Қанатты сөз – қазына. 2-кітап

Text
Read preview
Mark as finished
How to read the book after purchase
Қанатты сөз – қазына. 2-кітап
Font:Smaller АаLarger Aa

© Кеңес Оразбекұлы, 2020

ISBN 978-5-4498-8981-2 (т. 2)

ISBN 978-5-4498-7632-4

Создано в интеллектуальной издательской системе Ridero

Кеңес Оразбекұлы

Қанатты сөз – қазына

2 -кітап

Қанатты сөзге байланысты ой-түйіндеулер мен мысал-деректерді жинап, құрастырған, мән-мағынасын түсіндірген Кеңес Оразбекұлы Дүйсен.

«Қанатты сөз – қазынаның» бұл екінші кітабында халық арасына кең тараған мақал-мәтелдер мен қанатты сөздердің, тәлімді сөз тіркестерінің 700-ден аса үзінді-үлгілерін жинап, құрастырып беріп отырмыз. Олардың шығу тегін танымал жазушылар мен этно-графтардың, тарихшылар мен журналистердің, тағы басқа мамандық иелерінің халық салт-дәстүрлері мен этнографиясына, тарихы мен өмір-тіршілігіне, ру шежірелері мен табиғи құбылыстарға қатысты ой-түйіндеулерінен, мысал-деректерінен үзінділер келтіріп, әр қайсысын түсіндірмелермен толықтырып отырмыз.

Бұл кітап та қазақ оқырманының қуанып табысатын, дүркін-дүркін сүйсіне қолына алып, ондағы ойларды өмірлік бағдарына айналдырып, әр шаңырақтың қымбат рухани қазынасының қатарына қосар деп сенеміз.

Жинақ балалар мен шәкірт жастарға, ұстаздар мен көпшілік оқырманға арналған.

«Кейде дәу ірі қараны пышаққа жыққан отбасы бір аяғын жылқы етіне немесе жылқы сойғаны сиыр етіне алмастыратын. Осылайша ел іші жылқы етінен де, сиыр етінен де ауыз тиетін. Ал қаңтар-ақпан айларында ауылдың үлкендерін шақырып, «соғымнан дәм татқызу», «шеке жегізу» деген жоралғылар жасалатын. Келген қонақтың бәрі: «Соғымдарыңыз шүйгін болсын», – деген тілек айтатын. Сөйтіп ауыл болып бірін-бірі қонаққа шақыру қыс бойы жалғасатын еді. Бұл халықтың бауырмашыл, бірлікті де берекелі болуына жақсы үрдіс бастамасы десек қателеспейміз. Соғым басына келе алмаған сыйлы адамдардың сыбағаларын анам сарымайдай сақтайтын. «Ескерсең ескі асыңнан сақта», – деген сөз осыны айғақтаса керек. Қысты күні жүре алмайтын кемпір-шалдардың сыбағаларын анам жеке-жеке дорбаға салып, оны шанаға байлап, бір парақ қағазға керекті мәліметтерді жазып, осы кісілердің үйлеріне апарып бер дейтін. Бұл мәртебелі шаруаға мені жұмсағанына мәз болып, барған жеріме: «Сыбаға әкелдім», – деп мақтанышпен ұсынатынмын. Разы болған қарттардың баталарын алып, қолыма ұстатқан тәтті мәмпәсилеріне тойып қайтатынмын. Шіркін, қазақтың соғымы ұзақ қыста таусылмайтын мейрам еді. Қазір бәрі өзгеше…». (А. Сексенбаева, 37.).

Сый-құрметің, сыбағаң үзілмесін, қарым-қатынас жасап тұр деген мағынада ұғынылады.

А

АБЫЛАЙ АСПАС АСУ

(Екінші нұсқа) *

«Абылай хан „Жайыл қырғынын“ жасаған соңғы жорығында қазақ пен қырғыздың нақты шекара сызығын белгілеп, ащы ішекше созылып бара жатқан қоныс дауын түбегейлі шеше алды. Бұл жөнінде Халел Досмұхамбетов « Кенесарының соңғы күндері» атты шығармасында:

«Қонысқа таласып қырғыздармен де бір мезгіл соғысты. Ақы-рында қырғыздармен келіс қылып, жердің шегін айырды. Алатаудың қыры екі ағайынды жұртқа шекара болды. «Абылай аспас асу» деген сөз сонан қалды» (Х. Досмұхамбетов. «Кенесарының соңғы күндері» 1994. Жалын. №9 – 10) дейді». (М. Исахан, Р. Оразов,50.29.10.2009.).

«Абылай аспас асу» дегеннің мағынасы, бұл асу шекара, одан Абылай ханның өзі аса алмайды, оның ар жағына Абылайдың бұйрық-өкімі жүрмейді деген сөз.

АДАЙДЫҢ БЕЙІТТЕРІН КӨРГЕНДЕ ӨЛГІҢ КЕЛЕДІ

«Кіші жүз ру-тайпаларының арасында, әсіресе, адайлар арасында бейіт соғу, мола салу, құлпы тас орнату дәстүрі айрықша дамыған. Үстірт үстіндегі, Арал төңірегіндегі байтақ қорым-пантеондар қазақ-тың молалық-сәулет өнерінің озық үлгілері болып табылады. Әйгілі тұлғаларды даралап жерлеу, сын тастарды әулет-ата мен ру-тайпа бойынша көшелеп орнату, қыз-келіншектерге оқшау шоғыр етіп там соғу сияқты ежелден бастау алған дәстүр назар аударарлық.

Қарақалпақстанның Қоңырат ауданындағы Дәуіт ата қорымында адай қыз-келіншектеріне бірінен-бірі әсем ақшаңқан күмбездер шоғыры бөлек соғылған.

Мұндай молалық – сәулет өнерінің үлгілерінен байырғы наным-сенімнің белгілерін айқын байқауға болады. Жергілікті ұлутас сияқты құрылыс материалдары дәстүрлі наным-сенімді айрықша кие тұтып, адам ықыласының заттана көрініс табуына мол мүмкіндік берген». (А. Сейдімбек, 93. 626-бет).

Бұл сөз тіркесі бір жағынан адайлардың бәсекелестікпен салынған бейіттеріне таңданысты байқатса, екінші жағынан өзінің де басына осындай бейіт орнар ма екен дегендей аңсарлы ойды жеткізеді.

*«Қанатты сөз-қазына», 1-кітабын қараңыз.

АДАМ – ӘРІ ЖОЛ, ӘРІ ЖОЛАУШЫ

«Сопылар „адам – әрі жол, әрі жолаушы“ дейді. Кез келген адамның жетістік әрі қателіктерімен өзі басып өтер өмір жолы бар. Ол – соның жолы, яғни адамның өзі – жол. Сонымен бірге отырсаң да, тұрсаң да, ұйықтап жатсаң да, сен бұл пәниге уақытша келген жолаушысың. Бәріміздің баратын, тоқтайтын межеміз – бір. Сон-дықтан өлетін-өлмейтін кезін пенде білмейді. Бұл бір Аллаға аян». (Б. Момышұлы, 15.71-б.)

Иә, әр адам өзінше жол, артында отбасылық, ел ішілік өмір қолтаңбалары қалады. Атқарған еңбек нәтижелері, шығармашылық, ғылыми еңбектері қалады дегендей.

Сондай-ақ Б. Момышұлы айтқандай әр адамның өз жолы, өз тағдыры бар, яғни, әр адам өзінше бір жатқан жол. Ол жолды қанша қаласа да басқа адам қайталай алмайды, сүре алмайды. Сондай-ақ әр адам аумалы-төкпелі, ащылы-тәттілі өмірдің, тағдырдың иесі, ұзынды-қысқалы шым-шытырық өмір жолының жолаушысы. Оны басқа адам қанша қаласа да алмастыра алмайды. Адамның әрі жол, әрі жолаушы болатыны, адамдардың бір-бірін құрметтеп, бағалап, жолдарын қия кеспеуі тиістігін осылайша ұғындырып тұр емес пе.

АДАМЗАТТЫҢ БӘРІН СҮЙ БАУЫРЫМ ДЕП

«Абай гуманистік көзқарасты насихаттады. Ол адам атаулы жаратылысында бірдей деп қарады. Өзін өзгеден артық санай-тындарды сөгіп, „менімен сен тең бе деп мақтанасың, білімсіздіктің белгісі ол баяғы“ деді „Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп“; „Атаның баласы болма, адамның баласы бол“ дейді. Ол жалпы адамзатты түгел сүюге және оларды тең көруге үндейді, өте-мөте ауыр азап арқалаған мазлұмдарға* жанашырлық істеп, іш күйдіруді дәріптейді. „Мазлұмға жаның ашып, ішің күйсін, қаракет қыл, пайдасы көпке тисін“ дейді». (М. Қани,55. 348-б.).

«Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп». Былайша айтқанда, өз туғаныңмен, бауырыңмен қандай қатынаста болсаң, өзге адамдармен де сондай қатынаста бол деген ойды жеткізіп тұр. Абайдың үлкен гумманист ақын екені осы сөзінен-ақ аңғарылып тұрғандай.

АҒАЙЫННЫҢ АТЫ ОЗҒАНША,

АУЫЛДАСТЫҢ ТАЙЫ ОЗСЫН

«Жазда болатын ас-тойлардың бір қызығы бәйге. Жүйрік аттары жорғаларын, сәйгүліктерін баптап жарататын. Аты бәйгеден келген қазақтың қуанғаннан төбесі көкке жеткенддей болады. Ондағы бәйгеге келген жүлде емес (кейбір астарда бірінші бәйгеге жүз қараға дейін, кейде одан да көп жүлде тігілетін) – атағы. Жүлдеден ат иесі өзіне ырымға деп бірдеңе алып қалғаны болмаса, негізі оны ауылдастары, туған-туысқандары, жолдас-жораларына бөліп беретін. « Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деген мақалдың шығуына осы дәстүр де себеп болуы мүмкін. Бұл- қазақтың ұлттық мінезінің бір көрінісі». (С. Қалиев, М. Оразаев, М. Смайылова, 57.104-б.)

Бұл мақал ауылдасқа, көршіге, дос-жаранға деген тілектестік ниетті білдіру, байқату үшін айтылады.

АҒАЙЫН ТАТУ БОЛСА АТ КӨП,

АБЫСЫН ТАТУ БОЛСА АС КӨП

(Екінші нұсқа) *

«Ағайынды жігіттердің әйелдері бір-біріне «абысын» болады. Абысындар өзара жақын, сырлас, мұңдас болады, бірігіп, ынтымақты жұмыс істейді. Бір-бірінің өкпе, назын, әзіл қалжыңын кектемеуі керек. Қазақта «Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп» деген сөздің философиялық мағынасы осындайдан шыққан. Абысындардың үлкені «шешей», кішісі «келін» деп аталады.

Халықтың тағылымында «абысын асы» деген дәстүр бар. Ері жолға шыққанда, олар абысындарын шақырып, дастарқан жайып, әңгіме-дүкен құрады. Бұл дәстүр олардың сыйластық, татулық, бірлік-ынтымағының белгісі әрі ұлттық тәрбиенің бір түрі» (С. Кенжеахметов, 43. 202-203-б.).

Яғни, ағайын мен ағайын, абысын мен абысын тату, ынтымақты болса, үйлеріне береке байлық, молшылық та келеді деген ойды береді.

*«Қанатты сөз-қазына», 1-кітабын қараңыз.

АҒАЙЫННАН ЖАТ ЖАҚСЫ – СЫЙЛАСА АЛСА,

АРҒЫМАҚТАН ЖАБЫ ЖАҚСЫ – ШАБА АЛСА

«Біреудің жанына екінші біреу көшіп келгенде, оның керегесін жайысып, шаңырағын көтеріп, уығын шаншысу – қазаққа бұлжы-майтын тәртіп. Жаңа көршінің үйі тігіліп болған соң, көмектескен көршілер бір-бір малын сойып, оны үй ішімен асқа шақырады. Бұған ауыл болып мәре-сәре болады. „Көрші хақысы – тәңір хақысы“ деп түсінетін қазақта, міне, осыдан бастап өзара көмек, қормалдық, сенім басталады. Алым-берім жүреді. Мұның негізгі ұйытқысы – әйелдер. Бұлар бір-бірімен етене болып кетсе, еруліктің жалғасы берекеге ұласады. Көршілерде той-томалақ, өлім-жітім ортақ атқарылады. Бірге қуанып, бірге қайғырады. Содан келіп „Ағайыннан жат жақсы – сыйласа алса, арғымақтан жабы жақсы – шаба алса“ дегенді қазақ осыдан шығарған». (А. Жүнісұлы, 9. 13.04.1995.)

Ағайындарымен, жақын дос-құрбыларымен араласып-құраласып, барысып-келісіп сыйласуды білмейтін тұйық, жатбауыр адамдарды сынағанда айтылады.

АҒАСЫ БАРДЫҢ ЖАҒАСЫ БАР,

ІНІСІ БАРДЫҢ ТЫНЫСЫ БАР

«Қазақта ағаны арқа, ініні медет тұтады. Содан: „Ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың тынысы бар“ деген мақал тараған». (М. Рүстемов, 86.75-б.).

Бұл – бірге туған бауырлар немесе жақын, ағайын адамдар бір-біріне қарайласып, көмектесіп тұрады. Сондайда ағасы інісіне сүйеніш, қорған болады, інісі ағасына қолқабыс етіп, қолын ұзартады, тынысы болады дегені.

АҒЫ БАРДЫҢ – БАҒЫ БАР

«Сүттен қымыз, шұбат, айран, қатық, сары май, ірімшік, құрт, сүзбе, қаймақ сияқты ішетін, жейтін, сусындайтын алуан түрлі тағам әзірлейді. „Ағы бардың – бағы бар“ деп қазақ халқы сүт тағамын бақыт несібесі деп білген». (С. Қалиев, М. Оразаев, М. Смайылова, 57. 67-б.)

 

Яғни, сиыры, сауын малы бар үйдің бағы бар дегенді білдіреді. Бір сиыр бір үйлі жанды, тіпті артылып бара жатса, көрші-қолаңды ақпен жарылқап, сүтін сатқанның өзінде тиын-тебенін айырып, күн көрісіне сеп болмай ма.

АЗДЫҢ АТАСЫ БІР

«Ұрпақ сабақтастығы ұзарып, түпкі атадан өрбіген үрім -бұтақтың арасы бірнеше буынға ұласады. Алайда, ұрпақ қаншалықты өсіп-өнсе де өзінің этнотегін, әсіресе, түпкі атасын ұмытпайды. Сөйтіп, бірнеше ауыл құрайтын жеті атаға дейінгі әулеттер жиынтығы аталастар ретінде айғақталады. Аралары жеті атаға толған аталастар өзара қыз алысып, қыз беріскенімен, өмірдің бір қуаныш, бір өкініш сәттерінде бір-біріне қарайлас болып отырады. Ал, дәстүрлі өмір-салтта болып тұратын жұт, індет, жаугершілік сияқты нәубеттер салдарынан селдіреген аталастар, әдетте түпкі ата-тегін тірек ете отырып, өзара қайтадан кіріге түсетін болған. «Аздың атасы бір» деген мәтел сөзің мәнісі осында. (А. Сейдімбек, 93. 132-б.).

Адамдар өзара күш біріктіріп, қорғаныс, шабуылға дайындалғанда немесе бір іске жабыла жұмылғанда, «Аздың атасы бір» деп, осы мәтелге жүгінген. Яғни, «бес саусақ біріксе, бітпейтін іс жоқ» дегендей мағынаны береді.

АЗ ТАМАҚҚА БАУЫРШЫНЫҢ КЕРЕГІ ЖОҚ

«Бауыршы – ХIV-ғасырларда Дешті —Қыпшақ үлкен мәжіліс-терінде ет турауға шебер, ұста адамдарды арнайы ұстаған. Бұларды „бауыршы“ деп атаған. Ибн Баттута саяхатнамасында Өзбек ханның мәжілісінде болғанда, бұл туралы былай деп жазыпты: Мәжілістер болғанда бауыршылар келеді. Бәрі арнайы жібек киім киіп келеді. Олар етті ұсақтап турайды. Ет тураудың нағыз майталмандары», – дейді.

Бауыршы ескі түркі тілінде бар сөз. Қазақта «Аз тамаққа бауыршының керегі жоқ» деген мақал бар». (Н. Құлмаханбетова, 52. 221-б.).

Аз іске, шағын шаруаға көмекшінің, артық адамның қажеті жоқ, өзім-ақ тындырамын деген мағынада ұғынылады.

АЙБИКЕ АУЫЛЫНА ҚОНҒАНША,

НҰРБИКЕНІҢ КӨШІП КЕТКЕН ЖҰРТЫНА ҚОН

«Шежіре деректерінде арғын ішіндегі Қаракесектен (Болатқожа) өрбіген аталардың бірі – Шаншар абыз. Шаншардың Қызбике (Қызданбике деп те атайды), Айбике, Нұрбике деп аталатын үш әйелі болған. Қызбике ұрпағы селдір, өсіп-өне қоймаған. Айбикеден – Келдібек, Тыныбек, Есіркеп, Жәнібек туып, «төрт бек» атанып, олардың жеті ұрпағына дейін билік пен бектік дарыған. Мәселен, Келдібек, Қазыбек, Бекболат, Тіленші, Алшынбай, Мәди – бұлар исі қазаққа әйгілі тұлғалар.

Ал, Нұрбикеден – Тілеуке, Бертіс туған. Бұлардың ұрпақтары да өсіп-өніп, небір жақсы-жайсаңдар мен бай-бағыландар шыққан. Қарт Бөгенбаймен үзеңгілес болған Жарылғап батыр, дәулескер күйші Тәттімбет, жиырма мың жылқы біткен дәулетті байлар Адамбай, Тұрсын осы Нұрбике ұрпақтары». (А. Сейдімбек, 93.)

Мәтел сөзге келетін болсақ, мұны нағашылы-жиен, ағайын-туыс арасындағы әзіл-оспақ деп бағамдаған жөн.

АЙҒЫРКІСІ

«…Соңғы кезде жылқы көрсек болды, жазушы Несіпбек Дәутаев есімізге түсетінді шығарды. Алдымен ежелгі грек мифологиясындағы кентавр деген ұғымның жайын айтайыншы. Жартылай жылқы, жартылай адам деген мағынаны білдіретін көрінеді. Бұл өзі сақтардың жасаған жорықтарына байланысты туған ұғым деген де әңгіме бар. Аттан түспейтін адамдар, атпен бірге жаралған адамдар тақілеттес. Өлмейтін, өшпейтін осы аңызды Несіпбек Дәутаев біздің ұғымымызға тағы бір жақындатып қойды. Кентаврды бұрын „адамат“ деп те аударып жүргенбіз, Несіпбек Дәутаев „айғыркісі“ деген баламаны сарт еткізді». Ж. Қорғасбек, «Ақ желкен» журналы, №10, 2017ж.

Энциклопедиялық басылымдарда былай түсіндіреді: Кентавр – көне грек мифологиясы бойынша, басы мен кеудесі – адам, қалған тұрқы жылқы кейіптес, тау-тас пен ормандарда жасайтын жабайы, ажалды пенде. Бұл образ терістік тараптан келген скиф, кассит сияқты көшпелі тайпалардың салт атты жауынгерлерін алғаш көргенде (мініс жылқыларын тұңғыш рет көрген), таң қалып, үрейленгеннен пайда болған. Сондықтан да оларды мейірімсіз, қатал мінез-құлықты кісіайғыр немесе айғыркісі түрінде елестетеді.

АЙ КӨРДІМ АМАН КӨРДІМ,

БАЯҒЫДАЙ ЗАМАН КӨРДІМ.

ЕСКІ АЙДА ЕСІРКЕДІҢ

ЖАҢА АЙДА ЖАРЫЛҚА

«…Алғашқы адамдар Айды, Күнді, жұлдыздарды немесе табиғат құбылыстарын жанды зат есебінде санап, өздерінің тағдыры, болашағы, істеген ісінің сәтті немесе сәтсіз болуы солардың мейірбандылығында деп ұққан. Бұған мысал дінге сенуші қарттардың жаңа Ай туғанда: „Ай көрдім аман көрдім, баяғыдай заман көрдім. Ескі айда есіркедің, жаңа айда жарылқа“ – дейтіні дәлел бола алады». (С. Мұқанов, 77.43-б.).

Халқымыз көне заманнан келе жатқан жоралғы бойнша, өткен күндеріне шүкіршілік, тәуба етіп, болашақ күндерден көп үміт күткен. Сол сенім бойынша жаңа туған айға қарап, алақан жая отырып, жоғарыдағы төрт жол өлеңді қайталап, алдағы өмірлеріне жақсы тілек, лебіздер айтып, бата қайыруды дәстүрге айналдырған. Сол дәстүр әлі де ұмытылмай келеді.

АЙ ҚЫРЫНАН ТУСА, АЙБАЛТАҢДЫ САЙЛА,

АЙ ШАЛҚАСЫНАН ТУСА, КҮРЕГІҢДІ САЙЛА

«…Онан соң:

Ай қырынан туса, айбалтаңды сайла,

Ай шалқасынан туса, күрегіңді сайла,

деген де мақал бар. Бұл ертеректе, шапқыншылық заманда шық-қан мақал. Ай қырынан (тігінен) туса, жаз шыға бастайды, жорыққа аттану да көбейеді. Ал шалқасынан туғаны қыстың белгісі». (Х. Әбішев, 18. 36-б.).

Бұл мақалды бүгінде былайша келтіреді:

Айдың тік тұрғаны

Өзіне жайсыз, халыққа жайлы.

Шалқасынан туғаны

Өзіне жайлы, халыққа жайсыз.

Яғни, Ай тігінен туса, ауа райы шаруаға жайлы, жылы болады. Ал, Ай шалқасынан жатса, ай суық, жайсыз болып өтеді. Оны көрген адам: «Ай шалқасынан жатыр, үскірік болады десейші», – деп үрейленеді.

АЙ МҮЙІЗДІ АЛТЫ КҮН,

ҚАҺАРЛЫ КЕЛСЕ – ҚАТТЫ КҮН,

ҚЫРЫНА АЛСА – ҚЫРЫҚ КҮН

«Кейбір жылдары, мысалы ақ қоян жылы қыс қатты болып, көпке дейін күннің сағы сынбай тұрады. Малға жайсыздау тиетін мұндай кездегі амалды „ай мүйізді алты күн, қаһарлы келсе – қатты күн, қырына алса – қырық күн“ дейді». (Н. Уәлиұлы. 9.).

Бұл қыс мезгілінде, әсіресе ақпан айында келетін қарлы-боранды амалдың бірі. Бұл амал кей жылдары ақпаннан наурызға дейін созылып кетеді. Қыс қатты болған жылдары жұтқа ұрындыруы мүмкін.

АЙНАЛАЙЫН

«Көңіл хошын білдіретін осы бір сөз көне заманғы салттан қалған, бұл салт бойынша науқас адамды емдеу үшін оның басынан бір нәрсе айналдыратын, сонан соң оны – мал болса, соятын, зат болса, кедейлерге садақаға беретін болған», – деп жазады да (Ә. Диваев – К.О.), дәлелі ретінде Будаговтың сөздігіне сүйенеді…

Бұл жерде автор бұрын аурудың басынан айналдырып әкетілген малды не затты садақа етіп берудің болғанын меңзейді, расында да «айналайын», «садағаң кетейін» деген сөздер, сөз тіркестері осындай әдеттен туған болса керек». (Ф. Оразаева, 30.27-б.).

Сол мал сияқты айналып, садағаң болайын деген ойдың қысқарған мәні. Бүгінде бұл сөз тіркесі еркелету, ерекше жақсы көру мағынасында ұғынылады. Қаратпа сөз ретінде де айтылады.

АЙЛЫАДЫР

«Айлыадыр (Айдадыр) – Маңғыстау қазақтарының тіліндегі Түрікменстанның, сондай-ақ түрікмендердің атауы.

«…Елдің арты – Айладыр.

Айладырды аударып,

Маңғыстаудың қара ойын

Адай халқы жерлеген…»

(Сәттігұл «Досан батыр»).

Түрікменстан территориясының негізгі бөлігін құмды жертараптар (ландшафтар) алып жатыр, сондықтан да түрікмен тілінде құмға қатысты жағырапиялық атаулар көп. Маңғыстаулықтар бархан деген құмды бедердің қазақша баламасы болмағандықтан, оның сыртқы пішініне қарап «айлы», «айпішінді» деп, ал жалпы құм бетінің ойлы-төбелі тегіс еместіктерін қатты тілімделген «адырларға» балап, тұтас аймақты «Айлыадыр» деген поэтикалық атаумен атаған». (С. Қон-дыбаев, 9. 6.10.1994.)

Бархан деген сөздің орнына «айлыадыр» деп қолдануға болатын сияқты.

АЙ ТОЛҒАНЫН БІЛМЕС, ЖІГІТ БОЛҒАНЫН БІЛМЕС

«Жырау соңында жүрген кісі Айға көзі түсіп кеткенде:

Ай толғанын білмес,

Жігіт болғанын білмес, —

деп айдың ортасы болып қалғанына, уақыттың тез өтіп бара жатқанына таңырқайды. Ай 15-інде толып, одан кейін орталап, кеми береді.

…Ортасы (15-і) кезінде Ай тура күнге қарама-қарсы тұрады да, бізге толған Ай болып көрінеді. Міне, сондықтан бұл мезетте – Айдың 15-інде Күн де батады (ұясына қонады), Ай да туады. Күн батып бара жатқанда, Ай туып келе жатады, сонда оның шарасы толық болады». (Х. Әбішев, 18. 37-б.).

Өмір өткінші, айдың қалай лезде өткенін, құлдыраңдап ойнап жүрген баланың қалай ер жетіп, азамат, жігіт болғанын аңғармай да қаласың дегенге меңзейді.

АЙЫБЫНА – МЫНАУ,

ҚИЫБЫНА – МЫНАУ

«…Сондай-ақ, „айыбына – мынау, қиыбына – мынау“ деген фра-зеологиялық тіркес те кездеседі. Сөйтсек, мұндағы „айыбы“ – материал да, „қиыбы“ – моральдық шығын екен. Демек, мұнымыз „материалдық – моральдық шығын“ дегеннің қазақы нұсқасы болып шығады». (Н. Уәлиев, 9.).

«Бөлтірік шешен Сыпатай батырға бұрылып:

– Батыр, келген шаруаңызды айта отырыңыз! – дейді. Сонда Сыпатай батыр:

– Бөлтірік батыр, келген жұмысымды айтайын. Өрістегі екі биемнің жоғалғанына бес жыл болған еді. Сол екі биені сенің Жантүгел туысқаның ұрлапты. Жақында біздің екі жылқышы келіп, ауылыңның жылқысының ішінен танып алып келді. Сол екі биені сенің көзіңе көрсетіп алайық деп жетектей келдік – әне, байлаулы тұр, – дейді.

– Батыр-ау, маған не қыл дейсің? – деп құрақ ұшады Бөлтірік.

Сыпатай батыр:

– «Өзің үшін туыпсың, елің үшін күйіпсің» деген сенің өз аузыңнан шыққан сөз емес пе? Екі биенің бес жылдан бергі өсімін есепте, айып-қиыбын қосып, бір үйір жылқыны алдыма тездетіп саласың! – деп қаһарланыпты». (Бөлтірік Әлменұлы, 20.71-72-б.).

Жоғарыдағы екі мысал бір-бірін толықтырып, айып-қиып деген сөздің бүгінгі материалдық-моральдық шығын екенін айқын жеткізіп тұр.

АЙЫРЫЛАР ДОС ЕРДІҢ АРТҚЫ ҚАСЫН СҰРАЙДЫ

«Қазақы ерде алдыңғы және артқы қас болады. Алдыңғы қас ілгері қарай сәл кергітіп, тіктеу қойылады. Артқы қасқа қарағанда сәл биіктеу келеді. Артқы қас сәл аласа, үсті кең. Ұялы, орнықты, шалқақтау қиылған. Қастың міндеті көп. Бәрінен де үстінде отырған адам не алға, не артқа оқыс лоқып, сыпырылып түспеуі үшін қажет. Әсіресе, артқы қастың орны бөлек. Оның қасиетін «Айырылар (айыр-ылысар) дос ердің артқы қасын сұрайды» деген мақал дәлелдейді. (Ж. Бабалықұлы,23.).

Ер бөлінбейтін бүтін бұйым. Ендеше бөлінбейтінді бөлеміз деп, «ердің артқы қасын сұрағаны», достықтан кетісеміз дегені.

АҚ БАТА, ҚЫЗЫЛ ҚАН

«Дәстүр бойынша, алдымен ақ жол тілеп, құдалық берік болу үшін бір мал шалынады. Оның бауыздау қанына қол батырып, бата бұзбауға серттеседі. О баста бауыздау қаны құйылған бата аяққа екі жақтың сөзін сөйлейтін бас құдалар найзаларының ұштарын батырып, қаннан дәм тату арқылы жүзеге асырылған бұл ырым «қанға қан қосылды, енді туыс болдық» деген ишаратты білдірген». (Х. Арғынбаев. «Қазақ халқындағы семья мен неке», А., 1973, 184-бет). Тіліміздегі «Ақ бата, қызыл қан» деген сөз оралымында осы салттың жаңғырығы сақталған. Сондай-ақ, құда арасында реніш, кикілжің туса, не уәде бұзылса, «Сендерге не болды? Ақ бата, қызыл қан шығарған құда емессіңдер ме?» – деп басу айту да көнеден келе жатқан сөйлеу үлгісі. Дәулетіне қарай күйеу әкесі бата аяққа бата арнап, бір жылқы не түйе, болмаса түліктерді бір-бір тоғызға толтырып береді. Мал бауыздалғанда бата берген құда «бауыздау құда» деп аталады». (Б. Әлімқұлов, 21.).

АҚ ҚОЙДЫҢ КЕЛДЕСІ,

ҚАРА ҚОЙДЫҢ КЕЛДЕСІ,

МЕН ҚҰДАЙДЫҢ ПЕНДЕСІ

«Үлкендерден естуіміз: қазақтар ертеректе (шамасы XVIII ғасырға дейін болса керек) намаздың шартын, дұғалықтарын білмеген шақта, намазға „Ақ қойдың келдесі (басы), қара қойдың келдесі, мен құдайдың пендесі“ деп жығыла берген». (С. Мұқанов, 77.50-б.).

АҚ ТҮЙЕНІҢ ҚАРНЫ ЖАРЫЛҒАН КҮН

«Кеудесі алтын сандық Күләнда Бөкешова апамнан:

– «Ақ түйенің қарны жарылған күн» деген сөз не мағына береді? – деп сұрадым.

– Жалпы қай малды алып қарасақ та, сүйегінен сылып алынған сұрып еті өз қарнына түгел сыйып кетеді екен. Үйірлеп жылқы, табындап сиыр ұстаған ауқатты отбасы майды түйенің қарнына жинайтын болған. Сонда оның ішіне қанша май кететінін өздерің-ақ жобалай беріңдер. Күнделікті пайдаланатынын бөлек ұстап, түйе қарынды мұздай жерде мұртын бұзбай сақтаған.

Сол шаңырақта торқалы той боларда көрші-көлем жиналып:

– Бәйбіше, ел болып асыға күткен ертеңгі қуанышта ақ түйенің қарны жарылатын шығар? – деп қолқа салатынға ұқсайды.

Қарынға пышақ тигізу рәсімін де ауылға беделді аналар атқарған. «Ақ түйенің қарны жарылған күн» деген сөз осыдан қалса керек, – деп әңгімесін аяқтайтын әр сөзі бір қаралық қайран апам». (Қ. Әбіл, 31. 30.07. 2008.).

 

«Ақ түйе – қазақтың көне салты бойынша, ерекше үлкен жиын-той салтанатта сойылатын түйені ақ түйе деп атаған.

Сең жүреді көктемде астан-кестең,

Ақ түйенің бауырын арқан кескен.

Ұлы күні ұлыстың бас қосқанда,

Өлеңіңді айт, құрбыжан, қатар өскен, – деп қазақтың қара өлеңінде айтылатындай, қазақтар өздерінің қуанышты күндерін «ақ түйенің қарны жарылған күн» деп айтқаны белгілі. Қарық боп қалды, ит басына іркіт төгілді. Ақ жарылқанып қалдық деген сөздер осындайда айтылса керек». (Д. Төлебаев, 9.)

«Ақ түйенің қарны жарылды» – айрықша, ерекше күн, көптен күткен той, ұлы оқиға деген мағынаны береді.

АҚПАНДА КҮН АТ АДЫМ ҰЗАРАДЫ

«Ақпан аяғында аяз айылын жиып, қыс қаһарынан айырылады. «Ақпанда күн ат адым ұзарады» (мәтел). (Ж. Кейкін, 42.153-б.).

Бұл сөз тіркесінің толық нұсқасы «Қаңтарда күн қарға адым, ақпанда ат адым ұзарады» болуы керек. Иә, күн мен түннің ұзақтығы желтоқсан айының 22-сінде теңелетіні белгілі. Ал желтоқсанның 23-інен ары қарай күн жайымен ұзара бастайды. Содан қаңтар айында аздап, секондтап ұзара түскен күн ақпан айында минуттап, белгілі дәрежеде ұзарып, айқын байқалады. Халқымыз күннің осы ұзаруын бейнелі түрде бере білген.

АҚПАН-ДАҚПАН АЛТЫ КҮН,

АЯЗЫМЕН ЖЕТІ КҮН

«Ал, біздің жақта (Батыс Қазақстан – К.О.) ақпан – осы ақпан айында келетін бір амал. Себебі, „Ақпан-дақпан алты күн, аязымен жеті күн“ дейді. Бұл жеті күн нағыз қыс ортасында келеді. Бұл күндері қар жауып, жел тұрып, боран, бұрқасын болады, аяз күшейеді». (Р. Құдайбергенов, 9. 21. 02. 1990.).

«Он бір тоғыстағы (16.12 – 11.01 күндері) қаңтардың қарлы бораны деген амалдан соң, тоғыз тоғыста (12.01 – 8.02) өтетін аязды күндерді ай мүйізді алты күн немесе ақпан-тоқпанның (дақпанның) аязы деп атайды (орыстарда бұл аязды күндер „крешенские морозы“ делінеді)». (Н. Уәлиұлы, 9.).

Ақпан айында өтетін алты-жеті күндік аязды күндерді айтады. Оны халқымыз ақпан-тоқпанның аязы дейді.

АҚСАҚ ТЕМІР КӨРЕГЕН,

АУЗЫН АЙҒА БІЛЕГЕН

«Елдің даңқын ері шығарады, ердің даңқын елі шығарады» деген ғой. Оның атақ-даңқын аспанға көтеруіне сүбелі үлес қосқан Әмір Темір. Ол басына кесене салып (Қожа Ахмет Иассауи мавзолейі – К.О.), Қожа Ахметтің атын асқақтатты. Кесене даңқы жер жарған қатал хан Әмір Темірдің атына «көреген, ақылды» деген сөзді қосты. Ел арасында «Ақсақ Темір көреген, аузын айға білеген» деген нақылды тудырды.» (М. Жылқайдарұлы, 11. 19. 09. 1999.).

«Темір есіміне „көреген“ сөзінің неге жалғанғанын білесіз бе?! Түркі елінің тегеурінін дүниеге ең соңғы рет мойындатқан Әмір Темір тек алысты болжағыш талантты қолбасшы ғана емес, ол ғажайып түс көргіш, көрген түсін қатесіз жори алатын әруақ қонған киелі адам болған. Сондықтан да „Әмір Темір“ есімі соңынан „көреген“ деген қосымша лақаб жалғанған. Бұл әдеттегі әдебиетте айтылып жүргендей Шыңғыс хан ұрпағынан қыз алған соң тағылған „жезде, не күйеу“ мағынасын білдіретін титул ғана емес». (Х. Көктәнді, 45. 6-б.).

Ол да Шыңғысхандай «аузын айға білеп», бүкіл дүние жүзін жаулап алуды көкседі. Дегенімен, жаулап алған қағанаттың қызығын өзі де, ұрпақтары да көре алмады.

АҚСЕРКЕ МЕН ҚҰЛЖАН ӨЛІП ТЕ

ТАРАҚТЫ ЕЛ БОЛҒАН

«Байғозы өлгеннен кейін де Тарақтыдан батырлық үзілмеген. „Ақсерке мен Құлжан өліп те Тарақты ел болған“ дейтін мәтел бар. Оның мәнісі былай. Тарақтылар орыс отаршылдарына қарсы ұлт-азаттық күресіне белсене атсалысқанын тарихи фактілер растайды. Алғашқыда олар Саржан Қасымовтың, кейін Кенесары ханның қозғалысын қолдайды. Шамамен, 1830 жылы Тарақты Ақсерке мен Құлжан (Байғозының немересі) және Тоқа Бәйтелі батырлар мың қолмен Шоңның Қарағашы деген жерде (Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданының бұрынғы „Рассвет“ совхозының маңы) полков-ник Шубиннің солдаттарымен соғысады. От қарулы отаршыларға төтеп бере алмаған көтерілісшілер көп қырғынға ұшырайды. Сол соғыста Ақсерке мен Құлжан батырлар шейіт болады». (С. Арынұлы, 9. 11—17.06.2015.)

Бұл мәтел ел арасында кейде «Ақсерке, Құлжан өліп те ел болғанбыз» деп ықшамдалып айтылады.

АҚТАБАН ШҰБЫРЫНДЫ

АЛҚАКӨЛ СҰЛАМА

«1724—1725 жылдары жоңғар феодалдарының шапқыншы әскерлері Сырдария алабындағы отырықшы егінші ауылдар мен қалаларды ойрандап, Қазақ хандығының астанасы Түркістан қаласын және Қазақ хандығына қарасты Ташкент, Сайрам, т.б. қалаларды басып алып, талан-таражға ұшыратты және қиратты…

Жасанған жаудың тұтқиылдан жасалған жойқын жорығынан есі шығып, бас құрып тойтарыс беру мүмкіндігінен айырылған қазақтар тоз-тоз болып жосып, Сырдария өзенінің ар жағына өтті. Орта жүз бен ұлы жүз қазақтарының бір бөлігі Шыршық өзенінен ары кетті. Қазақтардың біразы Алқакөл маңынан Бұхара мен Самарқанға қарай ағылды. Ал кіші жүз қазақтары Сауран қаласын айналып, қазіргі Шиелі, Қызылорда тұсынан Хиуаға қарай беттеді.

Бұл ауыр оқиға қазақ тарихында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп аталады. Мұның былай аталуы: жаудан қашып жаяу шұбырған қалың қауым әрі болдырып, әрі ашаршылықтан бұралып, Алқакөл көлінің жағасына келіп сұлап жатқанда, көп ішінен бір ақсақал шығып: «Адам баласы өмірде көрген жақсылық пен жаманшылықтың бәрін ұмытпауы керек. Біз осы көрген күнімізді не деп атасақ болар?!» – деп сұрапты. Сонда тағы бір қария орнынан тұрып: мұның аты: «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» болсын депті. Мұның мәнісі: атамекен, мал-мүлкінен айрылып, жаяу-жалпы, аш-жалаңаш босқан ел шұбыра-шұбыра табаны ағарып, азып-тозды деген сөз екен». (М. Қани, 55. 273-б).

«Алқакөл – Қызылорда облысының солтүстік-шығысында орналасқан Телікөлдің бұрынғы тарихи атауы («ҚСЭ», 7-том, 84-бет). Қазақ тарихында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген қанды қырғын дәуірді білмейтін адам кемде-кем. Қалмақ ойранынан босып, Қаратау асқан халықтың келіп тізе бүккен жері осы көлдің жағасы делінеді.

Алқакөл – қанды қасіреттің ғана емес, ел ішіндегі алауыздық пен жеңілістердің халық есінде қалған жалғыз нышаны, сол сияқты екі ғасырға созылған кейінгі бодандықтың да рәмізі болып табылады». (С. Қондыбаев, 9. 6.10.94.)

Айналасындағы бүлінген, астан-кестеңі шыққан дүниені бейнелеп айту үшін адам осы сөз тіркесін қолданады.

АҚ ҮЙ АМАНАТ

«Тарихымызда „Ақ үй аманат“ берген екен деген сөз бар. Жаугершілік замандарда екі жақ мәмілеге келіп, бітімгершілікке тоқтағанда, осы салт біткен істің айғағы ретінде жүрген. Мұндайда кінәлі жақ жеңілгенін мойындап, бар сән-салтанатымен, дүние-жиһазымен ақ үй аманат әкеліп тапсырған. Ол тек жеңілгендіктің айғағы емес, жеңген елді мойындаудың, ендігі татулықтың кепілі деп саналған. Оны бұзу – үлкен күнә болған». (М. Жақып).

«Бөгенбай батырдың жоңғарларға күйрете соққы беріп, қазақ елін түбегейлі жеңіске жеткізген айқас 1750 жылы Аяқ деген жерде болып, жоңғарлар жеңілгендіктерін мойындап, қазақ батырларына ақ отау тігіп, ақ тұлпар шалып, достық нышаны ретінде сойылған тұлпардың басын тартып, бұдан былай қазақ халқымен жауласпау шартына қол қойған келісім жасалады. Сөйтіп, қазақ халқы ғасыр бойы созылған күресін жеңіспен аяқтайды». Ғ. Баталов, «Өзімді өзім тани білсем…». Алматы, 2001ж,134б.

Жоғарыдағы екі мысалдан байқағанымыздай, жауласқан екі елдің бітім, келісімге келіп, «Ақ үй аманат» деп үй орнатқаны – жою мен құртудың емес, құрудың, өсіп-өну, ортақтасып үй тұрғызудың, достық пен бейбітшіліктің ескерткіш рәмізіндей көрінеді.

Осы орайда жеке адамдарға байланысты мына бір салтты да еске түсіре кетейік: сол ескі замандарда жеңген жаудың алдына барып, белдікті мойынға салып, тізерлеп тұрып сауға сұрайтын жоралғы да болған.

АҚЫЛ – ЖАСТАН, АСЫЛ – ТАСТАН

«Сырым батыр Тайбөрі көлі (Қақпақты көлі) суының қадір-қасиеті мен бағасына бірде-бір өзен-көлді теңестірмесе керек. Көл бара-бара суалып, ел баласына сусын керек ететін күндер болар деп жорамал жасап, оның суының нәрін молайта түсуді мұрат тұтады. Осы ойын іске асыру үшін сонау Ойылдың бір қалтарысынан бөгет салып, су арнасын Тай бөріге бұрып жіберуді көздейді. Су бөгетке тіреліп, Ойыл өзенінің қалтарысындағы су деңгейі көтеріледі. Осы сәтті оңтайлы пайдалана білген Сырым бабамыз бөгеттен елу шақырымдай жердегі биік орналасқан құмақ жерді жырып жібереді. Осы кезде жаңа арна пайда болады. Оның атауын ел Жарыпшыққан деп атаған. Міне, дәл осы Жарыпшыққан арнасы Тайбөрі көлі суының тартылып кетуінен қорғаған.

Сырым батыр бұл бөгетті 1797 жылдың көктемінде тұрғыза бастайды. Сол мезгілде су тасып кетіп, бөгетті тұрғыза алмай амалдары таусылып, қиналған сарбаздарына Сырым ойнап жүрген ауылдың бір топ балаларын нұсқап: «Не айтып, қандай ойын ойнап жүргендерін біліп кел», – деп бір сарбазын жұмсапты.

Көп кешікпей жіберген сарбазы балалар да тасқын суды бөгей алмай, «Шым сал да – құм сал, құм сал да – құрым сал», деп дау-рығып ойнап жүргендерін айтады. «Ақыл – жастан, асыл – тастан» деген емес пе. Біз де солай жасауымыз керек деп бұйрық берген екен. Елден құрым киіз, ағаш үйдің ескі туырлықтарын жинатып, бөгет салу ісіне кіріскен. Міне, бөгеттің негізі осылай тұрғызылыпты. Содан бұл «Сырым бөгеті» аталып кеткен». (Т. Құсайн, Ж. Шөжеғұл, 31. 26.11.2014).