен шығару көзделген. Бірақ 80 миллион адам әлі де кедейшілікте өмір сүріп жатқаны қалай? Бұл өте саясиланған мәселе.
Қаржы мүмкіндігіне қарай жан-жақты біз шеше алатын кедей халықтың санын белгілеу – бұл субъективті өлшем. 1985 жылы кедей аудандардың стандарты бір ауданның бір жылда жан басына шаққандағы табыс 150 юаньнан төмен болуы еді. Сол кезде 258 кедей аудан болды. 1993 жылға келгенде кедейлік шегі жылдық жан басына шаққандағы табыс 300 юаньнан төмен болып белгіленді. Статистика басқармасының сынақ ретіндегі зерттеу нәтижелері кедей халықтың саны 80 миллион адам екенін көрсетті. Кедей аудандар саны 258-ден 592-ге дейін өсті. 2006 жылға қарай кедейлік стандарты 600-700 юаньға көтеріліп, еліміздегі кедей халық саны 21 миллион 480 мың адамға дейін азайды. 2006 жылы кедейлік стандарты 700 юаньға, 2008 жылы 1196 юаньға көтерілді. 2011 жылға қарай еліміз ресми түрде кедейлік стандартын 2300 юаньға көтерді, бұл жаңа стандарт еліміздегі кедей халықтың санын 120 миллион адамға дейін өсірді. 2015 жылдың соңына қарай кедей халықтың саны 50 миллионнан асты.
Біздегі кедей халық бірде 70 миллион, бірде 80 миллион болып өзгеріп отырады. Себебі еліміздің экономикалық даму деңгейі өсті. Жан басына шаққандағы табыс артқан сайын, кедей халықтың табысы да артады. Сондықтан кедейлік шегі үнемі 300 юань, 600 юань болып қалмайды. Ол баға деңгейіне қарай 10% шамасында реттеліп отырады. Сол себепті кедей халық саны үнемі өзгеріп тұрады. Бұдан бөлек, ХХ ғасырдың соңында кедейлік мәселесін шешу – Қытайдың орташа ауқатты қоғам құруының және үйлесімді дамуға қадам басуының маңызды шарты болды. Ал кедей аудандарды анықтау барысында жеңілдік саясаттың болатыны сөзсіз, сондықтан барлығы соған ұмтылып, нәтижесінде кедейлік стандарты төмендеп, өз кезегінде кедейлік тудырады.
Сондықтан кедей халық санының үнемі өсуі – саяси және басқа да әртүрлі факторларды ескере отырып өзгеріп отыратын көрсеткіш, ол объективті емес. Шынайы объективті факт кедейлікті азайтсақ та, азайтпасақ та, кедей халық әрқашан 10% шамасында болады. Егер кедейлікті азайтуға шара қолданбасақ, осы 10% адамның өмірі өте ауыр болады. Егер кедейлікті азайтсақ, олардың жағдайы сәл де болса жақсарады. Батыстың әлеуметтік қамсыздандыру стандартына сәйкес, олардың өмір сүру деңгейі адамдық абыройды аяқасты етпейтін негізде болу. Бірақ олардың шетелге демалуға шығатындай мүмкіндігі жоқ. Ал Африка сияқты кедейлікпен күрес және әлеуметтік қамсыздандыруы жоқ қоғамдарда халықтың өмір сүру сапасы өте төмен.
Бұл жерде екі мәселе қозғалады: бірінші, кедейлік туралы неге осыншама дерек көп? Өйткені кедейлік объективті түрде бар. Бүгін біз жүргізіп отырған ауқымды «нақты кедейлікті азайту» шаралары өте тиімді, ешқандай күмән жоқ. Екінші, неге деректер өзгеріп тұрады? Себебі кедейлік шегі үнемі реттеліп отырады, онда саяси, әлеуметтік, экономикалық жан-жақты есептер бар. Мұндай жүйе кедейлікті азайтумен қатар, өз ішінде кедейлікті де тудырады: бұрынғы стандарт 50 центке де жетпейтін болса, ал қазіргі стандарт 1 АҚШ долларына жақындады, болашақта 2 АҚШ долларына дейін көтерілуі мүмкін. Халықтың өмір сүру деңгейі әлі де өседі, сондықтан кедейлік мәселесі ұзақ мерзімге қала береді.
Әлемдік банктің 1 АҚШ доллары стандартын негізге алсақ, ХХ ғасырдың 70-жылдарының соңы мен 80-жылдарының басында еліміздегі жалпы кедейлік деңгейі 84% болды. Алайда 1986 жылға қарай еліміздегі кедейлік деңгейі 45%-ға дейін төмендеді, бұл шындықты көпшілік елемей жүр. Реформа мен ашық есіктің алғашқы 7 жылында біз Қытай тарихындағы ең ауқымды әрі ең қуатты кедейлікті азайтуға қол жеткіздік. Халықтың шамамен жартысына жуығы, яғни жүздеген миллион адам 1 АҚШ доллары стандарты бойынша кедейліктен шықты.
Позитивті экономикалық теория тұрғысынан қарасақ, біз екі үлкен тұжырым жасай аламыз. Бірінші, неліктен осы кезеңде осыншама көп адам кедейліктен шықты? Біз алдымен кедейлікпен күрестің екі бастапқы деңгейіне қол жеткіздік: бірі, еліміз кедейлікпен күресті тең жағдайдан бастады. Сол уақытта еліміздің жалпы гини коэффиценті 0,2-ден төмен болып, қоғам айтарлықтай тең болды, ешқандай ықпалды, мүдделі топтар және ұлы қаусар құқықтық теңсіздік мәселелері болған жоқ. Сондықтан мұндай жағдайда кедейлікпен күрес өте жылдам жүрді. Бұл Батысқа және басқа дамушы елдерге сабақ болды, себебі басқа дамушы елдерде теңсіздік деңгейі өте жоғары, сол себепті кедейлікті азайту мен өсімді қамтамасыз ету қиындады.
Екінші, Қытайда саяси, экономикалық, әлеуметтік өмірі салыстырмалы түрде еркін жүрді, әсіресе ой-пікір тұрғысынан. Мен демократиялық фундаментализмді жиі сынаймын, еркіндікті тым асыра дәріптеуге болмайды. Өйткені еркіндік экономикалық ұғымда көптеген маңызды өзекті элементтерге ие, бұл бүгін біз айтып отырған Қытай экономикасындағы кедейлікпен тығыз байланысты.
Осы кезеңде бізде кедейлікпен күрес комитеті де, арнайы жобалар да болған жоқ. Керісінше, барлығына әділ пайда әкелетін өсім механизміне сүйендік. Бұл – қоғамның тұрақты әрі инклюзивті дамуының негізгі шарты болды. Қазіргі кездегі кедейлікті азайтудың қиындығы дәл осында. Кедейлердің кедейліктен тез шыға алмауының себебі жүйедегі мәселелерге байланысты. Егер «құрылымдық кедергілерді жою» деген шарт болмаса, кедейліктен шығу өте қиын. Бір отбасы бір шошқа бағып кедейліктен шығатын уақыт әлдеқашан өтіп кеткен. Осындай жүйедегі қиындықтар күшейген жағдайда, біз оны тек қана институционалдық артықшылықтар арқылы, социализм мен коммунистік партияның адамзат мүдделерін білдіретін саяси артықшылықтары негізінде ғана бұза аламыз.
Ендеше, ХХ ғасырдың 80-жылдарының орта шенінен 1993 жылға дейінгі кезеңде кедейліктің айтарлықтай төмендеуіне не себеп болды? Бұл, ең алдымен, ауыл-қала кәсіпорындарындағы еңбек күштің ауысуы және көші-қонға байланысты болды. Еңбек күшінің ауысуы мен ары-бері көшу шаруалардың табысын арттырды. Сондықтан бірінші кезеңде ауыл шаруашылығы саласының табысы айтарлықтай өсті. Артынша шаруалардың ауыл шаруашылығынан алатын табысынан тыс, жалдамалы еңбектен түскен кірісі өсті. Дәл осы екі фактор Қытай тарихындағы ең ұлы өзгеріс пен трансформацияның қозғаушы күші болды. Бұдан бөлек, біз көшіқонға рұқсат бердік. Адамдарға нарықта мүмкіндік іздеуге жағдай жасадық. Бұл да біздің кедейлікті азайтудағы маңызды қозғаушы күшіміз болды. Ал ХХІ ғасырдан бастап кедейлікті одан әрі азайту процесі урбанизациядан туындады. Жалпы кедейшіліктің төмендеуі және табыстың артуы жалпы әлеуметтік өзгерістерден, соның ішінде ауыл шаруашылығынан өндіріске және урбанизацияға ауысудан туындады.
Қазіргі кедейлік екі түрлі жағдайға тап болды: бірінші, демографиялық ауысу. Жылдам трансформацияға байланысты ауылдағы қалып қойған тұрғындар, ең төменгі жәрдемақы, білім беру сияқты салалардағы сақтандырудың жетіспеушілігіне тап болды да, ол «демографиялық ауысу» қалыптастырды. Егер экономика 7%-8% деңгейінде өсуді сақтай алса, онда экономиканың үздіксіз дамуы және әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінің біртіндеп жетілуімен бұл мәселені шешуге болады.
Екінші жағдай, жиырма жылдан астам уақыт ішінде еліміздің шалғай аймақтарында абсолютті кедей топтар қалыптасты. Бұл топқа құрылымдық факторлар әсер еткендіктен оны шешу қиын. Өйткені бұл топтың дағдылары тұрақсыз, тек қарапайым жұмыстар істей алады. Қазіргі жұмыстың басым бөлігі мәдени сауаттылықты талап ететіндіктен артықшылықтары бар топтармен бәсекеге түсе алмайды. Бұдан бөлек, олардың тіршілік етуге қажетті жинақталған капиталы жоқ. Мысалы, кедейлікті азайту жобасында: «бір сиыр бақсаң, үкімет 2000 юань субсидия береді» делінеді, бірақ бұл адамдардың сиыр бағуға да капиталы жоқ, тұрғын үйден бастап басқа қоражай жайлы сөз қозғаудың өзі артық. Осындай жағдайда қарапайым көмек пен қолдау арқылы ғана оларды кедейліктен шығару мүмкін емес. Сол себепті бұл топты кешенді басқару қажет. Оларды басқа топтармен бәсекелесуге жеткілікті негізгі жағдайлармен қамтамасыз етудің амалын табуымыз керек. Оған білім, оқыту, активтерге қол жеткізу және басқа да факторлар кіреді. Бұдан бөлек, біз кедейлердің активтері мәселесін де ойлануымыз лазым: қала тұрғындары тұрғын үйлерін сатып, жалға беруге мүмкіндігі бар. Ал кедейлердің активтерін олардың өз әл-ауқатын жақсартуға, өмір сүру деңгейін көтеруге айналдыруды қалай жүзеге асыруға болады – мұны да күн тәртібіне қоюымыз керек.
Болашақтағы кедейлікті азайту мәселесіне қатысты, әсіресе нақты кедейлікті азайту тұрғысынан алғанда, активтерді басқару әділ жүргізіліп, ауқымды банкроттықтар немесе басқа да проблемалар тудырмай жүзеге асырылуы керек. Өйткені бұл мәселеге көпшілік назар аударып отыр, Қытайда мұндай жағдай орын алуы мүмкін деп санайтындар көп. Позитивті тәжірибе көрсеткендей, барлық дамыған мемлекеттер осындай активтер жүйесін енгізген, мұндай жүйе даму деңгейімен тікелей байланысты. Сондықтан қазіргі қоғамдық-саяси жүйе кедейлердің активтерін жекешелендірмей, басқаруды ілгерілету аса маңызды.
Біріншіден, шынайы мағынада қарасақ, Қытайдың 1 миллиард халқының кедейліктен шығуының өзі бүкіл әлем үшін аса маңызды. Ол әлемдегі кедейлік деңгейді өте төменгі дәрежеге түсірді. Екіншіден, ХХ ғасырдың 80-жылдарында Қытай көптеген дамушы елдермен бірге трансформация кезеңінен өтті, солардың ішінде кедейліктен шығып, дамып кеткен жалғыз ел – Қытай. Бұдан да маңыздысы, Қытай кедейліктен ауыл шаруашылығын дамыту арқылы шықты. Яғни Қытай ауыл шаруашылығымен айналысатын елі ретінде табысты трансформация жасаған үлгі. Ал басқа дамушы елдер де ауыл шаруашылығына негізделген мемлекеттер болғандықтан, Қытайдың табысты тәжірибесінің олар үшін үлкен тағылымдық мәні бар. Үшіншіден, 1978–1986 жылдары Қытайдың ауыл шаруашылығының өсу қарқыны 7% болса, бүкіл Қытай экономикасының өсу қарқыны 13% болды. Сондықтан ауыл шаруашылығының дамуы – Қытай экономикасының негізгі тірегі. Қытайдың кедей халқы жалпы халықтың 84%-ынан 42%-ына дейін қысқарып, 7 жыл ішінде кедейлер саны екі есе азайды. Африкадағы дамушы елдермен салыстырғанда, олардың барлығы трансформациямен бетпе-бет келіп, дербес даму жолын іздеді. Бүгінгі күні қарасақ, тәуелсіз даму жолдарын іздеген – тек Қытай елі.
Тіл мен кедейлік арасында байланыс бар ма?
Тіл мен кедейлік деген тақырып екеуі арасында белгілі бір байланыс бар екенін аңғартады. Бұл тақырыпты әртүрлі қырынан талқылауға болады. Ең алдымен, біз кедейлік ұғымын қалай анықтаймыз деген мәселе тұр. Егер біз кедейлікті қазіргі заманғы немесе даму мағынасындағы әл-ауқаттың жетіспеушілігі ретінде айқындайтын болсақ, онда бұл кедейлікті көбінесе материалдық игіліктермен өлшенетін өмір сүру жағдайы ретінде қарастыруды білдіреді. Мысалы, қазіргі қоғамдағы энергия мен ішер ас, киер киім стандартына сәйкес анықталатын ауыр кедейлік, сондайақ білім алу, денсаулық сақтау, тұрғын үй сияқты қазіргі заманауи игіліктерді игіліктендіру өлшеміне салыстырмалы кедейлік. Осы тұрғыдан қарағанда, мұндай абсолютті және салыстырмалы әл-ауқат стандарттарына қол жеткізу белгілі бір шарттарға байланысты. Егер бір адам мүлде еңбек ету қабілетінен айырылмаса немесе қоғам бүкіл халыққа игіліктерді алуға мүмкіндік бере алмайтын жағдайда болмаса, онда қоғамдағы көпшілік өз әл-ауқатын жақсарту үшін жеке еңбекке сүйенеді. Қазіргі заманға бейімделу немесе даму жағдайында әл-ауқатты жақсартудың жолдары шартты сипатқа ие, ал осы шарттылық тікелей тілмен байланысты.
Кедейлікті жою күресінде кедей аймақтардағы балалардың бәрінің де мемлекет жалпы ортақ қолданатын мандарин тілін меңгеруі маңызды. Бұл – біз жүргізіп отырған кедейшіліктің ұрпақтан ұрпаққа берілуін үзуге бағытталған әртүрлі күш-жігердің аз-кем болса да тілмен байланысты екенін айқын көрсетеді. Экономикалық іс-әрекет болсын, білім беру сияқты әлеуметтік қызметтерді жеткізу болсын, мұның бәрі модернизация жолында жүзеге асатын экономикалықәлеуметтік іс-шаралар. Ортақ тіл – осы модернизация жолына экономикалық-әлеуметтік өмірге араласудың негізгі шарты. Мемлекеттік ортақ тілді, тіпті қытай тілін мүлде білмейтін адамның негізгі ағымға қалай ілесе алатынын елестетудің өзі қиын. Сондықтан осындай жағдайда, дамуды сынайтын көптеген ғалым тілдік әртүрлілік пен мәдени әртүрліліктің жоғалуын модернизацияның нәтижесі деп қарайды. Мысалы, Үндістанның бағдарламалық қамтамасыз ету индустриясында үлкен жетістіктерге жетуінің басты себебі – олардың тілі үнді-еуропалық тілдер отбасына жатады. Бұл компьютер бағдарламасының қамтамасыз ету индустриясының стандартты тіліне сәйкес келеді. Сонымен қатар Еуропа мен Америка елдеріндегі үнді иммигранттарының арасында көптеген тамаша заңгерлер мен дәрігерлер бар екенін де байқаймыз. Шын мәнінде, бұл хинди тілінің үнді-еуропалық тілдер отбасына жататындығымен де тығыз байланысты.
Мен Юньнаньның Менгла аймағындағы бір Яо ұлты қоныстанған таулы ауылында кедейлікті жою жұмысын жүргіздім. Алғаш барған кезде, ондағы адамдар мемлекеттік ортақ тілді дұрыс сөйлей алмайтынын байқадым. Олардан «Неге басқа жерлерге барып жұмыс істемейсіңдер?» деп сұрағанымда, олар «Тілді дұрыс білмейміз» деп жауап берді. Мұндағы айтқысы келгені – олар мемлекет бойынша ортақ қолданатын тілді, яғни мандарин тілін дұрыс білмейміз дегені. Жұмыс берушілердің көбі сырттан келген қожайындар болғандықтан, олар Яо тілін түсінбейді екен. Сондықтан да, оқшау, шалғайдағы көптеген аз ұлттар үшін мектепке дейінгі кезеңнен бастап мемлекет бойынша ортақ қолданатын тілді, яғни мандарин тілін дұрыс үйрену керек. Ол олардың кейін мектепке баруына, тіпті қоғамға араласуына өте маңызды. Шындығында, тіл белгілі бір деңгейде шекаралық, шалғайдағы аз ұлтты аймақтардың дамуына әсер ететін маңызды фактор.
Тіл мен кедейліктің байланысы бізді тағы бір мәселеге ой жүгіртуге итермелейді. Ол мәдени көптүрлілік пен дамудың арақатынасы. Модернизация процесінде бірыңғай тілдік мәдениет расында да экономиканың тиімділігін едәуір арттырады. Қытай халқының ең айқын сезінгені, компьютерді пайдалану мәселесі: Қытайда компьютер арқылы қарымқатынас жасау Батыс елдеріне қарағанда әлдеқайда аз. Оның басты себебі: термин (енгізу) қиындықтары, осының түпкі мәні де тілдік мәселе. Сондықтан экономикалық даму мен тіл арасындағы байланыс тұрғысынан қарасақ, бізде қытай тілін пиньиньге көшіру туралы үндеулер болған. Бірақ біз тағы бір жайтты байқадық: тілдің бірыңғайлануы, бір жағынан, көптүрлі мәдениеттің жоғалуына әкелсе, екінші жағынан, тілдің бірыңғайлануы мен басқа мәдени көптүрлілік арасында үлкен қайшылық туғызады. Көптеген ғалым стандарттау мен тілді дамыту арқылы өркендеуді «дамудың трагедиясы» деп есептейді. Шын мәнінде, тілдік емес мәдени формалардың болуы сияқты, көптілді мәдени формалар да дамуға ықпал ете алады. Негізгі мәселе – қоғамның көптілділік құндылығына қалай қарайтыны. Мәдениеттің тілдік емес формаларына сәйкес келетін лингвистикалық және мәдени формалар, мысалы, этникалық азшылықтардың әндері мен ән айту стильдері және басқа тілдік формалардағы мәдени өрнектер, этникалық азшылықтардың киімдері, салт-дәстүрлерімен бірге этникалық азшылықтар мәдениетінің жалпы формасы. Бұл мәдени формалар салыстырмалы түрде аз болғандықтан, олар көбінесе маңызды экономикалық құндылыққа ие және даму мен кедейлікті жою үшін табиғи маңызды ресурстар. Сондықтан заманауи дамуды алға жылжытудағы біртұтас стандартталған мемлекеттік ортақ тілдің шешуші рөлін түсінуіміз керек, сонымен қатар әртүрлі мәдениеттерді сақтайтын этикалық тұрғыдан әртүрлі тілдер мен мәдениеттердің экономикалық құндылығын зерттеуіміз керек.
Кедейлік не себепті ашаршылық емес?
Егер кедейлік, аш қалу немесе кедейлікте қарны тоймау деген ұғым жоқ десек, құлаққа біртүрлі естіледі. Біздің түсінігімізде, кедейлік кем дегенде иіні жарып ас ішпеумен тығыз байланысты. ХХ ғасырдың 90-жылдарының басында мен Танзаниядағы ұлы көлдер тізбегі маңайындағы Сукума жазығындағы ауылдарда зерттеу жүргізіп, апта сайын шаруалардың үйлеріне барып сұхбаттастым. Сол кезде менің Африка туралы ойымның барлығы халқын аштық жайлап жатыр деген түсінік еді. Африкада бірнеше ай жүріп, қоғамдық тексеру жүргізген кездерімде олардың аштыққа тап болып жатқанын байқамадым. Шамамен 2012 жылы мен сол кездегі Мемлекеттік кеңестің Кедейлікті азайту басқармасы бастығының орынбасары, қазіргі Қытай кедейлікті азайту қорының төрағасы Чжэн Вэнькай мырзамен бірге Танзанияға барғанмын. Есімде қалғаны, біз жобаны іске асырған ауылда Чжэн Вэнькай мырза маған: «Бұл жерде аштық та, кедейлік те байқалмайды ғой?» – деп еді. Біз көбіне кедейлік пен аштықты теңестіріп қатар қоямыз. Іс жүзінде ашаршылық сипатындағы аштық пен біз айтып жүрген кедейлік арасында міндетті түрде тікелей байланыс бола бермейді. Абхиджит Банерджи мен Эстер Дуфло 2019 жылы күтпеген жерден Нобель сыйлығын алды. Кейбір сыйлық ала алмағандар: «Олардың зерттеу деңгейі аса жоғары емес» деп өткір пікір білдірді. Менің деңгейім олардың ғылыми дәрежесін бағалауға жетпесе де, олардың көптеген зерттеуі өте қызықты еді. Олар күнделікті шығындары 99 центтен аз адамдардың көпшілігі аш қалмайтынын анықтаған. Егер олар аш қалса, қолындағы барлық ақшасын тамақ сатып алуға жұмсар еді, бірақ олай істемеген. Бұл екі ғалым 18 елдегі кедейлердің тұрмысын зерттегенде, ауылдағы қатты кедей адамдардың жалпы шығынының тек 36%-79%-ын ғана тамаққа жұмсайтынын көрсетті. Мен алғаш Хэбянь ауылына келгенде, бүкіл ауылдың көрінісі, адамдардың киім-кешегі маған бұл жерді кедейлік жайлағандай сездірді. Соған қарамастан, олардың аш жүргенін байқамадым. Бұл ғана емес, Банерджи мен Дуфло кедейлердің, соның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымы анықтаған күнделікті табысы тамаққа жетпейді дегендердің өзі, тіпті көбірек жеуге мүмкіндігі болса да, жегісі келмейтінін анықтаған. Керісінше, олардың тамақтану мөлшері барған сайын азайған. Кедейлердің барған сайын аз жеуі – қазіргі заман кедейшілігіндегі қызық құбылыстардың бірі. Бүгінгі біз айтып жүрген кедейлік, негізінен, экономикалық және әлеуметтік қарқынды трансформациялар кезінде пайда болатын кедейлік, жүз жыл бұрынғы төтенше материалдық тапшылықтан туындаған кедейлік емес.
Банерджи мен Дуфлоның зерттеулері көрсеткендей, абсолютті түрде азық-түлік тапшылығы жоқ. Тіпті ең кедей адамдардың басым бөлігі күнкөрісіне жетерлік табыс таба алады. Өйткені, әдетте, қарын тойдыратын азықтүлік бағасы арзан. Олар Филиппинде есептеу жүргізіп, бар болғаны 21 центке 2400 калория энергия беретін азық-түлік сатып алуға болатынын анықтады. Сондықтан күн сайын 1 долларлық күнкөріс шығыны болса, соның 20%-ы ғана тамақ сатып алуға жұмсалады. Бұл, әрине, жалақы арқылы өзін асыраудың бір мысалы ғана, бірақ көп жағдайда адамның аш-жалаңаш болуы тікелей ақша табысына байланысты емес. Мен Африкадағы ауыл шаруашылығының дамуы мен азық-түлік қауіпсіздігі арасындағы байланыс туралы шағын мақала жазғанмын, ол да осы мәселеге қатысты. Көптеген тропикалық аймақтарда азық-түлік қоры мол әрі құны да төмен. Осындай жағдайда адамдардың басым көпшілігі негізгі азық-түлікпен қамтамасыз етіле алады. Ендеше, біз неге әлі күнге дейін көптеген кедей мемлекеттердегі азықтүлікпен қамту мәселесін талқылаймыз? Біз мұны: Африкада болсын немесе Қытайдың ауылдық жерлерінде болсын, аз ақшаға, тіпті мүлде ақша жұмсамай-ақ өз қолымен өздеріне тамақ дайындап іше алады. Бірақ ақша тапқаннан кейін көптеген адам «нәрлі» тағамдарды жегісі келеді. Сондықтан ашығын айтқанда, аштық кедейлік қақпанына себеп болады деу дұрыс емес. Бұл Африканың көптеген өңірлерінде біз жиі көріп жүрген, сырт көзге тым кедей көрінгенімен, шын мәнінде кең көлемде ашаршылық жоқ болуының негізгі себебі.
Егер біз басқа бір жағдайды елестетсек, яғни кедейлер қалаға жұмыс істеуге келген кездерінде, ауылдағыдай банан сияқты жемістерді теріп жеп, күнделікті қарнын тойдыруы мүмкін емес. Сондықтан олар тамақты өздері тапқан жалақысына сатып алуы тиіс. Өкінішке қарай, қаладағы оларға қажетті азық-түлік бағасы олардың сатып алу қабілетіне тиімді емес, қала халқының орташа сатып алу қабілетіне қарай анықталады. Сонымен қатар қаладағы азықтүлікпен қамтамасыз ету, шикізатты тікелей іріктеу арқылы тұтыну процесі емес, өңдеу, сату сияқты әртүрлі байланыстар арқылы өтетін коммерциялық үдеріс, сондықтан ең төменгі шығын шектеуі бар. Кедейлер қалаға келгенде, олардың одан ары кедейленуінің себебі олардың табысы қаладағы орташа табыс деңгейінен төмен. Сондықтан олар әр тиынын есептеп жұмсауға мәжбүр. Осындай жағдайда аштық пен кедейлік арасындағы байланыс айқындала түседі. Қаладан жұмыс таба алмау немесе табыстың өте төмен болуы иіні жарып тамақ ішпеуге әкеледі. Ал аштық жағдайында жұмыс істеу мүмкін емес, бұл қайтадан кедейлікке соқтырады.
Иіні жарып қарны тоймаудың екі негізгі себебі бар екені анық. Бірінші, кедейлердің ең арзан азық-түлікпен қамтамасыз етілу мүмкіндігі болмауы. Мысалы, олар қалаға келіп жұмыс таба алмаса, табыс болмайды. Ал, егер ауылға қайтса, жұмыс жоқ болса да, аш жүрмеуі мүмкін. Екінші, институттық бөліністің салдарынан болатын қарын тоймау. Амартия Кумар Сен атап өткендей, соңғы ондаған жылдарда болған ашаршылықтар азық-түліктің тапшылығынан емес, жүйенің ақауынан, азық-түліктің әділетсіз бөлінуінен туындаған.
Аштық пен кедейліктің байланысы тамақтану мәселесіне де қатысты. COVID-19 індетімен күрес кезеңінде Шанхай Фудань университеті жанындағы Хуашань ауруханасының дәрігері Чжан Вэньхун «интернет жұлдызына» айналды. Ол «таңғы асқа ботқа ішуге болмайды» деген пікір айтқанда, көптеген адам оны сынға алды, бірақ бұл шын мәнінде адам ағзасына қатысты мәселе. Физиология тұрғысынан алғанда, дұрыс тамақтану көмірсулар, ақуыз, май, дәрумендерді орынды мөлшерде қабылдауды білдіреді. Адамның тамақтануы туралы теория қазіргі заманғы позитивтік ғылымға негізделген. Біз тамақтану мәселесін бой биіктігі және салмақпен байланыстырамыз. Мысалы, біз қолданатын МBI (дене салмағының индексі) әдетте белгілі бір ауқымда қалыпты деп есептеледі. Жалпы алғанда, МBI 18,2-25 аралығында болса, қалыпты деп саналады. Осы стандарт бойынша, Үндістандағы ер адамдардың 33%-ы және әйелдердің 36%-ы тамақтануы жеткіліксіз. Бұл стандарт түрлі нәсілдердің ерекшеліктеріне қарай жасалған. Чжан Вэньхун дәрігер айтқандай, балалар жеткілікті мөлшерде тамақтанса, бойшаң әрі ақылдырақ болады деп сенеді. Алайда бұл міндетті түрде солай болмайды. Өйткені бойы аласа ақылды адамдар көп. Тамақтану мен кедейліктің арасындағы байланыс өте күрделі. Банерджи мен Дюфло өздерінің «Кедейлік сипаты» деген еңбектерінде Үндістан мен Оңтүстік Азиядан көптеген мысал алған. 1995 жылы Дэвид Баркер «Баркер болжамын» ұсынды. Ол Танзанияда зерттеу жүргізіп, йод қабылдамаған жүкті әйелдерден туған балалармен жүктілік кезінде жеткілікті мөлшерде йод қабылдаған анадан туған балаларды салыстырғанда, анасы йод қабылдаған нәресте 4-6 ай мөлшерінде тез есейгенін анықтады. Баркердің айтпағы – дұрыс тамақтану халықтың болашағына әсер етеді. Қытай халқы: «Баланы жасынан таны, үш жасында көріп, қартайған шағын біл», – дейді. Әрине, осындай үзік-үзік позитивті зерттеулердің дәлдігін дәлелдеу қиын, бірақ дәл осындай тәжірибелік зерттеулер бізге тамақтану мен дамудың жалпы көрінісін құрап береді.
Аштық пен кедейлік кедейлердің тамақтануы мен тағам сапасына байланысты. Банерджи мен Дюфлоның пайымдауынша, кедейлер тамақ таңдағанда, ең алдымен, бағаға да, құнарлығына да емес, тағамның дәміне мән береді. Бұл байлар дәмді бағаламайды деген сөз емес. Біздің байқағанымыз, табысы неғұрлым төмен топ, соғұрлым тамақтың дәміне көп мән береді. Кейде біз: аштық пен кедейлік, тамақтану мен кедейлік мәселесі біздің негізгі логикамыздан шығып кетеді. Мысалы, көп жағдайда кедейлер қолдарына ақша түскенде сүт немесе дәрумен сатып алудан гөрі темекі, арақ алуға бейім келеді. Сол сияқты көптеген кедей мейрам күндері қонақ күтуге, сыйлық жасауға әлдеқайда көп ақша жұмсайды. Бұл олардың құнарлы тағамға жұмсайтын шығынынан әлдеқайда артық. Банерджи мен Дюфло кедейлердің өмірінде кейде тамақтан да маңызды дүниелер бар екенін алға тартады. Олардың ойынша, кедейлердің басты таңдауы өз өмірлерін біршама қызықтырақ ету. Мен өзім Хэбянь ауылында болған жылдары осыған көзім жетті. Менің әріптестерім ауыл тұрғындарын ақшасы түскен бойда әдемі мотоцикл, арақ, киім-кешек сатып алады деп ашық сынға алды. Ал мен мұны қалыпты құбылыс деп ойлаймын. Бұл тұтынулар олардың сәттік қалауынан емес, өмірге деген ұмтылысынан туындайды. Кедейліктен шығу аштықтан құтылу емес. Егер тек аштықтан құтылу үшін болса, кедейлер де онша алға ұмтылмас еді. Олар өздері әдемі деп есептейтін өмірге ұмтылуды мақсат етеді. Бұл олардың кедейліктен шығуындағы қозғаушы күш. Біз көбінесе кедейлікті негізгі тіршілікпен байланыстырамыз, бұл қате емес, өйткені біздің айтып жүрген кедейліктен құтқару саясаты да кедейлердің ең негізгі өмір сүруін қамтамасыз етуге бағытталған. «Ішер ас пен киім-кешекке уайымдамау» қағидасы – тіршіліктің негізгі стандарты. Бірақ бұл көп кедейлердің шынайы мақсаты емес сияқты. Мен кітабымда да атап өттім, кедейліктен шығару – байыту емес, дегенмен бұл пікір кейде қайшылықты көрінуі мүмкін. Бірақ мен әрдайым мына пікірді ұстанамын: кедейліктен шығарудың мақсаты байыту емес. Яғни кедейліктен шығарудың мақсаты барлық кедей мотоцикл, автокөлік сатып алуды қамтамасыз ету емес. Егер кедейліктен құтылу кедей адамдарға көлік сатып алуға мүмкіндік беру болса, онда бұл жетістік. Алайда кедейліктен құтқарудың міндеті – негізгі қажеттілікті қамтамасыз ету. Осы тұрғыдан қарағанда, қолдау нысанасы қоғамда өзіндік күш-жігерімен негізгі тіршілігін қамтамасыз ете алмайтын азшылық топ болуы тиіс. Менің ойымша, Банерджи мен Дюфло талқылап отырған кедейлер, кедейлік қақпанына түскен «артта қалған» топ. Бұларды шынайы кедейлер деуге келмеуі мүмкін.
Америкада да кедей бар ма?
Атақты экономист, 2015 жылы экономикадан Нобель сыйлығының лауреаты Ангус Дитон өз еңбегінде АҚШ-тағы кедейлік мәселесін талқылайды. Көпшіліктің көзқарасында, Америка дамыған ел, сондықтан кедейлік болса да, ол аса ауыр деңгейде емес деп қарайды. Әрине, Америкаға барып көрген немесе онда өмір сүрген қытайлықтар АҚШта кедейлік әлі де ауыр деп айтуы мүмкін. Мен кітабымда кедейліктің абсолюттік және салыстырмалы мәнін сөз еттім. Егер бүкіл әлем бойынша негізгі қажеттіліктер бірдей стандартпен өлшенсе, яғни Дүниежүзілік банк белгілеген шектен тыс кедейлік тапқан кіріс көрсеткішімен өлшенсе, онда АҚШтағы кедейлік аса ауыр деп есептелмейді. Бұл кедейліктің абсолюттік ұғымы. Бірақ кедейлік әрқашан салыстырмалы сипатта болады. Сондықтан АҚШ-тағы кедейлік тек АҚШ-тың өз стандарттарымен ғана өлшенеді. 1955 жылы Америкада кедейлік деңгейі 22% болса, 1973 жылға қарай ол 11%-ға төмендеді, алайда 2010 жылы қайтадан 15%-ға көтерілді. 1973 жылдан 2010 жылға дейін АҚШ-тың жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімі 60%-дан астам өскеніне қарамастан, бұл экономикалық өсім АҚШ-тағы кедейлікке оң әсерін тигізген жоқ. 2010 жылға қарай АҚШ-та шамамен 46,2 миллион адам кедейлік жағдайында өмір сүрді. Мен еңбегімде Қытайдың соңғы қырық жылдан астам уақыт ішінде жоғары экономикалық өсім мен кедейлікті жою жұмысын қатар жүзеге асырғанын атап өттім. Сонымен бірге Африкадағы көптеген ел соңғы он жылда айтарлықтай экономикалық өсімге қол жеткізсе де, кедейлікті айтарлықтай төмендете алмады. Қытайдың тәжірибесі кедейлерге пайдалы өсім үлгісі болса, Африкадағы жағдай өсім мен кедейліктің байланысы үзіліп қалған үлгіні көрсетті. Дитон бізге АҚШ-тағы экономикалық өсім мен кедейлік байланысы үзіліп қалған тағы бір мысалды көрсетіп берді.
Әрине, АҚШ-тағы экономикалық өсім мен кедейлікті азайту арасындағы алшақтық пен Африкадағы экономикалық өсім мен кедейлікті азайту арасындағы алшақтықты салыстырсақ, материалдық өндіріс тұрғысынан да, әлеуметтік қамсыздандыру тұрғысынан да олар бірдей емес. Алдымен, АҚШ-та кедейлікті қалай өлшейтінін қарастырайық. ХХ ғасырдың 60-жылдарының басында, АҚШ-тың әлеуметтік қамсыздандыру мекемесінде қызмет еткен экономист Молли Оршански америкалық отбасылардың табысы мен тұтынуын зерттейді. Ол сол мекеменің статистика экономисі, оның еңбегі біздің елде кедейлікті зерттеушілерге жақсы таныс. Ұлттық статистика бюросындағы Ван Пинпин ханымның жұмысы сияқты. Молли бастапқыда өз зерттеулерінің, яғни азық-түлік тұтынуына негізделген статистикалық зерттеулері АҚШ-тағы кедейлікке осыншалық маңызды әсер ететінін ойлаған жоқ. Ол АҚШ-тағы төрт адамнан тұратын отбасының (ата-ана мен екі бала) күнделікті қажет азық-түлік шығынын зерттеп, отбасы табысының шамамен 30%-ы азық-түлікке жұмсалатынын анықтады. Ол бұл отбасылардың табысын 0,3 коэффициентіне көбейтіп, «кедейлік шегін» шығарды. Оның есебі бойынша, 1963 жылы АҚШ-тағы кедейлік шегі жылдық табыс 3165 доллар болуы керек еді. 1969 жылғы тамызда АҚШ бұл табысты ресми түрде бүкіл ел бойынша кедейлік шегі ретінде қабылдады. Содан бері бұл кедейлік шегі баға деңгейіне байланысты реттелгенімен, негізінен өзгерген жоқ. 2012 жылы бұл кедейлік шегінің жаңа көрсеткіші жылына 23283 доллар болды. Дитон сондай-ақ Америка Құрама Штаттарының соншама жылдардан бері кедейлік шегін неге реттемегенін түсінбейді.
Дитонның кедейлік шегі туралы ғылыммен толық келіспейтіні анық. Оның ойынша, Осанскийдің кедейлік шегі негізінен тамақтану қажеттілігінен шыға отырып белгіленген деп есептейді. Сол кезде АҚШ-тың Джонсон үкіметі «кедейлікке қарсы күрес» жоспарын дайындап жатқан, үкімет ішіндегі экономистерге кедейлік шегі қажет болды. Оларға 3000 доллар шамасы орынды болып көрінді. Сондықтан кедейлік шегін осы санның маңайына бекіту туралы шешім қабылданды. Шын мәнінде, Осанскийдің сол кездегі міндеті – дәл осы кедейлік шегіне негіз табу еді. Бастапқыда Осанский АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігінің «өзіндік құны төмен азық-түлікке арнаған жоспарын» кедейлік шегін белгілеудің негізі ретінде қолданғысы келді. Бұл жоспарға сәйкес, әрбір америкалық отбасының жылдық табысы 4000 доллардан асуы қажет болатын. Бірақ 4000 доллар таңдалса, ол АҚШ үкіметі белгілеген 3000 доллардан әлдеқайда жоғары болып кетеді. Бұл жағдай кедейлік шегін белгілеу үдерісін барынша саясиландырды. Дитонның айтуынша, ол Джонсон үкіметіндегі экономистерді сынағысы да келмейді, Осанскийдің еңбегін төмендеткісі де келмейді, себебі АҚШ қоғамының көпшілігі кедейлік шегін 3000 доллар шамасында белгілеуді орынды деп санайды. Дитон өз еңбектерінде АҚШ-тағы кедейлік шегін талқылаудың негізгі мақсаты ретінде кедейлік мәселесі тек тамақ пен азық-түлік жетіспеушілігі емес екенін алға тартты. Мен өз кітабымда атап өткендей, көпшілік, әдетте, кедейлікті қарын тоймаумен теңестіріп жатады. Бірақ іс жүзінде, мейлі ол кедейлікті зерттеуші ғалым болсын, мейлі қарапайым халық болсын, бәрі кедейлік ұғымы тек негізгі азық-түлік тапшылығынан әлдеқайда ауқымды екенін жақсы біледі. Осанский кедейлік шегін енгізгеннен кейін оны қайта қарауды үнемі талап етіп отырды. Оның басты себебі, осы шек АҚШ-тағы нақты кедейлікті көрсетпейтінін түсіндіру еді. Дитон дұрыс айтқан: егер АҚШ үкіметі кедейлік шегін реттеген болса, бұл, сөзсіз, АҚШ-та кедейлікті осы шек арқылы өлшеуге болмайтынын және экономикалық өсімнің кедейлікті тиімді түрде жоя алмағанын көрсетеді. Дитонның пікірінше, мұндай абсолютті кедейлік шегін Африка немесе Оңтүстік Азиядағы кедей елдерге қолдану орынды. АҚШ үшін мүлде қисынсыз. Себебі 1963 жылдың өзінде-ақ америкалықтардың негізгі қажеттіліктерін жылына 3165 доллар табыспен қанағаттандыру мүмкін емес делінген. АҚШ-тағы шынайы жағдай мынадай: егер адамдарда қоғам өміріне толыққанды араласуға жететіндей табыс болмаса, егер олардың отбасы мен балалары көршілері мен достары сияқты лайықты өмір сүрмесе, ондай отбасы мен балалар кедей деп саналды. Мұндай жағдайды өлшеу үшін салыстырмалы кедейлік стандартын қолдану қажет.
Осыдан байқағанымыз, АҚШ-тағы кедейлік мәселесін Африка мен Азиядағы кедей мемлекеттердің жағдайымен бірдей қарастыруға болмайды. АҚШ-тағы кедейлікті абсолютті табыс арқылы талқылау бұл елдегі шынайы кедейлікті көрсете алмайды. АҚШ-тағы табыс бөлісін бақылау негізінде кедейлікті зерттеген ғалымдардың барлығы бұл елдегі кедейлік мәселесінің күрделі екенін мойындайды. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан бастап ХХ ғасырдың 70-жылдарының ортасына дейін АҚШ-тың Джини коэффициентінде айтарлықтай өзгеріс болмады. 1966 жылы американдық шаруалардың 5%-ының орташа табысы ең төменгі 20%-дың орташа табысынан 11 есе жоғары болды; 2010 жылға қарай алшақтық 21 есеге дейін ұлғайды. 1966 жылы табысы ең төменгі 20% шаруаның орташа жылдық табысы 14000 долларды құрады; 2010 жылға қарай ол тек 15000 долларға дейін өсті. Дәл осы кезеңде 5% шаруалардың табысы 154000 доллардан 313000 долларға дейін өсті. Бұл деректерден байқағанымыз, АҚШ-тағы кедейлікті абсолютті табыс деңгейімен өлшеу мүмкін емес, мұндағы кедейліктің негізі теңсіздік мәселесінде жатыр.
Біздің түсінігімізде, Америка қоғамы әділетті тең қоғам ретінде көрінеді. Мұндай әсердің негізгі себебі, АҚШ-тың ұлттық байлығының деңгейі өте жоғары, сондықтан біз басқа кедей мемлекеттердегідей кең ауқымды материалдық тапшылықты онша байқай бермейміз. Білім беру мен денсаулық сақтау кеңінен жалпыласқан, теңсіздікті бірден сезіну қиын. Алайда АҚШ-та өмір сүріп жатқан адамдар үшін теңсіздік күнделікті тұрмыста әр қадам сайын көзге көрінеді. АҚШ-тағы теңсіздік негізінен саяси теңсіздік, еңбекпен қамтылудағы теңсіздік және әлеуметтік-мәдени шеттетулерге қатысты айқын көрінеді. Ең төменгі жалақы деңгейінің белгіленуі табыс бөлінісіне ықпал ететін маңызды факторлардың бірі. Федералдық үкімет ең төменгі күнкөріс деңгейін инфляция мен жалақының өсуіне сәйкес реттеп отыруы тиіс. Бұл іспен АҚШ Конгресіндегі арнайы комитет айналысады. Бірақ әр жолы ең төменгі жалақы деңгейін көтеру туралы талқылау үлкен дау тудырады. 1981 жылы АҚШ еңбеккерлерінің ең төменгі жалақысы сағатына 3 доллар 35 цент болып белгіленді, көрсеткіш 1990 жылға дейін өзгерген жоқ. 1997–2007 жылдар аралығында ең төменгі күнкөріс деңгейі сағатына 5 доллар 15 цент болып белгіленді. 2010 жылы ең төменгі жәрдемақы алушылардың жылдық табысы 14500 доллар болды, бұл сол жылғы ресми кедейлік шегінен әлдеқайда төмен. А. Дитонның пікірінше, АҚШ-та ең төменгі жалақының ұзақ жылдар бойы төмен деңгейде қалуы табысы аз топтардың саяси ықпалының әлсірегенін көрсетті. Ол мұны, әсіресе кәсіподақтардың, соның ішінде жекеменшік сектордағы кәсіподақтардың әлсіреуімен тікелей байланыстырады. Гарвард университетінің экономисі Алесина да АҚШ-тағы саяси жүйенің кедейлікке әсерін терең зерттеп, бұл жағдайды елде жұмысшы қозғалыстары мен социалистік идеялардың әлсіреуімен байланыстырды. Саяси себептерден бөлек, еңбек нарығындағы теңсіздік те АҚШтағы табыс теңсіздігінің күшеюінің маңызды себебі. АҚШ экономикасының құрылымдық өзгерістері нәтижесінде, табысы төмендердің күнкөрісін қамтамасыз ететін төмен деңгейлі еңбек салалары жаһандану әсерінен басқа кедей мемлекеттерге көшті. Соның салдарынан АҚШ-тағы біліктілігі төмен жұмысшыларға жұмыс табу барған сайын қиындады. Бұл жағдай соңғы жылдары АҚШ-тағы популизмнің кең таралуын белгілі бір деңгейде түсіндіреді.
The free sample has ended.