Read the book: «Рәбиғаның махаббаты»

Font::

Екі актілі, төрт суретті драма

Қатысушылар:

Рәбиға – 10-класс оқушысы.

Ұлықпан – Рәбиғаның класс жетекшісі, 27-де.

Мадрид – мұғалім, жасы 22-де.

Роза Қасымханова – мұғалима, жасы 35-тер шамасында.

Айжан Құдайбергенова – Рәбиғаның класстасы.

Уәтай – тракторшы жігіт, 19 жаста.

Қалаубай – мектеп директорының міндетін уақытша атқарушы, жасы 43-те.

Қамқа – мұғалима, жасы 45-тер шамасында.

Жамал – үй сыпырушы, жасы 65-те.

1- мұғалима.

2- мұғалима.

Медбике қыз.

Мұғалімдер.

Бірінші акт

Бірінші сурет

Түс ауған шақ. Ауылдық мектеп. Мұғалімдер бөлмесі. Ортада «Т» әрпі секілдентіп бір-біріне жалғастырып қойылған үстелдер.Оң жақ қабырғаның жанында – ескілеу диван. Есік жақта класс журналдары, географиялық карта, глобус, тағы да сол секілді күнделікті сабақ жабдықтарына арналған екі-үш әйнекті шкаф. Бөлмедегі үш-төрт мұғалім әлденеге үрпиісіп, сұрақты жүзбен бір-біріне қарайды.

1-мұғалима. Не боп қалыпты? Аяқ астынан немене шақыру бұл? Жиналыс па? Сабақтың үстіндегі не қылған жиналыс өзі?

2-мұғалима. Білмеймін. Түк түсінсем бұйырмасын. /Диванның үстінде отырған егделеу мұғалимаға бұрылып./ Тәтей, сіз бірдеңе білетін сияқтысыз ғой.

Қамқа /қабағын шытып/ Е-е, қайбір жақсылық дейсің. Оныншыдағы Рәбиға ше… Жанұзақоавны айтам… Со бала сірке суын ішіп қойыпты. Әлсіз көрінеді, жаңа «скорыймен» ауданға алып кетіпті. Ауруханаға…

2-мұғалима. Қойыңызшы?!.

1-мұғалима. Сірке суын дейсің бе?! Мынау сұмдық қой!

2-мұғалима. Құдай-ай, жап-жас бала. Қор болды-ау, сірке суын неменеге ішіп жүр сонда? Біреуге ерегесіп пе?

Қамқа. Интернаттағы оқушылардың жайын білмейсіңдер ме. Әке-шешелері жыл он екі ай бойы айдалада қой бағып жүредң елім-телім болып. Балалары жүреді мұнда – интернатта – тәрбиешілер мен аспаздың қасы мен қабағына қарап жәутеңдеп. Ал бірақ әлгі Жанұзақова бейшараның неменеге өйтіп жүргенін шынын айтсам, естігем жоқ. Қазір айтатын шығар түсіндіріп.

1-мұғалима. Сонда завуч бізді ғана шақырып па?

Қамқа. Мектепте барларын ғана шақыртқан болар. /Жүрегінің тұсын қолымен ұстап./ Апыр-ай, мына жүрегі түспегір қағып, біртүрлі мазамды алып отырғанын қарашы. Валидолымды үйге қалдырып кеткенімді көрмеймісің қасақана.

2-мұғалима. Тәтей, қой онда көп «нервничать» ете бермеңіз. Ауырып қалып жүрерсіз тағы.

Қамқа. Е-е, бізде қай бір жөнді жүйке қалды дейсіңдер. Міне, жиырма бес жыл мұғалім болғанымызға. Бердік қой сол жиырма бес жылға бойдағы бар денсаулықты да, жүйкені де. Онымен мұғалімнің еңбегін бағалап жатқан не үкімет, не ата-ана, не бала жоқ. Әйтеуір енді пенсияға дейін бірдеме қылып амалдасақ…

Осы кезде бұлардың үстіне адымдай басып Қалаубай кіріп келеді. Соңында Ұлықпан мен Айжан. Қалаубай сол адымдаған күйі төрдегі үстелдің жанындағы орындыққа – өзінің тиесілі орнына – барып жайғасады. Айжан не істерін білмей есік аузында состиып тұрып қалады. Жылап тұр.

Қалаубай /отырып жатып/. Ал, қане, Құдайбергенова, сен айтшы, былай дұрыстап. Не болды, қалай болды өзі? Қане, берірек жақында, былай ортаға қарай… Жылама. Жылағанмен қазір іс бітпейді. Қане, құлағымыз сенде…

Айжан. Біздің класта соңғы сабақ жүріп жатқан… /Ол сөзін әрі қарай жалғай алмай еңіз-теңіз болып жылап қоя береді/

Қалаубай. Құдайбергенова, жылама деймін. Жылағанмен іс бітпейді дедім ғой. Түсінсеңші, қарағым…

1-мұғалима. /Айжанның жанына барып, құшақтап, шашынан сипайды/. Қой, босай бермеші, айналайын. Бәрімізге де оңай тиіп тұрған жоқ. Қанеки, білгеніңді, көргеніңді айта ғой . Жұрттың бәрі сені тосып тұр ғой…

Қамқа /күрсініп/ Қайтсін, қатар жүрген құрбысы ғой. Екеуі егіз қозыдай еді.

Айжан /арасында көзінің жасын қолымен сүртіп қойып/ . Роза апайдың сабағы болатын. Кенет есік ашылды да, іле-шала ар жағынан Мадрид ағайдың басы қылтиды. «Роза, бір минутқа бері шығп кетіңізші» деді ол.

Қалаубай. Иә, сонан соң…

Айжан. Роза апай түсіндіріп тұрған сабағын тастап, дәлізге шықты. Класта отырғандықтан біз олардың не жөнінде сөйлескенін естіген жоқпыз. Сәлден соң роза апай класқа қайтіп кірді. Қолында бір жапырақ қағаз. Өңі өрт сөндіргендей болып кетіпті. «Жанұзақова, сен не бүлдіріп жүрсің?» деді ол есіктен кірер-кірместен Рәбиғаға шатынай қадалып. Менің қасымда отырған Рәбиға орнынан ұшып тұрды. Кластағы балалардың бәрі оған қарап аң-таң аңтарылып қалды. Мен де көзімнің қиығын салдым, Рәбиға қып-қызыл болып кетіпті, саусақтары дір-дір етеді. «Қазір сабақтан соң жеке қал, біз бұл мәселені талқылаусыз қалдырмаймыз. Отыр!..» – деді апай оған жек көре қарап.

Қалаубай. Иә, сосын Рәбиға класта қалды ма, жоқ әлде шығып кетті ме?

Айжан. Рәбиға дір-дір етіп, орнына қайта отырды. Сол отырғанан қашан сабақ біткенше қыбыр етпестен қақшиды да қалды. Түрі кісі аяғандай: көздері мөлт-мөлт етеді.

Сабақ біткен соң балалар үйді-үйлеріне тарай бастады. Мен Рәбиғаны жалғыз тастап кете алмай, есіктің алдына – дәлізге шығып күтіп тұрдым. Іштен апайдың ашулы даусы естіліп жатты. Мен былайырақ ысырылып тұрдым, өйткені біреулердің әңгімесіне тыңшыға ұқсап сырттан құлақ түрген ұят сияқты. Осы кезде дәлізде мектептің үй сыпырушысы Жамал апай еден жуып жүрді. «Әй , қыз, сен неменеге қақиып тұрсың, қайтпаймысың?» деді ол маған дәліздің ана басынан айқайлап.Мен не айтарымды білмегендіктен, үндемей тұра бердім. «Мына қыздың тілі байланып қалған ба, қара тігілгір!…» деді ол кісі күңкілдеп…

Қамқа. Сонда айтып тұрғаныңның бәрі осы бүгін болған жағдай ма?

Айжан. Иә, бүгін түсте.

Қалаубай /шыдамсызданып/. Дұрыс. Жамал апайың сонан соң не істеді? Бәрін болған күйінде, қалдырмай айта бер.

Айжан. Ол кісі сол еденді жуған күйі бір кезде біздің кластың тұсына жетті. Сөйтті де жалма-жан қолындағы шелегін қоя салып, іштегілердің әңгімесіне құлақ түре қойды. Кәрі кісі емес пе. «Мыналар не деп жатыр? – деді сосын маған бұрылып. – Мынау әлгі көк көз бе шаңқылдап жатқан? Әйтеуір сол-ақ бүлінеді де жүреді екен».

Оның «көк көз» деп тұрғаны Роза апай екенін мен түсіндім, бірақ Жамал апаға «білмеймін» деп басымды шайқадым. Жамал апай дереу біздің кластың есігін ашып жіберді де: «Әй, неменеге быжылдап жатсың? Бол енді, «кләсті» босатыңдар, «пол жуам», – деді. Роза апай ол кісіге де бірдеңе деп дүрсе қоя берді, бірақ не айтқанын аңғармай қалдым. Жамал апай есікті сарт еткізіп қайта жапты да, бұрқылдап жүріп жұмысына қайта кірісті.

Бір кезде шиедей қып-қызыл болып кеткен Рәбиға есіктен атып шықты. Ол менің өзін күтіп тұрғанымды көрсе де, көрмеген боп, жанымнан жүгіріп өтті. Мен қуа жөнелдім. Екеуміз мектептің сыртқы есігіне қатар жеттік. Осы кезде қарсы алдымыздан Мадрид ағай ұшырасты. Рәбиға бір секундқа қалт тұра қалды да, оған көздерін жиренішті ұшқын атып, жалт қарады. Сонан соң қайтадан жүгіре жөнелді.

Интернатқа келсем, ол төсегінде бүк түсіп, солқылдап жылап жатыр екен. Мен әрі-бері жұбатып едім көнбеді. «Айжан, сен асханаға бара берші, мен артыңнан барам. Құдай үшін, баршы, жалынам!.. – деді даусы қалтырап. Мен амалсыздан асханаға кеттім. / Айжан осы араға келгенде қайтадан көздері мөлтілдеп, жылап қоя берді. / Сол үшін өзімді ешқашан кешірмеймін!…

Асханаға барып қайтып келсем, Рәбиға еденде сұлқ түсіп, құсып жатыр… Қасында сірке суының бос құтысы… Мен қорыққаннан шыңғырып жібердім, тәрбиеші апайларға қарай жүгірдім. Одан кейінгісін несін айтам, бәрі белгілі ғой…

Бөлмедегілер бір сәтке тым-тырыс тына қалды. Жым-жырт. Осы жым-жырт тыныштықты бірінші болып бұзуға ешкімнің батылы жетпейтіндей. Кенет есік сарт ашылып, ішке ентіге басып Роза жетіп келеді. Өңі құп-қу. Ол салғаннан біресе бөлменің орта тұсында жылап тұрған Айжанға, біресе ауыздарына су ұрттап алғандай сам-саэ болып қалған әріптестеріне – мұғалімдерге күдіктене қарайды.

Қалаубай /қипақтап/. Айжан қарағым, сен енді боссың, бара ғой…/Айжан кетеді. Қалаубай мұғалімдерге бұрылып./ Ал енді тездетіп ауруханаға баруымыз керек екі-үшеуіміздің. Ана баланың артынан… Соған кімді жіберуді ойласқалы шақырып отырмын. Мектепте барларыңызды.

Мұғалімдер жалтақтап бір-біріне қарайды.

Қамқа. Өзің бастап барғаның дұрыс қой. Сосын мына Ұлықпан мен Розаның барғаны мақүл болар. Біреуі класс жетекшісі, біреуі…

Қалаубай. /Қамқаның сөзін бөліп/. Дұрыс. Басқа ұсыныс жоқ па?

Роза. /көздері ашу отымен жарқырап, біресе Қамқаға, біресе Қалаубайға қадала қарап алып./ Жоқ , мен бармаймын . Барғыш болсаңдар өздерің бара беріңдер, білдіңдер ме!.. Неге мен баруға тиіспін?!. /Еріндері дір-дір етіп жылап қоя береді./ Бармаймын мен!..

Қамқа / шытынап/. Неге бармайсың? Сен бармағанда кім барады сонда?

Роза /Қамқаға қарап шаңқылдап/. Жайыңа отыр, білдің бе? Білем сенің ойыңды! Әнеукүнгі өшіңді алмақсың ғой! Ол қыздың алдында менің ешқандай кінәм жоқ.

1-мұғалима. Роза, қойсаңшы енді!… Сені кінәлап жатқан кім бар?

2-мұғалима. Сен бармасаң, басқа біреу табылар, көпшілік қой.

Роза. Керегі жоқ сөздеріңнің! Маған іштері елжірей қалғандай мүләйімси қалуларын! Ешкімнен мәміле сұрап тұрғаным жоқ. Білем, білем ғой, бәрің де бір амалын тауып мені қараламақсыңдар. Білем мен бәрін!.. /Осыны айтып, екі қолымен бетін басқан күйі еңіреп қоя береді./

Қамқа. Мынау қайтеді-ей! Үндемеген сайын тіпті кісінің басына мініп барады ғой. Тәйт, долданба әрі! Бұл жерге ешкімнің долылығың керегі жоқ.

Қалаубай /қаламымен үстелді тықылдатып/ Ау, ағайын, қоясыңдар ма, жоқ па?! Тым болмаса, мені сыйламасаңыздар да, мына үкіметтің кеңсесін сыйласаңыздаршы. Роза, сен былай сабырмен түсіндірші өзі… Әлгі Мадрид саған бір қағаз бергендей ме? Не қылған қағаз ол?..

Роза /жалма-жан үстелдің үстінде жатқан қол сөмкесін ашып, ішінен бір парақ қағазды алады. Бөлмедегілердің бәрі аңтарылып оның қолындағы жұмбақ қағазға қарайды/. Мынау әлгі Жанұзақованың хаты. Қандай хат десеңіздер ғой – ғашықтық хат! Кімге дейсіңдер ғой – өзінің мұғаліміне – Мадридке!.. Ал тыңдай қойыңдар, мен оқып берейін. /Кекетіп/ Бір айыздарың қанып қалсын!..

Қалаубай /шыдамсызданып/ Роза, бол, оқышы енді. Ырғалып-жырғалуға уақыт жоқ. Тезірек райбольницаға жетуіміз керек.

Роза /дауыстап оқи бастайды, кекесінді үнмен/ Мадрид!.. Ағай, Сіз менің өстіп атыңызбен атағаныма ашуланбаңыз. Рас, сіз мұғалімсіз, бізге білім бересіз. Үлгілі адамсыз. Бірақ мен сізді сүйемін, сондықтан да атыңызбен атап отырмын. Сүйген адамыңды ең болмаса бір рет хат жүзінде болса да атымен атағанның айыбы жоқ шығар. /Ернін шүйіріп, жақтырмай басын шайқайды./

Ағай, мүмкін сіз мені ұятсыз деп ішіңізден сөгерсіз, жалынам – өйтпеңізші. Ойланыңызшы, сіз бізге мұғалім болғаныңыз болмаса, менен төрт-бес-ақ жас үлкенсіз. Мен қайтем енді? Әуелі әрі-бері «айтпай-ақ қояйын, сіз білмей-ақ қойсын, ұят қой менің мұным, ұят…» деп өзімді талай тежедім. Бірақ төзімнің де шегі бар емес пе? Әнеугүні репетицияға кешігіп келгенім үшін балалардың көзінше қатты кейідіңіз. Неге сонша қатты кейідіңіз маған? Мен сізді жақсы көрем ғой, Сіз неге соны түсінбейсіз! Тым болмаса маған бір сәт көз тоқтатып қарамайтыныңыз не?! Білем, сіз өзіңіздің ұстаздық беделіңізді түсіргіңіз келмейді, бірақ мен сіздің беделіңізді түсіруге ешқашан тырысқан жоқпын. Қанша кейісеңіз де үнсіз шыдап, тыңдап тұра бердім. Өзіңізді жақсы көретін адамға осынша ұрысуға бола ма? Әлде сіз ештеңені сезбейсіз бе?.. Ағай, өткенде қыздар сізді кітапханашы апаймен жүреді деп әңгіме қылды. Рас па сол? Олай болса, менің хатымды быт-шыт қылып жыртып тастаңыз, ал егер олай болмаса, хатыма жауап беруіңізді өтінемін. Енді екі-үш айдан соң мен де мектеп бітіремін ғой…

Ағай, «қыз басымен мұнысы несі» деп мені кінәлай көрмеңіз. Ойлаңызшы, Жәмила да Даниярды сүйді ғой, ол да қыз басымен сүйетінін бірінші болып білдірді. Қазір баяғы заман емес, хат жазып, жауап күтуші – Рәбиға.

Ал, осы ма білгілерің келгені? /Езуіне мысқыл жүгіріп, бөлмедегілерді шеттерінен бір-бір шолып шығады. Мұғалімдердің бәрі аң-таң, жалтақтап бір – біріне қарайды./ Хатты маған Мадрид әкеп берді. «Мектептегі қыздар советінің председателісіз, Жанұзақовамен сөйлесіңіз, тәртіпке шақырыңыз» деді. Сонан соң сөйлестім. Енді не қылам? Өздерің ойлаңдаршы: мұғаліміне сүйдім-күйдім деп қалай аузы барады? Түсінбеймін. /Қамқаға бұрылып/ Ал сіз әңгіменің байыбына бармай жатып, дікің-дікің етесіз. Мүмкін жаңағы Құдайбергенова болған жайды басқаша түсіндіріп кеткен шығар. Бүгінгінің адамынан бәрін күтуге болады. Қарғадайына дейін іштерінен бәле-жаланы оқып туған.

Қамқа. Е-е, ішіміздегі ең тәуір өзің екенсің ғой, жарайд, тоқтат. Ақылшымыз, биіміз сен болсаң, бәріміз де жетіскен екенбіз… /Шарасыз қалыппен қолын сілтейді./ Сенің о баламен қалай сөйлескеніңді әлі ешкім білмейді. Күні бұрын сүттен ақ, судан тазасынып, басыңды алып қашпай-ақ қой.

Роза /сұрланыа Қамқаның жанына ентелеп жетіп барады/. Ал тоқтатпаймын, не қыласың? Сотқа бересің бе? Берсең бер, мені өйтіп қорқыта алмайсың.

Қамқа /қолын сілтеп/ Өй, әрмен, жарқыным!.. Мынау қайтет, кісіні таптай ма?!

1-мұғалима. /Розаның білегінен ұстап/ Роза, қойсаңшы енді. Тәтейдің жүрегі ауырып отыр. Ашу – дұшпан, ақыл – дос; сабырға келші!

Роза / 1-мұғалиманың қолын қағып жібереді/. Керегі жоқ дедім ғой мен сендердің сөздеріңнің. Мәмлелерің өздеріңе!.. /Иегі кемсеңдеп, жылайды./ Білем мен бәріңнің де ойларыңды, күндіз-түні ойлайтындарың есебін тауып, мені қаралау. Енді соған сылтау табыдғанына қыптарың қанып, өліп бара жатырсыңдар ғой…

Қалаубай. Оу, шырақтарым, тоқтатасыңдар ма, жоқ па? Ана жақта біреу жан алып, жан беріп өлім аузында жатыр, соған баруымыз керек деп тұрмын ғой. Мына мен ,жалғыз өзім қайда жетем? Директорларың болса анау, қысы-жазы ауру, курорт пен больницадан шықпайды. Бәріне өзіңнің жауап беруің керек – бүйте берсе, бір күні сотталып тынатын шығармыз. Сотталмаған не қалды. /Ұлықпанға бұрылып./ Айналайын, жаңағы Мадрид қайда?

Ұлықпан. Барып қайттым, үйінде жоқ.

Қалаубай. Әне,былықтыруын біреу былықтырады, жүгіретін, жауап беретін – баяғы жазған Қалаубай. Ұлықпан, сен онда жүгір, тездетіп машина тап. Ана совхоздың әкімдерінің біреуін әкелесең де, көкелесең де көндір. Біздікі, мұғалімдердікі, сол жалынумен өткен өмір емес пе?..

Ұлықпан кетеді.

Екінші сурет

Аудандық аурухананың ауласы. Ұлықпан мен Роза әрқайсысы іштей өз ойымен өзі әуреге түсіп, олай-бұлай жүреді. Осы кезде сыртқа Қалаубай шығады. Екеуі де солай қарай ұмтылады.

Роза. Не болды?! Әлгі қыз тірі ме әйтеуір?

Қалаубай үн-түнсіз тұнжыраған қалпы бұларға жақындай береді.

Роза. Апыр-ау, бірдеңе десеңші!… Неменеге соншама тұнжырап кеткенсің?!

Қалаубай. /Күрсініп./ Жаңа ғана үзіліпті. Денесін моргке алып кетті.

Ұлықпан. /Түрі бұзылып./ Қойыңызшы?!

Роза. О, Жасаған!.. Моргке деймісің?! /Өз-өзінен шошынып, кейін шегіне беріп/ Жо-жоқ!.. Мүмкін емес! Мүмкін емес олай болуы!..

Қалаубай. Рас…

Ұлықпан. Бәлкім, біреулермен шатастырып алған шығар.

Қалаубай. Жоқ. Дәрігердің өз аузынан естідім.

Роза. /Көздері алақтап./ Құдай-ау, мына дүние не боп барады өзі?! Жоқ, сен шатастырып тұрсың!.. Мүмкін емес олай болуы!.. /Еңіреп жылап жібереді./ Онда маған құрыдың десеңдерші!.. /Екі қолымен бетін басып, жүрелеп отыра кетеді./ О, Жасаған, соншалықты не жазығым бар еді?! Енді құрымаған нем қалды? Құрыдым ғой, құрыдым!..

Пауза.

Кенет Роза орнынан ұшып тұрып, басы ауған жаққа жүгіре жөнеледі.

Роза. Мен де өлем сол қыздың артынан!.. Түрмеге түскенше, машинаның астына түсіп өлгенім жақсы. Мен де құримын енді!..

Қалаубай мен Ұлықпан Розаны жарты жолдан қуып жетіп, екеуі оның екі қолтығынан ұстай алады.

Қалаубай. Қой деймін, жарқыным!.. Немене, бала боп кеткенбісіңдер барлығың? Қой енді тағы да жаман ырым бастамай!

Ұлықпан. Роза, сабыр етші, қане! Жұрттан ұят-ты.

Роза. /Сол еңіз-теңіз болып жылаған күйі./ Жұрттың керегі не маған? Керегі жоқ маған енді ешкімнің! Өлем деген соң – өлем!..

Қалаубай. /Дауысын қатайтып./ Жетті енді! Күні бұрын байбалам салғаннан ештеңе өнбейді. Заң орындары бар – тексерер, кезінде бәрінің ақ-қарасын ажыратып берер.

Роза. /Жұлқынып, еркектердің қолынан босанып шығады да, көздері шатынап Қалаубайға қарай қадалады да қалады./ Сот деймісің?!..

Қалаубай. / Қорқып кетіп, кейін шегіншектей береді./ Иә-иә… енді сірәдағысын айтқаным ғой. Әйтеуір бір тексеретін шығар.

Роза. / Қалаубайдың ізінен қалмай, жүзіне ащы мысқыл үйіріліп./ Кімді тексертпексің сонда сол сотыңа? Мені ме? /Ұлықпанға бұрылып./ Әлде мына Ұлықпанды ма? Айтсаңшы енді!…

Қалаубай. /Сасқалақтап./ Енді кінәлілерді тексереді де. Мен оны қайдан білейін.

Роза. Жо-жоқ! Сен білесің!.. Сендер бәрін білесіңдер! Аяқ астынан түк білмейтіндей меңіреу бола қалуларын. Мен ғой сонда бәріңнің ұстап бермекшілерің!.. Бәрің жабылып, орталарыңдағы бір жесір қатынды құрмалдыққа шала салмақшысыңдар ғой!..

Ұлықпан. Роза, қойшы, жарқыным! Сені құрмалыққа шалғалы жатқан кім бар? Одан да ана бейшара болған баланың жайын ойлайық та. Кісі өлімі болып жатқанда айқай-ұйқайымызға жол болсын. Бәріміз де адамбыз ғой, не де болса адамшылығымызды сақтап қалайық ақырына дейін.

Қалаубай. Иә, сөйтіп бір жөн сөзге көшелікші. Тіпті олай-бұлай өтіп жатқан жұрттан ұят болды ғой бір-біріміздің жағамызға жармасып.

Роза. /Мысқылды үнмен./ Аяқ астынан адам бола қалуларын! Еркек бастарыңмен көрер көзге көлгірсуге өздерің ұялсаңдаршы әуелі!Іштеріңнен ит өліп жатыр ғой, ит өліп! Жоқ, Розадан ештеңе жасыра алмайсыңдар. Тап осыдан түрмеге отыра қалсам, бар ғой, Қалаубай, алдымен бар ма – алдымен өзіммен бірге тап сені ала кетем! Айтпады деме!..

Осы кезде бұлардың жанына үстіне ақ халат киген медбике қыз жүгіріп келеді.

Медбике. Сәлеметсіздер ме!.. /Ентігін басып./ – Жанұзақова Рәбиғаның мұғалімдері сіздер ме?

Ұлықпан. /Аң-таң қалып./ Иә, біз.

Медбике халатының қалтасынан бір жапырақ ақ қағаз алып , Ұлықпанға ұсынады.

Медбике. Онда мынау Жанұзақованың қайтыс болар алдында жазып қалдырған запискасы. Дәрігер ағай жаңа сіздерге беруге ұмытып кетіпті, маған апарып бер деп еді.

Ұлықпан. Рахмет, айналайын.

Медбике. Ал жақсы, онда сау болыңыздар. /Кетеді./

Қалаубай. /Шыдамсызданып./ Ал, қане, оқышы енді. Не деп жазыпты?

Ұлықпан. /Записканы дауыстап оқи бастайды./ Егер мен осыдан өле кетсем, оған ешкім де кінәлі емес. Уәтай, сен мені кешір. Рәбиға.

Роза. / Ентігіп./ Қайта, қайта бір оқышы!..

Ұлықпан. Не қайта оқитыны бар. Егер мен осыдан өле кетсем, оған ешкім де кінәлі емес депті.

Роза. Ешкім де кінәлі емес депті деймісің?!

Ұлықпан. /Тыжырынып./ Иә-иә!

Роза жалма-жан Ұлықпанның қолындағы записканы жұлып алып, сол бір жапырақ қағазды содан біреу тартып алғалы тұрғандай көкірегіне баса қояды да кейін қарай шегіне береді.

Роза. /Көздері алақтап./ Енді бұл записка менде болады! Білдіңдер ме – менде!..

Қалаубай. Мақұл-мақұл. Тек аптығыңды басшы, жарқыным.

Роза. Енді мені ешкім де соттай алмайды, түсіндіңдер ме?! Ешкім де!.. Бәрің шибөрідей жабылып едіңдер! Көрдіңдер ме , жыртық үйдің де Құдайы бар! Енді Роза – ақ! Жалақорлардың аузына құм құюға осы заипска да жетеді. Енді бұл записка менде болады! Білдіңдер ме , менде!..

Ұлықпан. /Тыжырынып./ Иә-иә, сенде болады!..

Қалаубай. /Басын шайқап./ Не боп барамыз өзі?..

Дәл осы кезде сахнаға Уәтай шыға келеді. Көйлегінің омырау түймелері ағытылып кеткен. Түрі өрт сөндіріп шыққандай. Қалаубайларды көріп, қалт тұра қалады.

Уәтай. /Ащы кекесінмен./ А-а, жеткен екенсіздер ғой!.. Ақыры өлтіріп тындыңдар ма?

Уәтай әрқайсысының жанына келіп, бір тесіліп өтеді. Роза дереу жуаси қалып, Ұлықпанның артына қарай ығысып тұрады. Пауза. Бәрі бір сәтке құлақ пен тілден айырылғандай үнсіз.

Уәтай. / Кенет, жұлып алғандай./ Мадрид қайда? Құдай үшін айтыңдаршы, тап қазір ол маған ауадай қажет болып тұр.

Ұлықпан. Ол мұнда келген жоқ.

Қалаубай. Нансаң, соны бері шығарда өзіміз де таба алмай қалдық.

Уәтай. /Розаға бұрылып./ Мүмкін сіз білетін шығарсыз оның қайда жасырынып қалғанын? Екеуіңіз әмпей-жәмпейлеу едіңіздер ғой?

Роза. /Түсі қашып./ Құдай ақы, Уәтайжан, көргенім жоқ.

Уәтай. Не қылған тасжүрек жансыздар! Ең болмаса қанішердің қай жерде жүргенін де айтпайсыздар ма! Туһ, қандай қатал жансыздар! Біле-білсеңдер, менің мына жан-дүнием өртеніп жатыр ғой, өртеніп!..

Ұлықпан. /Сабырлы үнмен, даусы дірілдеңкіреп./ Айналайын, мен сені түсініп тұрмын. Рәбиғаға сенің көңілің бөлек еді ғой. Топырағы торқа болсын, қайтейік. Біз де оңып тұрғамыз жоқ. /Бір қолымен Уәтайды иығынан құшақтап, бауырына тартады./

Уәтай. Ағай, мен біттім ғой… /Иығы селкілдеп, үнсіз жасқа булығады./

Ұлықпан. Сабыр ет, Уәтайжан. Егер сенсең, шынымды айтайын, дәл қазір мен де өзімді өзім жек көріп тұрмын. Ал бәрінен саған ауыр, әрине.

Осы кезде үсті-үстіне белгі берген машинаның сигналы естіледі. Бәрі қайтадан абыр-сабыр бола қалады.

Роза. Болыңдар, ана шопыр бала шақырып жатыр.

Қалаубай. Иә, қой, қозғалайық. Уәтайжан, мына машинаны бас зоотехниктен ат пен түйе қалағандай бір-екі сағатқа әзер сұрап алып едік… Сен де бізбен жүрмеймісің?

Уәтай. Жоқ, жолдарыңыз болсын, мен бүгін қайтпаймын.

Роза. Ал тез болыңдар енді, ана бала бізді кетіп қалды деп ойлап қалар…

Үшеуі кетеді. Уәтай жалғыз.

Уәтай. Кетті бәрі!.. Кеткендерің дұрыс болды, білгілерің кесе , айтайын: бәріңді де жек көрем! Не қылған шеттерінен тас жүрек адамдар! Қыбыр-жыбыр түкке татымайтын тірліктеріне асығып өліп барады. Біреудің қайғысы мен қазасын қайтсін. Өздері аман болса, қалған дүниені топан су қаптап кетсе де бәрі бір емес пе оларға. /Жалын ата күрсініп./ Рәбиға, жаным! Мені кімге тастап кеттің сен! Қайтейін, ақ пен қараны сен де кезінде дұрыстап айыра алмадың ғой сорлатқанда. Айтпап па едім саған Мадридтің кім екенін сонда? Әттең, сенбедің. Сенбей сен қор қылдың, сендіре алмай мен қор болдым! Есіңде ме, жаным, сол бір айлы түн!? Енді бәрі кеш, кеш!.. /Екі самайын ұстап, жүрелеп отыра кетеді/.

/Шымылдық./

Үшінші сурет

Айлы түн. Шарбақпен қоршалған интернат ауласы. Ағаш скамейка. Оның жанында бес-алты түп тал, терек. Уәтай Рәбиғаның қолынан ұстап жібермей тұр.

Рәбиға /еркелей үн қатып/. Жіберші дейім енді… Қазір көріп қойса, апай ұрсады.

Уәтай. Осы сендердің тәрбиешілерің түнде де интернатқа қона ма?

Рәбиға. Иә, енді ше… Уәтай, жібер дейім. Түн ішінде қайдан жүрсің?

Уәтай. Кинодан шықтым. Біртүрлі сені көргім келіп кетті. Сонан соң төтесінен мына шарбақтан бері секіре салдым. /Иегімен шарбақты нұсқайды/.

Рәбиға. /сыңқ етіп/. Шарбақтан секіруді әлі қоймаған екенсің ғой, үп-үлкен болып ұят емес пе? Айтпақшы, клубта бүгін қандай кино екен?

Уәтай. «Калина красная» деген. Мен секілді бір тракторшы туралы.

Рәбиға. Ә-ә, оны бұрынырақта мен де көргем. Ескі кино. Шукшиндікі ғой.

Уәтай. Кімдікі екенін білмеймін. Ескі болса да, жақсы кино. Мен оны осымен үшінші рет көріп тұрмын.

Рәбиға. Оның рас, жақсы кино. Тек соңында егіс басына келіп бандылардың әлгі тракторшыны өлтіріп кететіні аянышты. Осы өмірде көбінесе әділетсіздіктің жеңетіні несі? Сондайды ойлағанда жаным түршігеді.

Уәтай. Неге, артынан барып, әлгі тракторшының – Егордың қайнағасы бандыларды машинамен соғады ғой.

Рәбиға . /күрсініп/. Одан да не пайда, өлер адам өліп қалған соң…

Пауза.

Рәбиға. Ал, неменеге шақырдың?

Уәтай. Сені қатты көргім келіп кетті, сонан соң шақырдым.

Рәбиға. Уәтай, сен қызықсың. Бала сияқтысың…

Уәтай. Сен немене, үлкейіп кеттің бе? Менен бақандай екі жас кішісің және маған тағы бала дейсің.

Рәбиға. Жаста тұрған ештеңе жоқ.

Уәтай. /кекетіп/ . Е-е, солай де… /Бір қолымен қызды құшақтағысы келіп ұмтылады. Рәбиға бұлқынып-бұлқынып қолын босатып алады./

Рәбиға. /ренішті үнмен/. Айтпады деме, енді бүйтіп дөрекілік жасайтын болсаң, мүлде шықпай қоям. Өйтетін болсаң, кездеспейміз. /Уәтай мұңайып, жасып қалалды./ Ал, айтсаңшы неге шақырғаныңды?.. /Жаңағыдай емес даусын жылытып./ Көптен бері көрінбей кетіп едің ғой.

Уәтай. Фермада болдым. Қыстауға шөп тасыдық… Рәбиға, қолыңды жай ұстап тұрайыншы шамалы. /Әбден жуасыған үнмен./ Енді тиіспеймін…

Рәбиға келіскен сыңай танытады.. Екеуі қол ұстасып, сәл-пәл үнсіз тұрады.

Рәбиға. Шөпті біздің қыстауға да тасымайсыңдар ма? Тасысаң, демалысқа қарай мені ала кетші. Үйдің ішін жаман сағындым. Көкемді де, апамды да…

Уәтай. /қуанышты үнмен./ Әрине, ала кетем. Тіпті тасымаған күнде де былайша жұмыстан соң-ақ апарып келейін!..

Рәбиға. Бастықтарың ұрысып жүрмей ме?

Уәтай. Не деп?!. Жұмыстан кейінгі мендегі шаруасы қанша олардың?

Рәбиға. Тракторды гаражға қой, бензинді құртасың деп.

Уәтай. /мырс етіп/ Әй білгішім-ай! Бензин емес, солярка де. Бензинмен жүретін машина.

Рәбиға. Иә, солярка…

Уәтай. Бастықтардан біз қазір қорықпаймыз, олар қайта бізден қорқады. өзің әлі тоқырау заманында жүрсің ғой, қазір қайта құру, демократия, так что, ол жағынан саспа. Қаласаң, күні ертең-ақ апарып келейін.

Рәбиға. Жо-жоқ, ертең емес. Онда кейінірек көрерміз…

Уәтай. Рәбиға, кеше шақырғанда неге шықпадың?

Рәбиға. Шыққым келмесе қайтем. /даусын құбылтып, еркелеп./ Сол, шықпадым ал, не қыласың?

Уәтай /күрсініп/. Білеміз ғой…

Рәбиға. Нені білесің?

Уәтай. /аяқ астынан дүңк етіп./ Мен ақыры бір күні Мадридті оңдырмаймын.

Рәбиға. /үрейленіп./ Біздің ағайды ма!. Сен шын айтып тұрмысың?!

Уәтай. Шын болмағанда ше?

Рәбиға бұлқынып Уәтайдың уысынан қолын тартып алады

Рәбиға / ашулы үнмен/. Онда менен жақсылық күтпе! Уәтай , бұзықсың сен. Бұл түріңмен кісі өлтірерсің бір күні. Өйтетін болсаң, енді қайтіп маған жолама.

Уәтай. /тістеніп/. Сен соны сүйесің!..

Рәбиға. /абдырап/. Оны қайдан білдің?

Уәтай. Мен сен ойлағандай бала емеспін. Білем, көркемөнерпаздар дегенді шығарып алыпты. Соны сылтауратып сендерді, өзінің оқушыларын айналдырады ол.

Рәбиға. /ыршып түсіп/. Уәтай, сенің қалай аузың барады осындайға?! Ол мұғалім ғой. Оның бұл – қоғамдық жұмысы. Мен оның ондай ештеңесін көргем жоқ, сондай жақсы жігіт…

Уәтай. Жігіт деймісің?! /Күрсініп/ Әне, сендер , қыздар , қандайсыңдар? Өздеріңнің мұғалімдеріңді жігіт дейсіңдер…

Рәбиға. /қысылып/. Ойнап айтам, мен не дер екен десем…

Уәтай. Иә, сендер, қыздар, бәрін де ойнап айтасыңдар. Бірақ ойнап тұрып шындарыңды қалай айтып қалғандарыңды білмей қаласыңдар.

Рәбиға. /Еркелеп, Уәтайдың кекілінен сипап./ Өзің білгішсің ғой. Үндемей жүріп, бәрін ішіңе тоқып жүреді екенсің ғой. Пәлесін қараш!..

Уәтай. Оқымаған адамдардың бәрі топас көресіңдер ғой сендер. Тракторшыларда да бас бар.

Рәбиға. Қойшы енді, сені топас деген кім бар? Қайдағыны айтады екенсің.

Уәтай. Айтпасаңдар да, іштеріңнен солай ойлайсыңдар. Қазіргі қыздардың бәрінің арманы – оқыған жігіттер! Ал олардың адамшылығы қандай – ол жағында мүлде жұмыстары жоқ.

Рәбиға. Уәтай, жетті ғой енді. Тағы да Мадрид ағайды жамандағалы келе жатырсың ба? Білесің бе, бұл қылығың саған мүлде жарасып тұрған жоқ. Бүгін сен біртүрлісің. Уәтай емес, басқа біреу секілдісің.

Уәтай. Мен әр уақытта Уәтаймын. Ал айтып тұрғанымның бәрі сен ойлағандай өсек емес, шырқыраған шындықтың нақ өзі. Өзің дұрыстап бір ойланып көрші осы туралы.

Пауза. Екеуі де бір сәтке үнсіз. Рәбиға көзіе жұмып, сәл-пәл теңселіп тұр.

Уәтай. Не ғып тұрсың?

Рәбиға. / Сол көзін жұмған күйі. Қуланып/ Ойланып тұрмын. Өзің ойлан дедің ғой жаңа.

Уәтай. Кім туралы ойланып тұрсың?

Рәбиға. Ол – құпия. Өзің тап.

Уәтай. / Манағыдай емес, көңілденіп/ Іһм… Апаң туралы ғой, Ә?!

Рәбиға. /Күлімдеп басын шайқайды/. Жоқ таппадың.

Уәтай. Іһм… Кім туралы десем екен?.. Дәуде болса, көкең туралы шығар.

Рәбиға. Жоқ. Көкем туралы осының алдында ғана ойлағам. Қазір мүлде басқа кісі туралы ойланып тұрмын.

Уәтай. /үнжұрғасы түсіп/ Мадрид туралы шығар онда…

Рәбиға. /Басын шайқап./ Ақыры таппадың ғой, өзім айтайын онда. Дәл қазір сен туралы ойлап тұрғам.

Уәтай. /Елең етіп./ Өтірігіңе береке берсін. Әншейін мені алдаусыратып тұрсың ғой.

Рәбиға. Неге? Уәтай, жалпы, сен өзіңнен басқа ешкімге сенбейтін болып кеткенсің ғой деймін. Бұрын бұндай сияқты емес едің.

Уәтай. Мен туралы ойланып не қажеті бар. Қарсы алдыңда тұрған жоқпын ба, кісі қасында жоқ адам туралы ойлайды әдетте.

Рәбиға. Басқалардың қалай ойлайтынын білмеймін. Ал мен қаласам, қасымда тұрған кісі туралы да ойлай берем.

Уәтай. /Иығын қиқаң еткізіп/ Қызық екен…

Рәбиға. /Қуланып./ Міне, солай. Ал айтшы тағы, мен сен туралы жақсы ойлап тұрмын ба, жаман ойлап тұрмын ба?

Уәтай. Мен оны қайдан білейін.

Рәбиға. Ал сен білуге тырысып көр.

Уәтай. Меніңше, жаман ойлап тұрсың

Рәбиға. /Күліп жібереді/. Өзім де солай дейтін шығар деп тұрғам.

Уәтай. Ал онда өзің айтшы.

Рәбиға./Қуланып./ Айтпайым. Таба алмаған өзіңнен көр.

Уәтай кенет батылданып Рәбиғаның бетінен сүйіп алды. Рәбиға бұлқынып-бұлқынып оның құшағынан сусып шығып кетеді.

Уәтай. /Алқынып./ Рәбиға, Құдай ақы, мен сені өлердей жақсы көрем. Түсінші енді…

Рәбиға. /Ыңғайсызданып./ Жақсы көрсең енді сүйту керек пе? Бүйтіп тиісе берсең кетіп қалам дегенім қайда мана.

Уәтай. Жарайт, тиіспеймін. Тек қасымда тұршы біраз.

Рәбиға. /Әсерленіп/. Бүгінгі түн қандай тамаша! Жұлдыздар тура жапырлап, тамып кеткелі тұр.

Уәтай. Мәңгі осылай боп тұра берсе ғой, шіркін. Күн шықпай-ақ қойса.

Рәбиға. Неге?

Уәтай.Күн шықса, сен жұрттан ұялып менің жанымнан қашып кетесің.

Осы кезде интернат жақтан: «Рәбиға, а-а, Рәбиға?»» деген әйел адамның даусы шығады.

Рәбиға. Ойбай, апай іздеп жатыр. Ал мен кеттім! /Уәтайдың алақанында тұрған қолын тартқылай бастайды/ Уәтай, қолымды жіберші.

Уәтай. Жібермеймін. Бетімнен бір рет сүйсең, жіберейін.

Рәбиға. Жіберші деймін. Қазір апай көріп қояды, ұялмайсың ба?

Уәтай. Көрсе, көре берсін. Айттым ғой бетімнен бір сүй деп.

Рәбиға Уәтайдың бетінен бір сүйіп алады.

Рәбиға. /Алқына сыбырлап./ Ал енді жібер!… Уәтай Рәбиғаның қолын босатып жібереді. Интернат жақтан тағы да : «Рәбиға!… Мына қыз қайда кеткен, шырағым-ау» деген жаңағы әйел үні қайта естіледі. Рәбиға көйлегінің етегі делеңдеп, дауыс шыққан жаққа қарай жүгіре жөнеледі.

Сахнада Уәтай жалғыз. Рәбиғаның соңынан көз алмаған күйі қала береді.

/Шымылдық./

Екінші акт

Төртінші сурет

Кешқұрым. Тағы да сол мұғалімдер бөлмесі. «Т» әрпі секілденген үстелдердің төріндегі екі орындық бос тұр, қалған орындарға осы драмаға қатысушы мұғалімдердің бәрі қатар-қатар жайғасқан. Үстелдің есік жақтағы ең шеткі орындықтарында – Жамал, Айжан. Кілең мұғалімдердің арасында, бөтен ортада, олар өздерін артық сезінетін тәрізді, басқалар екеуара, үшеуара күбірлесіп әңгіме-дүкен құрып жатса, бұл екеуі оларға кірікпей, үн-түнсіз отыр.

Ортадағы әйнекті шкафтардың бірінің үстінде – Рәбиғаның қызыл лентамен жиектелген үлкейтілген фотосы. Жанында бес-алты тал қалампыр гүлі сұлап жатыр. Фотодан мөлдіреген қап-қара шашына қос ақ бантик қадаған уылжыған қара торы қыз бала – Рәбиға – мына өмірді, адамдарды шексіз сүйген, сенген жүзбен мөлдіреп қарап тұр. «Егер мен осыдан өле ектсем, бұған ешкім де кінәлі емес» дейтін сияқты ол.

Президумда – алдындағы қобырап жатқан қағаздарға үңіліп қалған Қалаубай.

Қалаубай /қағаздан басын көтеріп/. Ал, жолдастар, бастаймыз ба? Педсовет мүшелері түгел шығар?

1-мұғалима. Бастайық. Негізінен түгел ғой.

2-мұғалима.Иә, келетіндер келіп болды емес пе?

Қамқа /Қалдыбайға/. Ауылдың басшыларын да шақырамыз деп келіспеп пе едік?

Қалаубай. Шақырғанбыз. Таңертең кеңселеріне барып, өзім арнайы кіріп шықтым. Совхоз директоры мал аралауға жүргелі жатыр екен, «өздерің өткізе беріңдер, менің қолым тимейді», деді. Ал сельсоветтің председателі ауданға жиналысқа кетіпті.

Қамқа /кекетіп/ Е, бәсе, олардың қолы тиюші ме еді. Адамды қайтсін, малдары түгел болса , болды да оларға.

Қалаубай / тамағын кенеп алып/ Жолдастар, сонымен «Қайрақты орта мектебінің кезектен тыс педсоветін ашық деп жариялаймын. Күн тәртібіндегі мәселе біреу, ол – 10 «А» класс оқушысы, марқұм Рәбиға Жанұзақованың қайғылы қазасының себептері мен одан шығатын қорытындылар және … /Әрі қарай ұмытып қалып, алдындағы қағазына қарайды./ Иә-иә… және алдағы уақытта мұндай өрескелдікті болдырмау жөніндегі мектеп педагогикалық коллективінің алдында тұрған міндеттер… Жолдастар, күн тәртібі –осы, қосып аларларыңыз бар ма? /Қағаздан басын көтеріп, педсовет мүшелеріне қарайды./

1-мұғалима. Жалпы , былай… «формулировкасы» бұлдырлау, шұбалаңқылау екен біртүрлі.

Қалаубай. Оны протоколға түсірерде жөндейміз. /Ұлықпанға бұрылып/. Ұлықпан, педсоветтің хатшысы екібастан өзіңсің ғой. Жаңағы «формулировка» жағын жөндеп жіберерсің. Оның үстіне бұл айрықша педсовет, протоколдың бір данасын аудандық оқу бөлімі сұратып отыр.Так што, ұят болып қалып жүрмесін. Мұқият қарарсың.

Ұлықпан /селқос/. Жарайт…

Қалаубай. Ал онда жиналысты әрі қарай жүргізу үшін жұмысшы президиумын сайлап аламыз ба? /Мұғалімдерге жағалай көз салып./ Қәне, кімде қандай ұсыныс?

Қамқа /қабағын шытып/ Сондай «формальностың» не қажеті бар? Бірден сол күн тәртібіне көше берейік те.

2-мұғалима. Иә, соның керегі не…

Пауза

Қалаубай. Онда осы мәселе бойынша баяндауға рұқсат етіңіздер. /Жөткірініп алып/. Иә, біздің мектеп коллективіне қатты соққы болған осы бір қайғылы оқиғадан кейін де, міне, бір айдай уақыт өтіпті. Бұл аз уақыт емес. Бастан талай қиыншылықтар өтті. Бұл істі аудандық Заң орындары мен оқу бөлімінің жауапты қызметкерлері әлі тексеру үстінде. Қорытындысы қалай болары әлі белгісіз. Жолдастар, біздің педагогикалық коллективтің жіберген үлкен-үлкен принципті қателіктері бар екенін мойындауымыз керек. Біз мойындамағанмен, жоғары жақтағылар бәрібір мойындатады. Осына әбден түсінуіміз керек. Так што…

Қазір қайта құру, демократия, жариялылық заманы. Жауырды жаба тоқудың күні өтті, келмеске кетті. Сондықтан да барлық қатемізді ашып салып, мәселені принципті тұрғыдан шешуіміз керек. Аудандық оқу бөлімі де бізден осыны талап етіп отыр. Сондықтан қайталап айтам, жауырды жаба тоқымай, мәселеге принципті тұрғыдан баға берейік. Ал, қысқаша айтқанда, осы. Маған қоятын сауалдарыңыз болса, пожалыста.

Қалаубай педсовет мүшелерін жағалай бір сүзіп шығады. Мұғалімдер үнсіз.

Қалаубай. Онда жиылысты әрі қарай жүргіземіз. Жолдастар, осында марқұм Жанұзақованың қайтыс болар алдында көріп, тілдескен екі куәгер отыр. /Көзінің қиығымен Жамал мен Айжанға қарап алып./ Мәселе бәріңізге әбден түсінікті болу үшін әуелі осы кісілерді бір тыңдап алсақ. Қарсылық жоқ па? Айжан, қәне , орныңнан тұршы.

Айжан тұрады.

Сол күні не көрдің, не білдің, қәне, бәрін жасырмай баяндап берші бізге.

Айжан /қысылып/ . Ағай, оның бәрін бұрын өзіңізге жазып беріп едім ғой.

Қалаубай. Оның рас, Бірақ ол жайды мына ағайларың мен апайларың бүге-шегесіне дейін біле бермейді. Түсіндің бе енді?..

Айжан үнсіз.

Қалаубай /алдындағы қағаздарына бір қарап алып/ . Міне, бізге берген жазбаша куәлігің. Алайда , мұнда көп нәрсе қамтылмаған. Мысалы, сен Рәбиғамен неше жылдан бері бір партада отырып келдің?

Айжан. Соңғы үш жылда…

Қалаубай. Сонда сол үш жылдың ішінде ол саған өзінің мұғалімі Мадридті жақсы көретінін бір рет те болса айтты ма?

Айжан. Айтқан жоқ. /Ернін тістелеп, көзінің қиығымен Мадридке ұрлана қарайды./ Бірақ, біз, қыздар, сезетінбіз.

Қалаубай. Рәбиғаның мінезі қалай еді осы өзі? Тұйық па? Сенгіш пе? Мысалы, шынымды айтсам, сабақ бермегендікі болар, мен өзім сол Жанұзақованы онша көп білмейді екем.

Айжан. Тым әсершіл болатын. Әдеби кітаптарды көп оқитын. Расында, ол Мадрид ағайды жақсы көретін. Қасында отырам ғой, бұрыннан байқап жүретінмін…

Пауза.

Жұрттың ынтасы Айжанға ауған.

Бірде біз совхоз клубында Бейімбет Майлиннің «Майдан» пьесасын сахнаға қоюға дайындалып жаттық. Мадрид ағай көркемөнерпаздар үйірмесінің жетекшісі ғой, шынын айту керек, бұл пьесаны дайындауға ол бар ынтасын салды. Неге екенін есімде жоқ, сол күні Рабиға репетицияға кешігіп келді.Мадрид ағай оны есіктің алдына тұрғызып қойып, жұрттың көзінше біраз кейіді…

Қалаубай. Иә, айта бер . Ештеңені жасырма.

Айжан. Рәбиға не істерін білмей, жәутеңдеп төмен қарай берді. Бірақ, меніңше, ол сонда да ағайда кінәлаған жоқ, іштей дайындыққа кешігіп келген өзін кінәлады. Біз, қыздар, Рәбиғаның ағайды ұнататынын бұрыннан да байқайтынбыз. Мадрид ағай класта, не интернатқа келгенде «Жанұзақова!» деп, оның фамилиясын атай қалса, Рәбиға себепсізден себепсіз қызарып қоя беретін. Әлгі оқиғадан кейін Рәбиға екі-үш күн ешкімге қосылмай, үн-түнсіз томсырайып жүрді. Менің ойымша, хатты содан кейін жазған болу керек. Біреудің біреуді жақсы көруі айып па? Ендеше оның да жұрт қатарлы жақсы көруге хақысы жоқ па? Мадрид ағайдың соны не себептен түсінбегенін білмеймін.

Мадрид /орнынан қызбалана атып тұрып/. Құдайбергенова, сен не деп тұрғаныңды білемісің өзің? Мен педагогпын, ұстазбын! Сонда мен немене, енді өзімнің оқушыммен жүруім керек пе енді? Жоқ, менің ондайға арым бармайды.

Айжан. Ағай, мен сізге міндетті түрде жүруіңіз керек еді деп тұрған жоқпын ғой.

Мадрид. «Мадрид ағайдың соны не себепті түсінбегенін білмеймін» деп тұрсың ғой. Ал мен білем.

Ұлықпан. Мадрид, сен кісінің сөзін бөлмесеңші.

Мадрид /Ұлықпанға жалт қарап/. Сен кім едің сонша әмір беретіндей?

Ұлықпан /басын шайқап/. Мадрид, ең болмаса өзіміздің оқушымыздың алдында кісілігімізді сақтап қалайық та. Мен сенен жұрттың сөзін тек жар жолдан бөлмеуіңізді ғана сұрағанмын.

Мадрид /кекете мырс етіп/. Осындай жалған интеллигенттіктің не қажеті бар?! Мен не айтсам да, бетке айтқанды жақсы көрем. Біреулер секілді жұрттың сыртынан сыпайылап ор қазбаймын. Мүмкін сізге сондықтан да ұнамай отырған болармын.

Ұлықпан. Солай де. Егер бетке айтатының рас болса, бәлкім, сол сыпайылап ор қазатындарды атай кететін шығарсың.

Мадрид. Әрине. Білгіңіз келсе, ол мына тап сіздің өзіңіз! Жанұзақованың класс жетекшісі бола тұра, кластағы бүткіл тәрбие жұмыстарын бетімен жібере тұра мына сіз осы уақытқа дейін не тергеушінің, не инспектордың алдында дұрыстап жауап беріп көрген жоқсыз, оларды тек қана басқаларға айдап салып, өзіңіз болса, есебін тауып, сырт айналумен келесіз. Осыным өтірік пе?

Ұлықпан. Дұрыс-дұрыс, көкейің енді белгілі болды. Сонда, Рәбиға марқұмның қазасы менің кластағы тәрбие жұмыстарын дұрыс жүргізбегенімнен болған екен ғой.

Мадрид.Иә, дәл солай. Енді қалай деп едіңіз, тәрбие жұмысына жауап бермегенде, кім жауап беруге тиіс? Үкімет сол үшін сізге ақша төлеп отыр!

Қалаубай /қаламсабымен үстелді тоқылдатып/. Жолдастар, жолдастар!.. Жаяу ұрысты доғарайық. Мадрид шырағым, жасың кіші ғой, сен қоя тұршы , шамалы. Ау, мені сыйламасаңдар да, мына үкіметтің кеңсесін сыйласаңдаршы!..

Роза /кенеттен орнынан атып тұрып/. Сонда немене – жасы кіші адам аузына су ұрттап алуы керек пе?! Айтсын шындықты! Жоға-ау, Жанұзақованың жаласын бір-екі адамға аудара салып, қалғаны сүттен ақ, судан таза болып шыға келмекші.

Қамқа /Розаға бұрылып/. Роза , сен не деп тұрсың өзі? Ең алдымен со балаға тіл тигізген кім екен?

Роза.Тұспалдамай-ақ қой! Менің оған тілім тиген жоқ.

Қамқа.Жоқ, өйтіп жалтарма. Сен Рәбиғаны тексертпекші болыпсың ғой? Нені тексертпекші едің сонда?

Роза /өңі құп-қу болып/. Оны кім айттй саған?! Ойпырмай, мына жұрт суға кетіп бара жатсаң, одан сайын әрі қарай итеретін шығар. Қол ұшын берудің орнына…

Қамқа /Жамалға бұрылып/. Жәке!..

Жамал / орнынан тұрып жатып/. Иә, қарағым…

Қамқа. Жамал апай, сіз әнеукүні тергеушіге берген куәлігіңізді растайсыз ба, әлде… Тек шыныңызды айтыңыз.

Жамал. Ойбай, о не дегенің? Шыным сол, қарағым. Жалғыз бала асырап отырып, Құдайға өйтіп күпір болар жайым жоқ. /Ауырсына қабағын шытып, қолымен белін ұстайды./ Ойбай, белім!.. Көктігілгір, міне бір құяңы құрғырдың таңертеңнен бері мазамды алып жүргені…

Қамқа. Жарайт. Сонымен сіз есікті ашып қалдыңыз… Қасымханова жолдас Рәбиғаға не деп ұрысып жатыр екен?

Жамал /аң-таң қалып/. Жолдасың кім, қарағым?

Қалаубай. Розаны айтат…

Жамал /Розаға жақтырмай бір қарап алып/. Е, мынау ма? Иә, бұл жолдас, марқұм сөзіміз ауыр болмасын, әлгі бейшара балаға бірдеңе-бірдеңе деп шәңкілдеп жатыр екен. Қараңғы адамбыз. Оның үстіне құлақ та мүкістеу. Толық ұға алмадым. Әйтеуір, «текшертеміз, бұлай қалдырмаймыз» деп шапылдап жатты. Мен бірдеңе деп ар түсіп ем, өзімді айдап шықты «кләсінен».

Қамқа. Дұрыс-дұрыс. Сонда байқамадыңыз ба, нені тексертпек екен?

Жамал. Ит біле ме, бұлардың нені «текшертетінін». Әйтеуір со сөзі құлағымда қалып қойыпты.

Қамқа. Жарайт, рақмет, апай. Отыра беріңіз. /Енді Розаға бұрылып./ Бұған не дейсіз?

Роза. /қобалжып/. Рас, айтсам, айтқан шығармын. Бірақ мен оның тәртібін тексертем дегенмін. /Даусы бірте-бірте сенімді шыға бастайды./ Енді қайтем? Тым болмаса қатар-құрбысы емес, өзінің бақандай мұғаліміне «күйдім-сүйдім» деп хат жазу деген не сұмдық?! Ұялмай ма кішкене былай бір?..

Қамқа. Оның несі ұят, жақсы көрсе, жақсы көрген шығар. Жас бала… Сен де жас болып көрмеп пе едің? Жоқ, әлде осылайша аспаннан салбырап түсе қалдың ба?

Роза /шытынап/. Мен «күйдім-сүйдім» деп мұғаліміме хат жазғам жоқ. /Қолын сілтеп./ Осы сен қойшы, айналайын. Білем ғой сенің ойыңды – әйтеуір есебін тауып мені мұқату!..

Қалаубай. Роза, ұрысты қойсаңшы. Отыр енді.

Роза /енді Қалаубайға қадалып/. Немене отыр, отыр дейсің дікеңдеп. Мен емес, ана Қамқа емес пе бәлені бастап отырған. Бірінші соған қой демейсің бе әділ бастық болсаң. Жуас түйе жүндеуге жақсы деп, қит етсе, маған дікеңдейді бәрі.

Қамқа /ызалана мырс етіп/. Жуасымыз, қой аузынан шөп алмайтынымыз сен екен ғой сонда…

Қалаубай. Роза , жарайт, отыршы енді. Мүмкін Жанұзақованың қазасына ешкім де кінәлі емес, мына мен кінәлі шығармын. /Басын шайқап/ Бәрі шетінен судан – таза ,сүттен – ақ.

Роза /отырып жатып/. Сен болсаң қайтушы еді?! Білдей завучсың, оқу-тәрбие жұмысы саған да ортақ. Бізден жаның артық па сонша? Еркек дейді-ау бұларды да…

Кенет…педсовет жүріп жатқан мұғалімдер бөлмесінің есігі сарт ашылып, ішке Уәтай кіріп келеді. Шашын ұстарамен тап-тақыр етіп алынып тасталған ол ішіп алған – едәуір қызу. Мұғалімдердің бәрі таң-тамаша қалған қалыппен бір кездегі шәкірттеріне, ал қазір мына жиылыстың күтпеген, шақырылмаған қонағына қарап қалады.

Уәтай /мысқылды үнмен/. Саламатсыздар ма, қадірлі ұстаздар!..

Мұғалімдер тым-тырыс. Уәтай кесірлене алшаңдай басып, оларға жақындайды.

Неменеге кісі көрмегендей аңтарыла қалдыңыздар?! Мына, мен Уәтай, Сіздер Рәбиғаның жаназасын екінші рет шығарғалы жатыр дегенді естіп, әдейі келіп тұрмын!.. /Осы кезде оның көзі өңі құп-қу боп кеткен Мадридке түсе кетеді. / Ә, сен де осында екенсің ғой? Қәне, иманыңды үйіре бер, мен сенің тап қазір қаныңды ішем!

Уәтай Мадридке қарай тұра ұмтылады. Мұғалімдер аяқ астынан абыр-сабыр болады да қалады. Әсіресе әйелдерде үрей жоқ: у-шу. Тракторшы жігіт қарулы қолдарымен Мадридті жағадан ала кетеді.

Уәтай. Шық далаға!.. Тап осы қазір қаныңды ішпесем, Уәтай атым құрысын!..

1-мұғалима /жан-жағына алақтап/. Құдай-ау, мына дүние не боп барады?! Уәтайжан, қойшы, қалқам! Бір ашуыңды берші! Мені танып тұрсың ба? Мен баяғы өзіңнің класс жетекші апайыңмын ғой.

2-мұғалима. Қайда әлгі ер-азаматтар?» Ұстаңдаршы ана баланы! Тапа-тал түсте бұ не қылған көргенсіздік!.. Енді бізге жетпегені осы еді!..

Осы кезде дар-р етіп Мадридтің жағасы жыртылып кетеді. Уәтай оны жұдырығымен бір-екі соғып өтеді. Ернінен қан жылымшылаған Мадрид бүгіліп қалады. Қалаубай мен Ұлықпан тракторшы жігіттің екі қолынан екі жақтан ұстай алады.

Жамал /Уәтайға/ . Қасқа, бала-ау, қойсаңшы енді, айдың-күнің аманында сотталып кеткелі жүрмісің?!

Уәтай /алқынып/ Қорықпа, шеше! Мені енді ешкім соттай алмайды. Ертең әскерге әкеткелі жатыр. Қазір әскерге адам жетпей жатқанын білемісіз? Ендеше мені ешкім де соттай алмайды.

Ұлықпан. Уәтай, сабаңа түс.

Уәтай. Жоқ менің мынаумен /иегімен Мадридті нұсқап./ есеп айырысып кетуім керек! Сендердің бәрің Рәбиғаның жоқтаушысы жоқ деп жүрсіңдер ғой, ә?! Білем мен, бәрін де білем!..

Қалаубай. Жетер енді! Әй, шырағым, сен мына бізді сыйламасаң да, үкіметтің кеңсесін сыйласаңшы. Бір кезде сен де оқып едің ғой осы мектепте.

Уәтай /мысқылдап/ . Иә-иә, оқығам, оқығам!.. Бірақ сіздер мені осы теріс оқытқансыздар ма деп қорқам, әйтпесе мен бүйтем бе, әйтпесе ана Рәбиғам айдың-күннің аманында у ішіп өле ме?! Сіздер білесіздер ме өзі оны кім өлтіргенін?!..

Уәтай көзімен ішіп-жеп, сам-соз боп әр жерде сексиіп-сексиіп тұрып қалған мұғалімдерді жағалай бір сүзіп шығады.

Оны өлтірген мына тұрған сіздердің теріс тәрбиелеріңіз бен Есенбайдың мансапқор ұлы Мадрид!

Мадрид / даусы дірілдеп, ерніндегі жылымшы қанды сүртіп жатып/. Сен бала тіліңді тарта сөйле!

Уәтай /Мадридке кектене қадалып/. О, бейшара!.. Ал бірақ бар ғой, мен сені бір оңдырмаймын!..

Қалаубай /Уәтайға/. Шырағым , сен осы мұнда неменеге келдің? Соны айтшы!..

Уәтай /мысқылдап/ А-а, мен бе? Айтайын-айтайын!.. Білгіңіз келсе, мен мына шындықты айту үшін, мына Сіздердің көздеріңізді ашу үшін келдім!..

/Уәтай бұлқынып/ . Қәне, онда мына менің қолымды босатыңдар.

Ұлықпан мен Қалаубай оның қолын босатып жібереді.

Уәтай /мырс етіп, көпшілікке қарап басын шайқап/. Мен бір нәрсеге таң қалам, мен секілді шала сауатты тракторшы емес, бәріңіз де жоғары білімді , мәдениетті кісісіздер. Бірақ тергеушілерің бар, инспекторларың бар – күлліңіз жиналып бір Рәбиғаны кім өлтіргенін таппай-ақ қойдыңыздар! Жо-жоқ, сіздер бәрін білесіздер! Тек Рәбиғаның ана қой соңында жүрген момын әке-шешесінің қолынан ештеңе келмейтінін біліп, барлық істі осылайша із-түзсіз тып-типыл етіп, жапқалы жатырсыздар. Қадірлі ұстаздар-ау, ұят қайда, ұят!?..

Қалаубай. Әй, шырағым!.. Сен айналайын бәріміздің жер-жебірімізге жетіп біттің ғой. Білетін болсаң, кінәліміз қайсы, күнәһарымыз қайсы, нақтылап айтсаңшы, өтіміз жарылып кетсе де. О несі-ей, тіпті! Және өзі тойып алыпты.

Уәтай. Ішкенім рас, бірақ мен ақылымды ішкем жоқ. Айт-айт дейсіз, айттым ғой жаңа: оны өлтірген – мына Мадрид! Басынан баяндайын. Мен мұны бала күнінен білем. Мектепте ол бізден екі-үш класс бұрын оқыды. Рас, біздей емес, тырысып, жақсы оқыды. Тырысып жүріп, оныншыны бітіре сала , институтқа түсті. Былтырдан бері мектепте мұғалім болып жүр.

Мадрид. Оны бұндағылар сенсіз де жақсы біледі.

Қалаубай. Мадрид, Мадрид… шырағым, сөзді бөлмесеңші. Саған да кейін кезек келеді.

Уәтай. Иә, жаңағы айтқандарымды бұ кісілердің менсіз де жақсы білуі мүмкін. Бірақ сенің бұл кісілер білмейтін жақтарың бар. Мен соны айтқалы тұрмын.

Пауза.

Иә, мұғалім деген – жақсы атақ. Бірақ мен мұғалім болған екен деп Мадридті өтірік мақтай алмаймын – ол мектепте оқып жүргенде-ақ атаққұмар еді, титтей бір артықшылығын құр жібермей, жұрттың көзіне түсуді ойлайтын. Әлі – сонысы, түк өзгерген жоқ.

Мадрид. Сен өйтіп кісінің жеке басына тиіспе.

Уәтай. / Мадридке мүлде көңіл бөлмей/. Бұл жігіт қазір совхоздың көркемөнерпаздар үйірмесін басқарып жүр. Жұрттың көпшілігі оны «ұйымдастырғыш, іскер» деп мақтайды. Мысалы, сондайлардың бірі – менің әкем Сартай. Ол маған Мадридті өмірбойы үлгі қылумен келеді. Рас, өткенде, көркемөнерпаздардың аудандық байқауында, біздің совхоз бірінші орын алды. Совхозымыздың директоры, «Жарайсың, совхоздың абыройын бір көтердің» деп, Мадридті арқасынан қақты. Айта кету керек,Мадрид секілді біздің совхоздың директоры да бірінші деген сөзді өте тәуір көретін адам. Құдай біледі, сол күн – Мадридтің өмірінің ең бір бақытты сәті болар.

Қысқасы, Есенбаев – мансап үшін жаратылған адам. Күні ертең оның мына біздерді басқаратын әкімшіліктердің бірінен жылы орын табатынына еш шүбәланбаймын. Өздеріңіз-ақ айтыңыздаршы, егер ол Рәбиғаның хатын ешкімге көрсетпей, қоя салғанда ештеңе де болмайтын еді ғой. Ендеше мен күлтелектетпей, ашығын айтайын, Рәбиғаны өлтірген – сен!… Егер мен заң қызметкері болсам, мұны сонысы үшін түрмеде шірітер едім. Әттең, ондай билік менде жоқ.

Мадрид. Жолдастар, оның айтып отырғанының бәрі – жала!

Қалаубай. Мадрид, сен енді отыра тұршы, айналайын. Айттым ғой жаңа, бәріңе де сөз береміз деп.

Мадрид. Жоқ, маған тап қазір сөз беруіңізді сұраймын!

Қалаубай. /жұртқа бір қарап алып/. Жарайт-жарайт, сөйле, тек қысқа болсын.

Мадрид. Жолдастар, мен бұл арада бір нәрсені айта кетуім керек. Жаңағы Уәтайдың маған жала жауып тұрғаны тегін емес, оның Рәбиғада көңілі болған…

Уәтай. Рас, жасырмаймын, болған.

Мадрид. Ал Рәбиға мені жақсы көрді, сондықтан оның маған бұрыннан қаны қас. Рәбиғаны менен қызғанады. Иә, мен хатты мектептегі қыздар советінің төрағасы – Розаға бердім. Мен педагогпын, ұстазбын! Ондай бейморальдық әрекеттерге бара алмаймын. Ал хатты бергенім – мәселе одан әрі ушықпасын дедім.

Уәтай /мысқылдап/. Өйтіп, жалтармай-ақ қой, сен Рәбиғаның өзіңді сүйетінін біреу-міреу біліп қалып, содан өз атыңа, дәлірек айтқанда, болашақ мансабыңа бір кір жұғып қала ма деп қорықтың ғой. Неге ең болмаса, бір рет шыныңды айтпайсың?

Мадрид те, қалған мұғалімдер де тым-тырыс тына қалады. Бір сәттік үнсіздік. Уәтай есікке қарай беттейді.

Уәтай. /сыртқы есіктің тұтқасын бір қолымен ұстап тұрып, артына бұрылып/. Ал, хош болыңыздар, қадірлі ұстаздар!.. /мысқылдап/. Мен ертең әскерге кетем, сүйтіп сіздерді сыртқы жаулардан қорғайтын болам. Бірақ бір нәрсе мықтап естеріңізде болсын: Рәбиғаның жоқтаушысы жоқ деп қалмаңдар. Ол – мына мен, мен, мен!…/Айқайлап жылап жібереді./ Сіздер ұмытсаңыздар да, Уәтай оны өмір бойы ұмыта алмайды!… Білесіңдер ме, өздеріңнің не істегендеріңді – сендер тек қана Рәбиғаны өлтірген жоқсыңдар, онымен бірге менің кінәсіз махаббатымды мәңгілік жерге көмдіңдер! Мадрид, естіп тұрсың ба!… Сен бәрібір түптің түбінде менен аман кетпейсің!…

Уәтай еңіз-теңіз боп жылаған күйі есіктен шығып кетеді. Әр жерде сексиіп-сексиіп тұрып қалған педсовет мүшелері үн-түнсіз қала береді.

Қалаубай /шаршаңқы түрмен/. Жолдастар, онда мына жиналысымызды аяқтайық. Куәлерді босатсақ та болады-ау деймін енді. Алаттын куәлігімізді алып болған сияқтымыз ғой. /Жамал мен Айжанға бұрылып./ Ал онда сіздер боссыздар. Келгендеріңізге рақмет.

Жамал мен Айжан орындарынан тұрып, есікке беттейді.

Жамал /кетіп бара жатып/. Үйбай, белім!.. Құдай-ай, әйтеуір қартайған соң кісіге не болса, сол үйір бола береді екен. Міне бір құяң деген де бәле болды, көктігілгір!..

Екеуі кетеді.

Қалаубай. Ал, сонымен тағы кім бар сөйлейтін? Ұлықпан ,сенің бірдеңе дегенің дұрыс болатын шығыр. Жанұзақованың класс жетекшісісің ғой қанша айтқанмен.

Ұлықпан /Орнынан тұрып/. Шынымды айтсам, не айтарымды білмей тұрмын…

Қамқа. Әйтеуір, не айтсақ та, шындықты айтайық та. Ауруын жасырған өледі дейді ғой, осы өтіріктен, жалғандықтан өліп болдық қой.

Ұлықпан. Иә, шындықты айтуымыз керек. Жалпы, бізге ғана емес, осы біздің бүткіл қоғамымызға да жетпейтін ең басты нәрсе осы шындық пен адалдық-ау деймін. Жаңа Уәтай дұрыс айтты, Рәбиғаның қазасына біріміз де кінәлі екенбіз. Бұрын мен ішімнен, сіздерден жасырмай-ақ қояйын, осы өлімге Мадрид пен Розаны кінәлап келген едім. Сөйтсем, бәріміз де сол күнәге ортақ екенбіз. Тіпті одан да гөрі жинақтап айтсам, Рәбиғаның қазасына күллі қазақ қауымы, қала берді біздің барша қоғамдық жүйеміз кінәлі.

Пауза. Жұрттың бәрі демдерін іштерінен алып, Ұлықпаннан көз алмай, қатады да қалады.

Бұған менің бүгін ғана көзім жетіп отыр, осы жиналыстың үстінде.

1-мұғалима. Рас-рас…

2-мұғалима. Иә-иә, алды-артымызға қарамай, босқа да далақтап жүре беріппіз ғой.

Қалаубай. Жолдастар, сөзді бөлмейік…

Ұлықпан. Байқап қараңыздаршы, осы уақытқа дейін біздің өкіметіміз бүткіл қоғамның тәрбиешілері – мұғалімдер қауымына не материалдық жағынан, рухани жағынан мемлекеттік қолдау көрсетті ме? Жоқ, сандаған жылдар бойы бюрократиялық аппарат бізді игілік атаулының бәрінен кейін ысырып тастады. Олар бізге ұлтымыздың ар-ұжданы, имани тәрбиешілері ретінде емес, бар болғаны өздерінің идеологиялық қызметшілері ретінде ғана қарады. Сондай жүдеу, көтерем тәрбиенің біздің Рәбиғаны апатқа жетелемеуі мүмкін емес еді. Жолдастар, біз талқылап отырған өлім –нағыз қазақы өлім, артта қалған осындай қоғамдық құрылыста ғана ұшырасатын қайғылы феномен. Мен болдым…

1-мұғалима.Оның рас. Езілудей-ақ езілдік қой.

2-мұғалима. Әйтеуір, осындай ойымызды еркін айтатын болғанымызға да шүкір.

Қамқа. Рас-ау, осы біз бәріміз жабылып Рәбиғаның махаббатынан неменеге шошындық?! Неменесіне құбыжық көргендей ат-тонымызды ала қаштық?

Біздің, адамзат баласының, ең ділгір дүниеміз, әрдайым шөлдеп, аңсап табысатынымыз, жоқ болса, шарқ ұрып іздейтініміз сол махаббат деп аталатын іңкәрлік емес пе еді?! Өмірдің күн нұрынан кейінгі қызуы сонда жатқан жоқ па? Абай «Махаббатсыз дүние – бос» демейтін бе еді? Ендеше қорықпайтын нәрседен қорқып, үрікпейтін нәрседен үріккеніміз не?!

Қалаубай. Әй, Қамқа-ай, қорықпай қайтейік, үш ғасыр бойы бодан болған халықта қайбір ақыл-ес, батырлық қалды дейсің?

Роза. /орнынан ұшып тұрып, мас адамша сенделіп, олай-бұлай жүріп кетеді./Жолдастар-ау, сондағы біздің кінәміз не? Сонда енді бәріміз жабылып сол қыздан кешірім сұрауымыз керек пе? /басын шайқап/ Түк түсінсем, бұйырмасын…

Қамқа. Роза, Рәбиға біздің бәрімізді де баяғыда-ақ кешірген. «Егер мен осыдан өле кетсем, бұған ешкім кінәлі емес» деген жоқ па ол. Бірақ ол өлген жоқ. Уәтайдың жүрегі соғып тұрғанда ол бұ дүниеде жасай береді. Пәктікті, адалдықты өлтіру мүмкін емес екен. Алайда, күлліміз жабылып, былай қойғанда, бір қарғадай қыздың, Рәбиғаның махаббатын қорғай алмаппыз ғой кеше!.. Осы ма елдігіміз?! Қараңыздаршы ана шәкірттеріңіздің бейкүнә, періште бейнесіне, не деп тұр ол?!

Бәрі Рәбиғаның бейнесін тұңғыш рет көріп тұрғандай шкафтың үстіндегі қызыл лентамен көмкерілген фотосуретке аңтарылып қарап қалады.

Қамқа. Дұрыстап қараңыздар…

/Шымылдық/

e-mail: serik051@mail.ru

Age restriction:
18+
Release date on Litres:
20 May 2020
Writing date:
1998
Volume:
32 p. 1 illustration
Copyright Holder::
Автор
Download format:

Similar books