Free

Қызыл кітап

Text
Mark as finished
Font:Smaller АаLarger Aa
 
Жоқ боп кетті
Əдемі теке мүйіз,
Айғыр жалды көгілдір жылқы киік!
 
 
Қара жерді жылатып,
Еңіретіп
Кетті солай дронттың өмірі өтіп.
Екі ғасыр бұрын біз
Ең ақырғы
Су сиырды өлтірдік мөңіретіп.
 
 
Қызыл-жасыл,
Зер өңді,
Қалайы түр
Тотылардың музейде талайы тұр.
Адамдардың алдында
Ақырғы рет
Ышқынды да
Көз жұмды жабайы тур.
 
 
Осыны айтсаң,
Күрсініп,
Тоқтайды жел.
Өкініштің мылтығын оқтайды шөл.
Солқ-солқ етіп жылайды
Опат болған
Перзенттерін еске алып,
Жоқтайды жер.
 
 
Одан көріп,
Ақыры бұдан көріп,
Таласқаннан не таппақ құлан, керік?!
Жоғалтқанды жоқтаған жөн болғанмен,
Жоғалтпаған жақсырақ одан гөрі!
 
 
Отыра алмас ұл шыдап,
Қызың шыдап.
Жоғалғандар тізімі – ұзын шұбақ.
Қызыл кітап –
Мезгілсіз кеткендердің
Бастарына қойылған қызыл шырақ!
 
 
Келеді кез,
Күрделі біздің бұл кез!
Жаутаңдайды адамға түзде мың кез,
Қызыл кітап –
Опат боп кеткен аңның,
Бастарына қойылған қызыл күмбез.
 
 
Қашқан кезде адамнан
Ізін қандап,
Тау ешкісі өтеді құзыңды аңдап.
Қызыл кітап –
Тірі жан тимесін деп,
Хайуанатқа берілген қызыл мандат.
 
 
Баяғыдай көбінің халы бірақ –
Мойындарын үзеді əлі бұрап.
Қызыл кітап –
Бұл өзі қызық кітап:
Тысы жұқа,
Астары қалыңырақ!