Free

Күйші

Text
Mark as finished
Font:Smaller АаLarger Aa

V



Осылай өте берді талай күндер,

Шертілді шер шығарған талай күйлер.

Айрылып тоқсан күйден қалды күйші,

Бір-ақ күй билеп алып күндер, түндер.

Пәлен деп бастаса да мынау күйлер,

Сындырап өзге жаққа саусақ билер.

Айналып қыздың күйін қылмыңдатып,

Қалмайды бастап тартқан күйден сүлдер.

Бір-ақ күй – қыз күйігі Қарашаштың,

Ханыша есін алып есіл жастың,

Күйшінің көңілінен соққан дауыл,

Лақылдап жүрегінен тасқан тасқын.

Шерткені – сандырағы қызға мастың,

Қызығу алмасына алма ағаштың.

Айрылып тоқсан күйдің торабынан,

Қаңғырған өзге жақга бұл бір қашқын.

Егерде «Домбыра ал!» деп айта қалды:

Бір күйді бас-аяғы қайталайды.

«Ой, бауырым!», «Ақсақ құлан», «Қос келіншек»

Сандырап мұның бірін тарта алмайды.

Тартпайды даңғыл күйді, тайқалайды,

Сүзгілеп өзге бір күй анталайды,

Жүрегі қолын қағып қыз жетелеп,

Кеткенін өзі қайда байқамайды.

Тайпалып жорға болып салдырған күй,

Мейірін тыңдағанның қандырған күй.

Тартқанда зарылдатып, сұңқылдатып,

Аққуды аспандағы қондырған күй.

Лапылдап, мұз көңілді күйдірген күй,

Балқытып мұз жүректі сүйдірген күй.

Тасытып тас емшекті тағдыр болған,

Бота боп нар інгенді идірген күй.

Қажытып қам көңілді жылатқан күй,

Бекітіп жылағанды жұбатқан күй.

Пәлен деп бірауыз сөз айтпаса да,

Әркімнің өз көңліне тіл қатқан күй.

Жорға күй жолда шаңы бұрқыраған,

Жалын күй көкке шапшып лыпылдаған.

Кәріні бала қылып ойнатқан күй,

Бұлақ күй сусағанға сыңқылдаған.

Тәтгі күй, құмарлық күй сылқылдаған,

Ауыру асық дертпен ыңқылдаған.

Домбыра Қарашашты қайыстырды,

Бір тілмен ертеңді-кеш қыңқылдаған.

Соққан жел айдын көлді шайқамас па?

Мүмкін бе күйдің, тілін байқамасқа?

Құршына қыз кұлақтың қақсай-қақсай,

Домбыра өз арманын айта алмас па?

Ап-анық күйдің тілі Қарашашқа,

Күй өткір ақ алмастай түскен тасқа.

Мысқалдап қыз көңіліне ауын жайды,

Қалмады ханышаға құламасқа…

Ханыша анда-санда шерттіреді,

Ол-дағы екі ішектен өрт тіледі.

Қоймады домбыра да сарнай-сарнай,

Ішіне Қарашаштың дерт кіреді.

Қарашаш зеріккенде тартгырады,

Қағынтып, жындандырып, қақтырады.

Сорлыны қалшылдатып күй безгегі,

Күйшіні қара терге баттырады.

Тартгырып, іші пысса күй тыңдады,

Күй шіркін ылпылдады, бипындады.

Күйшінің ауыруы күйден жұғып,

Жыбыршып ханыша да құйтыңдады.

Дәмденіп шерлі күйі сылқылдады,

Жалынған жалынды бір жыр тыңдады.

Жыбырлап, сыбырласып бір тәтті күй,

Ханыша домбырадан сыр тыңдады.

Белгілі ханышаға күй мазмұны,

«Қызық бар, қыз қызықтар» деген тілі.

Ойға айдап, ханышаны қырға қуып,

Әкетгі қызды қағып күйдің жыны.

Тартылған бір тәтті күй күні-түні,

Қытықгап ертеңді-кеш күйдің үні.

Бірде бал, бірде шарап кезек беріп,

Жуып жүр қыз жүрегін күй сылдыры.

Ол-дағы екіленді домбыраға,

Домбыра қақсай бермей болдыра ма?

«Тартпа!» деп күйді кейде тоқтатады,

Өйтпесе ышқынған күй оңдыра ма?..

Жынды күй жылыта ма, тондыра ма?

Көшіріп қыз көңілін қондыра ма?

Қаһарлы ханышадан көлеңке жоқ ,

Ала өкпе болды, кетті ол бір бала.

«Тарт! Тарт!» – деп алағызып кейде шалқып,

Күй тыңдап отырады бойы балқып.

Қызықгап қиялымен күйге толқып,

Уһлеп кейде шерін іштен сарқып.

Сапылдап кейде көңілі көлдей толқып,

Асқақтап, кейде сөйлеп, желе жортып.

Түйткілді әлденені ойға алғандай,

Ышқынып өз-өзінен кейде қорқып.

«Апырмай, неткен жігіт күйі тәтті?

Күй бар ма екен күйігі мұнша қатты?

Өмірдің бар қызығы домбыра екен!

Жалмап жеп жүрегімді қайда тартты?.

Күй тәтгі-ау… Көк балбырап, күн мұнартты,

Күңгірт не? Көлеңкені күн ұзартты…

От алды Алатауды, кеш кірді-ау күн…

Әлде күн, әлде көкті күй қызартты?

Маймыл ма, саусақтары неткен епті?

Осындай тәтті күйді қайда шертті?

Міндіріп домбыраға ап кеткендей,

Күй шіркін көкке ұшырып кетсе нетті?

Бұлақ па мынау күйі сылдыр етті,

Барады жүректегі жуып дертті.

Егіліп қайыршақтай жұмсардым ба,

Қайратым қара тастай қайда кетті?

Беу шіркін, таудың күйі, тастың күйі!

Құмартқан бір нәрсеге мастың күйі.

Сылқылдақ міне бір күй тым тәтгі екен,

Қосылып қызықтаған жастың күйі!

Соғады кейде суық мұздың күйі,

Мұз жатқан қарлы Алатау, құздың күйі.

Осы-ақ қой, жаза басып, жаңылмасам…

Толғанған жар сағынып қыздың күйі!

Беу жаным жігіт екен! Бағлан торы!

Безектеп не қылмақшы мынау қолы?

Есіл ер хан боп неге тумады екен?

Қарадан неге туған, алда сорлы?

Түу шіркін! Мынау бір күй неткен оңды!

Балқытгы-ау, ішіме бір жылу толды.

Хан ием тағында ағар, мұны берген!

Бұлбұлым, бұл байғұзым, күйшім болды!

Бұл сорлы Дулат па екен, Үйсін бе екен?

Күйшім боп өміріне жүрсін бе екен?

Сүйкімді, жігітгің бұл бұлбұлы ғой,

Қарашаш осыған-ақ тисін бе екен?

Бұ сорлы күйді неге үйренді екен?

Күйата бұған дарын жүрген бе екен?

Қарашаш мұны қалап алдым десе,

Хан Кене намыстанбай ти дер ме екен?

Жок, болмас! Ауырдым ба, жындандым ба?

Қараға хан затымды былғармын ба?

Бұл менің басыбайлы бір маймылым,

Тиюге енді маған құл қалды ма?!

He болды? Ауырдым ба, жындандым ба?

Жоқ әлде түңлік жауып, ұрлармын ба?

Төсіме құл басымен шықса мынау,

Сүйекке кетпес таңба ұрмаймын ба?

Қарайтып хан басымды итіме исем,

Аузыма тас толмай ма мұны сүйсем.

Сұлтандай сүйегімді сындырмаспын!

Өзіме өз ауруым, жансам-күйсем…

Аузыңа сорлы бейбақ ерік берсең,

Айтқанын домбыраның сөйлеп көрсең!

Алмадай, басыңды алып алдаспаным,

Жазаңды не істеген біліп өлсең!

Соқ жігіт! Соқ! Соқ! Жігіт! Күйіңді тарт!

Тоқтатпа, «Тарт!» дегенім – қылғаным шарт!

Толғауы тоқсан күйдің бір-ақ күй бар —

Сылқылдат! Бастыр! Бастыр! Қадалт! Қадалт!

Соқ жігіт! Соқ! Соқ жігіт! Күйіңді тарт!

Лапылдат! Жандыр! Күйдір! Құмарт! Құмарт!

Безілдет! Сарнат! Зарлат! Үздіктірші!

Керек жоқ! Лақтыр әрі! Қысқарт! Қысқарт!

Ханыша осылайша ауырғандай,

Аһласа, кейде демі тауды ұрғандай.

Жатады күйді тыңдап кейде жылап,

Жастыққа жылы жаңбыр жаудырғандай.

Қояр ма жалын күйге жан жынданбай,

Бей-жай боп жалғыз өзін жау қуғандай.

Еріксіз домбыраны тыңдай-тыңдай,

Қалады айдалада қаңғырғандай…

Күңде күй, күнде думан қыз алдында,

Ханыша ішін жармай, өз салтында.

Төпелеп домбырасын күйші де жүр,

Күйімен жұдырық қып хан артында.

Оңаша ханышайым отауында,

Отауы оңашалау орта ауылда.

Үстіне рұқсатсыз жан кірмейді,

Жалғыз-ақ домбырашы жатады онда.



VI



Артында келе жатқан орыс барда,

Аулына Кене ханның қоныс бар ма?

Бұл жерде бүгін болса, ертең де жоқ,

Сақ болып тиетін жау, соғыстарға.

Су қатып, сүңгі тұр